Коронавирус пандемиясы шартарапты шарлап, күннен-күнге өршіп барады. Қазіргі таңда COVID-19 жұқтырғандар саны 10,5 миллионға жуықтаса, қайтыс болғандар саны 500 мыңнан асты. Күн сайын шамамен 160 мың адамның қауіпті вирустың тырнағына іліккені анықталып отыр. Ауа жайылып, үдеп бара жатқан індет қарқыны кісі шошырлықтай. Қай жағынан да оңай соқпай, құрбаны да аз болмай тұр.
Елімізде де күн санап жұқтырғандар қатары артып келеді. Осынау қиын ахуалға байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінің таралуына қарсы күрес шаралары жөнінде кеңес өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде дер кезінде жарияланған қатаң карантин шаралары уақыттан ұтып, эпидемияның қатты өршіп кетпеуіне мүмкіндік бергенін атап өтті. Өкінішке қарай, Төтенше жағдай режимі тоқтатылғаннан кейін барлық карантин шаралары босаңсып кеткенін де жасырмады.
Жиын барысында Қасым-Жомарт Кемелұлы санитарлық талаптардың сақталуын қадағаламаған бірқатар шенеуніктерге шара қолданып, ел азаматтарын қауіпсіздік шараларын барынша сақтауға шақырды.
Расында, ауруды ауыздықтау еліміздің әр азаматына байланысты болып отыр. Өйткені, әркім жеке басының қауіпсіздігін сақтаса, оның айналасындағы адамдардың да қауіпсіздігін қамтамасыз ете алады.
Жалпы, ел ішінде аурудың таралуына байланысты қауесет өріп жүргені жасырын емес. Соның бірі ауруды әуеден ұшақ арқылы әдеуі тарату жайлы дақпырт. Денсаулық сақтау министрлігі бұл ақпараттың жалған екенін ресми түрде мәлім етті. Сондай-ақ, министрлік өкілдері 30 маусымда өндірілген барлық медициналық бетперделердің тәулік сайынғы көлемі 772 мыңды құрағанын, 63 350 литр дезинфекциялау құралдары шығарылғанын айтты. Осылайша ел азаматтарын қауіпсіздік құралдарының жеткіліксіздігіне байланысты даурықпауға шақырды. Сонымен қатар, қызу түсіруші дәрі «Парацетамол» да апта соңына қарай барлық өңірлерге жеткізілетінін айтты.
Жалпы, 29 маусымдағы жағдай бойынша Жамбыл облысында коронавирустың 693 жағдайы (симптомдық) тіркелген десек, 100 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіш 59,9 пайызды құрап отыр. Сонымен қатар, 683 симптомсыз дерегі тіркелген. Бүгінгі таңда инфекциялық стационарда 272 науқас ем алуда. Ал, Үкімет 14 күнге карантин жариялау туралы жоспарын ұсынды. «Үкімет 5 шілдеден бастап 14 күнге карантин жариялау туралы (ол ұзартылуы да мүмкін) жоспарын ұсынды. Ертең Ведомствоаралық комиссияның отырысынан кейін Денсаулық сақтау министрі түсініктеме береді», деп жазды Президент. Осыны ескере отырып, барша азаматтарды өзіміздің және жақындарымыздың саулығы үшін санитарлық талаптарды сақтауға шақырамын!
Мейірғали РАКИШЕВ,
Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаменті
ЖД-158/2 мекемесі САТӘПЖ бөлімінің бастығы,
әділет майоры