A place where you need to follow for what happening in world cup

Панфиловшылардың Жауынгерлік Туының көшірмесі Жуалы ауданына аялдады

501

Тиісінше, оның тең жартысы мемлекеттік наградаларға ие болған. Ал қасиетті Жуалы жерінен түлеп ұшқан Ұлы Отан соғысының басты қаһармандарының бірі – даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы бүгінде жуалылықтардың ғана емес, күллі Алаш жұртшылығының мақтанышына айналып отыр.

Биылғы жылы 9 мамырда Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңіске 75 жыл толғалы отыр. Осынау атаулы датаға орай ел өңірлерінде патриоттық іс-шаралар көптеп өткізілуде. Соның бірі ретінде, 5 ақпан-5 мамыр аралығында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаевтың шешімімен Ұлттық ұланда Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңіске 75 жылдығына арналған «Біз – Жеңістің мұрагеріміз!» атты эстафета өтуде. Аталған эстафета ТМД Мемлекет басшылары Кеңесінің шешімімен бекітілген Жеңістің 75 жылдығын мерекелеуге бағытталған негізгі іс-шаралар жоспары аясында өтпек.

Эстафетаның негізгі атрибуты – 1941 жылы Алматы қаласында жасақталып, Мәскеуден Берлинге дейін жеткен Кеңес Одағының Батыры, генерал-майор И.В.Панфилов атындағы 8-гвардиялық мотоатқыштар дивизиясының Жауынгерлік Туының көшірмесі.

Ту көшірмесін қазақстан әскери-тарихи музейінің Алматы қаласындағы филиалы ұсынып отыр. Ал эстафетаның мақсаты — Ұлы Отан соғысында Отанын жанқиярлықпен қорғаған қазақстандық жауынгерлердің ерлігіне құрмет көрсету, есімдерін ел есінде сақтау, майдан даласында қаза болған солдаттардың ерлігіне тағзым ету, жастардың және ішкі істер органдары қызметкерлері және Ұлттық ұлан әскери қызметшілердің бойына отансүйгіштік құндылықтары мен Қазақстан халқының батырлық тарихына құрметпен қарау, патриотизмге тәрбиелеу, әскери борыштарын үлгілі атқаруға ықпал ету болып табылады.

   Апта басында «Біз – Жеңістің мұрагеріміз!» атты эстафета Жуалы ауданына арнайы аялдады. Онда алғаш болып Ту ұстаушылар тобы аудан орталығындағы даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры — Бауыржан Момышұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті. Осында шағын митинг ұйымдастырылды. Митингте Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, полковник Ниязтай Әлкешов сөйлеп, ол эстафетаның мақсатына, маңыздылығына тоқталып, Жуалы ауданынан соғысқа аттанған жауынгерлерінің асқан ерліктерін паш ете сөйледі. Сонымен қатар, Панфилов дивизиясының Жауынгерлік Туының тарихына да аз-кем тоқталды.

Келесі кезекте аудан әкімі Нарбай Ергебековке сөз берілді.

– Қадірменді көпшілік, қонақтар! Біздің қасиетті өлкемізге қош келдіңіздер. Жуалы өлкесі батырлар мен ақындардың мекені. Әсіресе, ел басына күн туған шақта кешегі Батырбек датқа Рысбекұлы, Ұлы Отан соғысында ерліктің жоғары үлгісін паш еткен Кеңес Одағының Батырлары — Бауыржан Момышұлы, Владимир Вишневецкий, Дмитрий Кавешников, Федор Кедань, Дмитрий Пахомов, сонымен бірге, «Даңқ» орденінің толық иегері Тайыр Тастандиев осы өлкенің перзенттері. Ауған соғысында от кешкен генерал-лейтенант, Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев та осы өлкенің түлегі. Біз бүгін Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орайластырылған маңызды, тәрбиелік мәні зор эстафетаны қарсы алып отырмыз. Эстафетаның даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталып отырғаны заңдылық. Себебі, 1941 жылы генерал-майор Иван Панфилов басқарған әйгілі 316-шы атқыштар дивизиясының құрамында батыр Баукең де болған.

Жастарды елжандылыққа тәрбиелеуде осындай іс-шаралардың маңызы ерекше деп білемін. Сонымен қатар, ұйымдастырушылар бұл эстафетаны біздің ауданға жоспардан тыс арнайы әкеліп отырғанын баса айтқым келеді,- деді Нарбай Әбілқасымұлы.

Б.Момышұлы ескерткішінің басында өткен іс-шара барысында Ұлттық ұланның 37 әскери бөлімінен жасақталған Ту ұстаушылар тобы 8-ші гвардиялық мотоатқыштар дивизиясының Жауынгерлік Туын салтанатты жағдайда шерумен алып өтті. Ту тобын Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы 5513 әскери бөліміндегі батальон командирінің орынбасары, майор Жомарт Жұмаділдаев басқарып алып жүрді. Сонымен бірге, әскери бөлімнің жеке құрамы мен сарбаздар, Жуалы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері де салтанатты шеруге қатысты.

Эстафета қатысушылары келесі кезекте Ұлы Отан соғысының ардагері, Жуалы ауданының Құрметті азаматы Николай Лебединскийдің шаңырағында болды. Онда Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, полковник Ниязтай Әлкешов, аудан әкімі Нарбай Ергебеков, аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесі, Б.Момышұлы ауылдық ардагерлер кеңесінің басшылығы, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің басшылығы ардагерді Ұлы Жеңістің 75 жылдығымен құттықтап, зор денсаулық, отбасы амандығын тіледі. Полковник Ниязтай Әлкешов ардагерге Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың Алғысхатын, сонымен қатар, естелік сыйлық, азық-түлік себетін табыстады.

  «Біз – Жеңістің мұрагеріміз!» атты эстафета жолын жалғаушылар Бауыржан Момышұлының музейіне де барды. Онда музей қызметкері Сағадат Шілдебайұлы мемориалдық музейде Б.Момышұлына қатысты 2384 экспонат бар екенін, оның жартысына жуығы экспозицияға қойылғанын, батырдың өміріне қатысты басқа деректерді кеңінен қызықты етіп әңгімеледі. Музейдің тарихынан да сыр шертілді. Б.Момышұлы музейіне полковник Ниязтай Әлкешов ҚР Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаевтың Алғысхатын тапсырды.

Ту ұстаушылар тобы келесі кезекте Талапты ауылындағы даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының есімін иеленген №22 орта мектепте болып, осында мектеп ұжымымен, оқушылармен ерлік сабағын өткізді.

Айта кету керек, эстафетаның Қазақстан аумағын теміржол және автокөлікпен шарлаудағы жалпы жолының ұзындығы 11 мың шақырымды құрайды. Шара барысында соғыс және еңбек ардагерлерімен 68 кездесу өткізу, Ұлттық ұланның әскери-үрмелі оркестрі барлық пункттер мен жекеленген бөліністерді қоса есептегенде, барлығы 56 концерт қояды деп жоспарланып отыр.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,

«Жаңа өмір»

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.