A place where you need to follow for what happening in world cup

Президент Жолдауы жаңа міндеттер жүктеді

218

Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында сыбайлас жемқорлықпен күрес барынша жүйелі сипат алғандығын және оның пайда болу себептеріне көбірек назар аударылып, алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатқандығын атап өтті.
Ендігі кезекте жемқорлыққа апаратын факторларды анықтау үшін мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың нормативтік актілері мен жұмыс үдерісіне жемқорлыққа қарсы күрес тұрғысынан арнайы талдау жүргізген жөн, — деді Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар, Мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың қоғам алдындағы ашықтығын және есептілігін қамтамасыз етуге жол ашатын «Қоғамдық бақылау туралы» заңды әзірлеп, қабылдауды тапсырды. Бұл өз кезегінде мемлекеттік бақылауға балама ретіндегі қоғамдық бақылау институтын қолдай отырып, тиісті құқықтық негіз қалыптастырады.
Жолдауда, квазимемлекеттік құрылымдардың қаржы-шаруашылық қызметін, бюджет қаражатын пайдалану жөніндегі мәліметтерді және басқа да құнды деректерді бүкіл қоғамға қолжетімді ету үшін бірыңғай ақпараттық ресурс құру мәселесі де айтылды. Мемлекеттік органдардың шешімі жөніндегі ақпараттың ашықтығы азаматтық қоғаммен сындарлы диалог орнатуға септігін тигізеді.
Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлықты алдын алуға бағытталған бірқатар мәселелер оң шешімін табатын болды.
Олар:
— 2021 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілердің, депутаттардың, судьялардың шетел банктерінде есепшотқа ие болуы, қолма-қол ақша және бағалы заттар сақтауына қатысты жемқорлықпен күрес аясында жаңа шектеулер енгізу;
— мемлекеттік қызметшінің немесе квазимемлекеттік мекеме басшысының қос азаматтығы анықталған жағдайда оларды қызметінен босату;
— Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, судьялардың, пара берушілердің және парақорлыққа делдал болғандардың сыбайлас жемқорлығы үшін жазаны қатайту тұрғысынан Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізу;
— Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасағандарға шартты түрде мерзімінен бұрын босату шарасын қолданбау;
— Сыбайлас жемқорлық деректері туралы хабарлаған адамдарды заң жүзінде қорғайтын жүйе қалыптастыру;
— Жемқорлықпен ұсталғандардың мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда жұмыс істеуіне өмір бойы тыйым салатын қағиданы қатаң сақтау.
Сонымен қатар Президент, мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік сектор қызметкерлерін қысқарту мерзімін жеделдетуді тапсырды. Биыл 10%-ға, ал келесі жылы тағы 15%-ға яғни, 2021 жылы 25%-ға қысқарту жоспарлануда. Үнемделген қаражат есебінен қалған қызметкерлердің жалақысы арттырылады. 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап факторлық-баллдық шкаланы енгізу міндеті қойылды. Бұл өз кезегінде мемлекеттік қызметкерлердің жалақысының көбейуі мен жауапкершілігінің артуына себеп болады. Сәйкесінше жоғары жалақы алатын қызметкерлердің жемқорлық тәуекелдеріне бармауға жағдай жасалады.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевпен, Агенттіктің алдына қойған міндеттемелер мен басымдылықтарды белгіледі. Ендігі кезекте, жүктелген міндеттемелерді барынша жүзеге асыратын боламыз.

Ә.Әшірбаев,
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы 

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.