Павлодарлық ағайынды Яренколер бір айдан астам уақыт құбыр құдығында тұруға мәжбүр болған. Мүгедектік пен бұрынғы соттылығы жаңа өмір бастауға кедергі келтірген бауырларды еріктілер жергілікті тұрғындар арқылы білген. Алькоголь тұтынбайтынын көрген аула адамдары тамақ әкеліп , көмектесуге тырысқанымен Виктор мен Николай бөтен адамдармен көп байланыс жасамаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап.
Ағайындылардың бірі Николайда 16 жастан бері мүгедектігі болған. Алайда құжаттардың жоғалуына байланысты ол ешқандай жәрдемақы ала алмаған.
“Олардың екеуінде бір ғана аяқ киім болды. Біздің жігіттер өздерінікін қалдырып, кейін жылы термошұлықтар, сыртқы күртелер мен тамақтар әкеліп берді. Кейін қалай көмектесетінімізді ойластыра бастадық. Әлеуметтік қорғауға хабарласып, басшылық бізге әлеуметтік орталықтан мобильді патруль жіберді”,-дейді ерікті іздестіру жасағының жетекшісі Екатерина Кудряцева.
Кейін бауырлар үйсіздерді әлеуметтендіру орталығына қабылданып, толық дәрігер тексеруінен өткізілген. Өкінішке орай тұрған жерлері денсаулықтарына зиянын тигізбей қоймапты. Ағайындардың бірінің аяқтарынан жан кеткен болса, екіншісінің бір жақ қолы сал болып қалған.
“Біз дәл осы жердегі 364-пәтерде тұрдық. Алайда кейін оны сатуға тура келді. Кеін мен түрмеге қамалдым. Шыққаннан соң осылай құдықта өмір сүруге тура келді. Енді құжаттарымызды жасасақ, пәтер жалдаймыз. Мына жерде де бәрі уақытша. Бізге тұрақты жер қажет”,-деді Николай.
Ер адамдар бұрын ішімдікке салынып, тіпті түрмеге отырғандарын да мойындайды. Содан кейін жаңа өмірді бастаудың қиын екендігін де айта кетті.
Қазір Павлодар қалалық әлеуметтендіру орталығында 112 адам бар. Мекеме басшылары мұқтаж жандарға орын жеткілікті екенін айтты. Олар осы орталықта емделіп, құжаттарын жасататын болады.
“Күн сайын бізге патрульдік топ түрлі жағдайлардағы адамдарды алып келеді. Бізде мобильді топ бар. Өіміз қаланы аралап, ауруханадан кейін баратын жерлері жоқ жандарды алып келеміз. Қиын жағдайлардағыларды қабылдаймыз”,-деді орталық директорының орынбасары Гүлсан Жайықпаева.
Өкініштісі осындай орталыққа келгендердің көпшілігі еңбекке қабілетті орта жаста. Олардың қоғамға сіңісуіне өткен өмірлері кедергі болған. Орталық қызметкерлері өзгелерге үйсіз қалған жандарға қол ұшын созатын осындай мекеменің бар екендігін айтып жүруді өтінді.