Спортқа бетбұрған жастардың дені кезінде атақты саңлақтардың жемісті де, жеңісті жолына қарап, қызығушылықпен келгендер. Жас буынның алдыңғы толқынға еліктеуі – заңдылық. Алайда табысқа жетудің жолы оңай емес. Ол үшін ұзақ уақыт және табандылық қажет.
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде өткен кездесуде Қазақстан Республикасының еңбегі сіңірген жаттықтырушысы, Дене шынықтыру және спорт қайраткері, қауымдастырылған профессор Нұрлан Ақүрпеков, Қазақстан Республикасының еңбегі сіңірген жаттықтырушысы, Құрметті спорт қызметкері Ғалымжан Джылгелдиев, Рио 2016 олимпиадасының күміс жүлдегері, Токио олимпиадасының қола жүлдегері Елдос Сметов жастарға осыны айтты.
Дулати университетінің Өнер және спорт факультетінің Дене шынықтыру мен спорт теориясы кафедрасы ұйымдастырған кездесу студенттерге серпін бергені анық. Қалай десек те, Жамбыл өңірі емес, бүкіл елдің мақтанына айналған өз ісінің шеберлерінің спорттағы жолы – жастарға үлгі.
Мақтан тұтар спортшы, жетістіктері көп жаттықтырушылар кездесуде спорттағы өмірі жайлы әңгіме қозғады. Жарыстар кезінде кездесетін. жастарға серпін берер қызықты жайттарды қозғады.
– Кәсіпкер болғысы келгендер – мықты, табысты бизнесмендерге, спортты таңдағандар – чемпиондарға, қаржы саласындағылар – іскер қаржыгерге, басқа кез келген мамандықтың тізгінін ұстағандар өзінен бұрынғылардың еңбек жолына қарап, соны бағдар ретінде ұстанатыны белгілі. Ол дұрыс, бірақ көп жағдайда балаға мотивацияны үйде ата-анасы беруі керек. Ұл-қыздың ең басты ұстазы – әке-шешесі, — деді дзюдошы Елдос Сметов.
Студенттер жаттықтырушылар мен спортшыға қояр сұрақтары көп екен. Тіпті, оқытушылардың өзі қызығушылық танытып, көкейдегі көп сауалын жолдап жатты.
«Өнер және спорт» факультеті
Жанар Бекбергенова