АҚШ Өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелосидің Тайваньға ұшқан ұшағын әлемнің түкпір-түкпірінен шамамен 2,92 миллион адам тамашалады. Бұл туралы Flightradar24 — әуе кемелерінің жағдайын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік беретін сервис хабарлады, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
АҚШ Өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелоси мінген SPAR19 рейсі Куала-Лумпурдан ұшып шыққаннан бастап Flightradar24-те белсенді рейстер ішінде ең көп қадағаланған рейс болды.
Тайбэйге қонған кезде SPAR19-ды бүкіл әлем бойынша 708 000-нан аса адам бақылап отырған, бұл Flightradar24 тарихындағы ең көп бақыланған тікелей рейс болды. Куала-Лумпурдан Тайбэйге дейінгі жеті сағат ішінде рейсті 2,92 миллион адам бақылаған.
Еске салайық, 2 тамызда Пелоси ұшағы Тайвань әуежайына қонған болатын. Сондай-ақ, АҚШ Өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелоси Тайваньға келгеннен кейін жазбаша мәлімдеме жасады. Онда аралға сапары «Тайвань демократиясын» қолдаудағы «Американың адалдығы» екенін айтты.