Шу ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының мәжіліс залында еліміздегі Салық кодексінің үстіміздегі жылдан бастап қолданысқа енген нормаларын таныстыруға арналған семинар болып өтті. Аталмыш жиынға ауылдық округ әкімдері мен жеке кәсіпкерлер және аудан тұрғындары қатысты.
Семинарды аталмыш басқарма басшысының міндетін атқарушы Тынышхан Әрістеев ашып, биыл Салық кодексінде жеке кәсіпкерлерге қатысты бірқатар өзгерістердің күшіне енгенін тілге тиек етті. Одан кейін ауданымыздағы мемлекеттік кірістер басқармасының салық төлеушілермен жұмыс бөлімінің бас маманы Асқар Нұрбеков нақты қандай өзгерістер орын алғанына жеке-жеке тоқталып, кәсіпкерлер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Жалпы алғанда, Салық кодексіндегі өзгерістер еліміздегі көлеңкелі бизнесті жариялы түрде жүргізуге, бейресми еңбек қатынасын болдырмауға, нақты кірістерді жасырын түрде жүргізудің алдын алуға бағытталған. Бұл бағыттағы түйткілдер бойынша басқарманың салықтық бақылау және өндіріп алу бөлімінің басшысы Нұржан Тастанов баяндама жасап, жеке кәсіпкерлерге түсіндіріп берді. Сонымен қатар, жеке кәсіпкерлердің салық декларациясын төлеуі бойынша да түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Өздеріңізге белгілі, арнаулы салық тәртібін қолданатын шағын және ұсақ кәсіпкерлік өкілдері Мемлекет басшысының өткен жылғы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің кепілі» атты халыққа Жолдауында айтылғандай, табыс салығынан үш жылға босатылған болатын. Семинар барысында басқарма мамандары аталмыш жаңалықтың жай-жапсарын түсіндіріп, семинарға қатысушылардың қойған сұрақтарына жауап берді.
Ерғали АСХАТҰЛЫ