Қазақстанда бүгіннен, 14 наурыз күнінен бастап шетелге 10 000 (он мың) АҚШ доллардан артық ақша алып шығуға тыйым салынды. Бұл жайлы Ақорда хабарлады.
ҚР президенті Қ.Тоқаев «Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету шаралары туралы» жарлыққа қол қойды. Жарлықта былай делінген:
Енді Қазақстан Республикасынан:
1) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі әкету күніне белгілеген бағам бойынша есептелген және 10 000 (он мың) АҚШ доллары баламасынан асатын сомадағы қолма-қол шетел валютасын және (немесе) шетел валютасындағы ақша құралдарын;
2) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі шығаратын аффинирленген алтынның 5, 10, 20, 50 және 100 грамм алтын құймаларын және алтыннан жасалған «ALTYN BARYS» және күмістен жасалған «KÚMIS BARYS» инвестициялық монеталарын, сондай-ақ 100 грамнан астам аффинирленген алтынды әкетуге тыйым салынады.
Айта кетейік, РФ президенті В.Путин де өз азаматтарына шетелге $10 мың доллардан артық қаржы алып шығуға тыйым салған еді. Ресей президенті елде доллар валютасы жетпей жатқандықтан әрі оны ұстап қалу мақсатында осындай қадамға барған еді. Сарапшылардың айтуынша, алдағы уақытта Ресейде шетелге шығатын соманың көлемі тағы да кемітілуі мүмкін.
Ал АҚШ президенті Д.Байден 11 наурыз күні Ресейге доллар валютасын сатуға, тасымалдау мен жеткізуге тыйым салған еді.
Қазақстанға мұндай санкция салынған жоқ. Бірақ елде доллар жетіспеушілігі байқалып жатыр. Ұлттық Банк әлемдік логистиканың өзгеруіне байланысты елге доллар валютасын жеткізу біршама қиын боп жатқанын жеткізген. Дефицит содан болып отырған көрінеді.