A place where you need to follow for what happening in world cup

Ректор мектеп бітіруші түлектермен кездесті

2 001

Жоғары және орта арнаулы кәсіптік білім беру жүйесінде «Болашақтың мамандықтары» деген ұғым бар. Осы сөздің еңбек нарығына дендеп енуінің бірден-бір себебі – ақпараттық технологиялардың ғарыштық жылдамдықпен дамып жатқаны. Барлық салада цифрлық технологиялардың көмегімен кейбір қызмет түрлерінің автоматтандырылуы – мамандар даярлау ісіне басқаша қарауға ықпал етіп отыр.

Маман даярлау ісінде қалыптасқан көзқарасты өзгерту үшін батыл қадамдар жасап отырған оқу орындарының бірі – М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті. Осы бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстарды әрі қарай жалғастырып, тың тұжырымдар жасау үшін университеттің басқарма төрағасы-ректор Талғат Ешенқұлов эксперттік бетбұрыстарға барып отыр.

Университет ректоры бастапқы қадамды облыстық дарынды қыздарға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатынан бастады. Лицей директоры Меруерт Бегімбай білім және тәрбие беру үдерісіндегі қолданылатын әдістемелер туралы, оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлфазира Сегізбаева шәкірттердің қол жеткізген жетістіктері жайлы айтып, атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.

Алдымен лицейді аралап, ондағы оқу процесін, білім ошағының материалдық-техникалық базасымен танысқан Талғат Ілиясұлы бітіруші түлектермен кездесу өткізіп, ашық әңгімелесті. Ректордың оқу орнына талапкерлерді тарту үшін жаппай мақтау айтып немесе құрғақ үгіт-насихат жүргізбей, түлектердің эксперттік көзқарастарын сұрағаны – оқушылардың да көңілінен шықты. Білімге құштарлықтарының, тынымсыз ізденулерінің арқасында қазірдің өзінде бірнеше шетелдік оқу орындарынан шақырту алып үлгерген дарынды оқушылар ойларын ашық ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді.

Шындығына келгенде, мамандық және оқу орнын таңдауда қай университеттің артықшылығы қандай екенін талапкерлер өздері сұрап-білетіні – қалыпты жағдайға айналған. Содан да шығар, бұған дейін бірде-бір білім ордасы түлектерден «біздің оқу орнын таңдауы үшін қандай өзгерістерге, қандай қадамдарға баруымыз қажет» сұраған ешкім болған жоқ. Ал 11-сынып оқушылары осындай сауал қойылады деп күтпеген де секілді, алғаш тосырқап қалғандай болғанымен, өз ойларын ортаға салды.

Білім-Инновация лицей-интернаттарының шәкірттері көбіне шетелдік оқу орындарын таңдау себептерін ашық айтты. Жасыратыны жоқ, әлемде көптеген жоғары оқу орындарында оқуға қабылдау жүйесі басқаша екені белгілі. Олар дарынды оқушыны қалайда өздеріне тартуға тырысады. Тағы бір ескеретіні, шетелдік тәжірибеде академиялық көрсеткіштерден бұрын, адами капиталға көбірек басымдық беріледі екен. «ҰБТ-дан жоғары балл жинауың керек» деген қатып қалған қағида жоқ. Дүниежүзілік, халықаралық олимпиадаларға қатысқаныңа және қандай жетістіктерге қол жеткізгеніңе қарайды. Тіпті, білім алған мектебіңнің оқу-тәрбие процесіне қосқан үлесіңді ескеретіндері де бар», — деді бітіруші түлек Аяна Әлімжанова.

Тағы бір түлек – жастар оқу орнын қаласына қарап, енді бірі қандай мүмкіндіктер жасалғанына қарай таңдайды деген ой айтты. Сондай-ақ Дулати университетінің кітапханасында кітап қорының соншалықты бай екенін, онда үлкен мүмкіндіктер жасалғанын білмейтінін, осындай мәліметтер жастар үшін аса қажет екенін жеткізді. Осы айтылғандардың бәрі – талапкер үшін аса маңызды мәліметтер және қызығушылығын туғызатын мүмкіндіктер екені, рас.

Қазір бұрынғыдай емес, өңірдегі университеттерге деген көзқарас түзелген. «Аймақта оқысаң, жұмыс таппай, айдалада қаласың» деген тұжырымға түбегейлі нүкте қойылды. Соның нақты бір мысалы – М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті. Сөзіміз дәлелді болуы үшін алысқа бармай-ақ, облыстық дарынды қыздарға арналған Білім-Инновация лицей-интернатының 15 маманы Дулати университетінің түлегі екенін, былтырғы 46 мектеп бітірушінің 7-еуі осы білім ордасын таңдап, оқуға түскенін айтсақ та жеткілікті.

Талғат Ілиясұлы бір күнде дарынды ұл-қыздарға арналған облыстық «Білім-Инновация» лицей-интернаттарына барып, оқу процесімен танысты. Жастармен еркін пікірлесті. Қос білім ошағының оқушылары қолға алған жаңа бағыттағы ізденістерін қолдау үшін Дулати университеті коллобрацияға дайын екенінін жеткізді.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.