A place where you need to follow for what happening in world cup

Саудакенттің көсегесін жарқын жоба көгертеді

195
Сарысу ауданы туралы сөз қозғалса, елдің есіне бірден Саудакент ауылы түседі.  Тарихы тереңде жатқан көне де, шежірелі мекен туралы ертеден жеткен есті әңгіме де көп,  неше түрлі тарихи танымдық оқиға да аз емес.
Әңгіменің де, оқиғаның да кейіпкері – қандайда бір кезеңде ажары таймаған, базары тарқамаған ауылдың адамдары. Қай заманнан төрт түлік малын бағып,  бау-бақша салып келген Саудакенттің жасампаз жұртының нарықтық қатынастың өтпелі кезеңінде де еңсесі түспеді, алдағы күндерден жақсылық күтті.
Кейбір ауылдардан ел үдере көшіп жатқанда да іргесі сөгілмей, бүлінбей қалған мекен бұл.
Туған жер болған соң, жолымыз жиі түседі. Жаңарып, жасарып жатқан алтын бесік ауылдың шаруа баққан адамдары былтырдан бері тіпті қуанышқа кенелген. «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» қанатқақты жобасына Байқадам ауылдық округіне қарайтын іргелі ауылдың енуі – ауылдағы ағайынның көңілін аспандатып тастады.
Қандай кәсіпті қолға алсаң да оны жүзеге асыру – бірінші қаржыға тіреледі. Банктен несие алайын десе кепілге қоятын ауылдағы үй-жайыңа қаржы институттары пысқырып та қарамайтын.
Облыс бойынша жобаға енген он бір ауылдық округтің бірі – осы.
Ынтымақ-бірлігі арқасында айрандай ұйып отырған ауыл азаматтары «Небәрі екі жарым пайызбен несие беретін болыпты» деп бір-бірінен сүйінші сұрасқан.
– Біздің ауылдық округтің құрамына Саудакент сынды іргелі ауыл қарайды. Онда 984 аула бар, халық саны – 6006. Облыс әкімінің кездесуінен кейін іле-шала тұрғындарға сауалнама жүргізіліп, әрбір отбасына әлеуметтік карта әзірленді. Жобаның бес бағыты бойынша азаматтарға жан-жақты түсіндірілді.
Пилоттық жоба аясында үй іргесіндегі жерді және мал шаруашылығын тиімді пайдалануға, кооперативтерді ашуға немесе жабдықтауға, тұрғындар өздерінің кәсібін ашуға немесе ұлғайтуға сұраныс берілді.
Қазіргі таңға 315 аулаға өтінім жоспарланған . Осыдан 217 аула, 602. 0  млн. теңгеге несие қаражатын. алды. Бүгінгі таңга 72 аула 967 бас 160.9 млн. теңгеге мал сатып алды.    Алдағы уақытта ауыл тұрғындары әлі несиесін алып мал сатып алатын болады. Жане 3 жылыжайға,1 наубайханаға несие алып жатыр. Саудакент 2019 кооперативіне техника жеткізілуде. 3 трактор, тіркемелер алынуда.
Атап айтқанда, ауыл тұрғындары Айнұр Сатиева 4 300 000 теңгеге төрт сауын сиыр, екі жылқы, 31 бас уақ мал алса, Күмісхан Қауқаева да бес жылқы мен бес сиырды 4300000 теңгеге сатып алды.
Рашхан Салықов 2 260 000 теңгеге бес сауын сиыр мен он бас уақ мал иеленді.
Бірыңғай жылқы алып жатқан жеке кәсіпкерлер де бар. Мәселен Сандуғаш Тілеубаева болса 3 400 000 теңгеге – сегіз, Дана Тойжанова 3 360 000 теңгеге жеті жылқы алып, жеке кәсіп ашып, аулаларын игеруді бастады, – деді Байқадам ауылдық округінің әкімі Амантай Назарбеков.
Ауыл әкімі Саудакенттің тумасы. Осында дүние есігін ашып, орта мектепті бітірді.
Былайша айтқанда, әр шаңырақтың түтінінің қалай шығатынын жатқа біледі. Амантайдың айтуынша, үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалануға арналған бірінші бағыт бойынша 901 ауланың 118 гектар жеріне көкөніс егілетін көрінеді. Тіпті ол екі айналымда қанша гектар аулаға қандай көкөніс түрлері мен бақша өнімдері егілетініне дейін тарқатып баяндап берді.
Екінші, мал шаруашылығын тиімді пайдалану бағыты бойынша да хабардар етті. Үшінші, төртінші және бесінші бағыт бойынша да қолға алынып жатқан шаруаға риза болдық.
Қай көшеде де, қай аулада да қора-жайын қамдап, бау-бақшасын ретке келтіріп жатқан ағайынның тірлігіне сүйсіндік. Ауылдықтар не нәрсенің де парқын біледі, жақсы түсінеді.
Оның үстіне шыдамды да, сабырлы келеді.
Әрбір заманның, қайбір кезеңнің болмасын кездесіп тұратын ауыртпашылығы алдымен ауылға түседі. Соның бәрін еңсеріп келген ауылдың бірі Саудакент еді.
Ендігі мақсат –ұсынған мүмкіндікті мүлт жібермеу, іскерлік сынынан сүрінбей өту.
Дариха Үмбетиярова,
Сарысу ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.