Жұма күні Жамбыл аудандық сайлауалды штабтың ресми ашылуы өтті. Партия белсенділері мен партиялық тізімдегі кандидаттар қатысқан басқосуда аудандық сайлауалды штабтың басшысы, партия аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Рүстем Қасымов сайлау күніне дейінгі аралықта үгіт-насихат жұмыстарының жоспарларымен таныстырды.
Мәселен, 2021 жылдың 10 қаңтарына дейінгі уақытта Республикалық сайлауалды штабымен келісім бойынша жасалған желілік кестеге сәйкес 113 іс-шара қамтылуы керек. Осы іс-шараларға сәйкес аудан бойынша 13450 адамды қамту көзделіп отырса, оның ішінде 73 офлайн форматтағы кездесу өткізу жоспарланған. Бұл ретте штаб басшысы Рүстем Қалмұхамбетұлы эпидемиологиялық жағдайды ескеру керектігін, барлық қауіпсіздік ережелері сақталу қажеттігін ескертті.
Сонымен қатар айта кететін жайт, партия аудандық филиалының сайлауалды штабы екі топтан құралған. Оның біріншісі, сайлаудың іс қағаздары мен ұйымдастыру жұмыстарын жүргізетін аппараттық штаб болса, екіншісі, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізетін қоғамдық штаб құрылған.
«Nur Otan» партиясы Жамбыл аудандық филиалы