A place where you need to follow for what happening in world cup

Сот жүйесінде пилоттық жобалар іске асырылуда

263

Бүгінгі күні сот жүйесін жаңғырту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар азаматтардың сот төрелігіне  қол жетімділігін аттырып, татуласу рәсімдерінің қолдану аясын кеңейтуге, сот ісін жүргізуді одан әрі мамандандыру мен цифрландыруға бағытталған.

Сот жүйесіндегі пилоттық жобалар үлкен қадаммен іске асуда, бұл жобалар сот төрелігінің бұдан да ашық, айқын әрі халық үшін қолжетімді болуына ықпал етпек.

Сот жүйесін жетілдірудің бағыт- бағдары болған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Сот жүйесінің 7 түйіні» шеңберінде жекеленген пилоттық жобалар іске қосылуда. Сот жүйесін дамытуға бағытталған жоба 7 бағытты қамтиды: «Мінсіз судья», «Үлгілі сот», «Әділ процесс», «Е-сот», «Сапалы нәтиже», «Оңтайлы орта», «Сотсыз татуласу орталығы». Бұл жобалардың негізгі ортақ міндеті қоғамның сотқа деген сенімін арттыру, қоғам мен соттар арасында тиімді қарым-қатынасты орнату.

Республикамыздың сот жүйесінде аталған жоба шеңберінде мынадай пилоттық жобалар: «Фронт-офис», «Үлгілі сот», «Түнгі сот», «Татуластырушы-судья», «Отбасылық сот», «Соттан тыс татуласу» іске асырылуда.

Сот жүйесінде ауқымды пилоттық жобалардың бірі — «Отбасылық сот» жобасы. Бүгінгі күні қоғамымызда отбасына қатысты дау-дамайлар жетерлік. Еліміздегі ажырасу деңгейін төмендету, отбасына қатысты дау жанжалдардың алдын алу, ерлі-зайыптылардың татуласуына құқықтық органның септігін тигізу және тағы басқа құқықтық мәселелерді өз деңгейінде тиімді шешу үшін «Отбасылық сот» пилоттық жобасы қажет болды. Пилоттық жобаның мақсаты —   отбасы құндылықтарын сақтау, отбасылық дауларды мейлінше татуластыру рәсімдерін қолдана отырып бітімгершілікпен шешу, балалардың толыққанды отбасында тәрбиеленуін қамтамасыз ету.

Жобаның міндеті — отбасылық жанжалдардың себебін анықтау, сот процесінің барлық сатысында тараптарға қатысты татуластыру шараларын қолдану, отбасы құқықтары мен мүдделерін, соның ішінде кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету.

Осы жобаны дамыту және нығайту мақсатымен әр ауданда «Бастау» жұмыс тобы құрылды. Бұл топтың негізгі жұмысы: отбасының мүдделерін қорғау, отбасылық ахуал мәселелерін талдау, отбасылық қатынастарды бұзуға оқталаған азаматтармен жеке жұмыстар жүргізіп, оларға әлеуметтік-психологиялық көмек берілуін қамтамасыз ету.

Ауданымызда Қазақстан Республикасының Жоғарғы сотының «Сотқа дейінгі, соттағы татуласу» пилоттық жобасын іске асыру шеңберінде «Сотқа дейінгі Татуласу Орталығы» ашылып, «Билер кеңесі» құрылды. Орталықта тұрақты түрде медиатор, АХАТ қызметкері, психолог, ақсақалдар алқасының төрағасы, бөлім инспекторы, жасөспірімдер ісі бойынша инспекторы, адвокат, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілі, «Атамекен» халықтық палатасының өкілі қызмет атқарады. Билер кеңесі мүшелерінің аудандық сотта өтетін сот мәжілістеріне қатысулары қамтамасыз етіліп, сот отырысына қатысу кестесі түзілді. Татуластыру орталығында түрлі дау-дамаймен келетін ерлі-зайыптыларға заңгер кеңес беріп, психологиялық, құқықтық қызмет көрсетіледі. Мұн-дай жұмыстар талай жұптардың некесін сақтап, отбасы құндылығын арттыруға септігін тигізеді деп ойлаймын. «Отбасылық сот» пилоттық жобасы аясында, аудандық сотта 2019 жылы отбасылық қатынастар саласындағы даулар бойынша 392 азаматтық іс түсіп, қаралып, 245 талап-арыз қанағаттандырылды. 82 іс өндірістен қысқартылды, оның ішінде 71  іс бойынша медиация тәртібі қолданылған. Әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша — 181 әкімшілік істер қаралып, 103 әкімшілік іс қысқартылған, оның ішінде 90 іс медиация тәртібімен қысқартылған.

Іске қосылған пилоттық жобалардың негізгі мақсаты сот төрелігін оңтайландыру,  соттың жүктемесін төмендету, сотқа дейінгі бітімгершілікті ұлғайту, азаматтардың құқықтарының заң жүзінде қорғалуын қамтамасыз ету.

Мақсат Мыстаев,

Шу аудандық соттың судьясы.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.