A place where you need to follow for what happening in world cup

Облыс әкімі Б. Сапарбаев Талас ауданына барды

527

Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев Талас ауданындағы бірқатар әлеуметтік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын және өндіріс орындарын аралап, инфрақұрылым жұмыстарымен танысты. Сондай-ақ, жергілікті тұрғындармен кездесіп, олардың ой-ұсыныстарына құлақ түріп, толғандырған өзекті мәселелеріне көңіл бөлді.

Өңір басшысы аудандағы жұмыс сапарын Қасқабұлақ ауылынан бастады. Аталған шағын ауылда 1937 жылдан бері күрді диаспорасы топтасып тіршілік кешуде. Олар негізінен мал шаруашылығына төселген. Айта кету керек, бұл ауылда соңғы жылдары бірде-бір қылмыс орын алмаған. Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың тіркелмегені, ауыл дүкендерінде ішімдік сатылмайтындығы елдімекенге тән ерекшелік деуге болады. Қасқабұлақтықтар бастамашыл әрі еңбекке бейім. Ондағы әр отбасыда шамамен 5-6 баладан бар десек, ауыл тұрғындарының дені жастар.

Бердібек Сапарбаев ауылдағы 2018 жылы пайдалануға берілген орта мектептің жұмысымен танысты. Оқу ордасында 135 оқушы білім алуда. ал жергілікті клубта ауыл тұрғындарымен кездесті.

— Біз бәріміз – Қазақстан Республикасының азаматтарымыз. Талай сындарлы кезеңдерді бірге кешіп, соғыс жылдарындағы ауыр сәттерді бірге еңсердік. Бүгінде біздің басты байлығымыз – қоғамдағы бейбітшілік пен берік достығымыз екеніндігіне ешкім күмән келтіре алмайды. Осы орайда өскелең ұрпақты ұлттық болмыс пен үлкендерді құрметтеу секілді асыл қасиеттер аясында тәрбиелеуге аса көңіл бөлу қажет, — деп атап өтті Бердібек Сапарбаев. Сондай-ақ, ауылдықтардың өтінішіне құлақ асқан аймақ басшысы ауылды екіге бөліп ағатын «Тамды» өзеніне көпір салуға көмектесуге уәде берді.

Қаратау қаласындағы «Игілік» коммуналдық қазыналық кәсіпорны шаһар тұрғындарының 70 пайызын жылу және ыстық сумен қамтамасыз етіп отыр. Ал ауыз суды тәулік бойы беру мәселесі жуық арада толық шешімін таппақ. Облыс әкіміне мекеме басшысы Рашид Седалиев жаңа зауыттардың іске қосылуына байланысты тазарту құрылыстарын салу қажеттігін және судың тапшылығы туындап отырғандығын жеткізді.

Ауданның ғана емес, облыстағы іргелі кәсіпорындардың бірі саналатын «Талас инвестмент компани» ЖШС-нің натрий цианидін шығару өндірісімен танысқан аймақ басшысы зауыттың екінші желісін іске қосуға қатысты жоспарларына қанықты. Ол туралы ЖШС директоры Бақтияр Алдашов айтып берді. Жоспар толық жүзеге асқанда зауыттың жылдық өнім көлемін15 мыңнан 30 мың тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік тумақ.

Сондай-ақ, қаладағы «Қаратау ПРО» ЖШС-і жылына 110 мың тонна мәрмәр ұны мен үгінділерін, құрғақ құрылыс қоспаларының негізгі компонентін өндірумен айналысуда.

Айта кету керек, Талас ауданы орталығының басты мәселелерінің бірі – қаңырап бос тұрған нысандар. Қаратау қаласында өткен ғасырдың 90-шы жылдары тұрғындары тастап кеткен бос тұрғын үйлер пайда бола бастады десек, олардың саны 15-ке жеткен. Бүгінде оның 10-ы жеке меншікке өтіп кеткен. Қалған 5 үй коммуналдық меншікте десек, оларды қалпына келтіру шараларына көңіл бөлген аймақ басшысы жоба құнына алаңдаушылық танытты.

— Соғылғанына 40 жылдан асқан үйлерді сатып алу немесе жөндеу қаншалықты тиімді? Бұл арқылы бюджет қаражатың қаншалықты үнемдей аламыз? Егер бұл үйлерді жаңғырту құрылысының құны жаңа тұрғын үй салумен бірдей болса, онда не айырмашылық бар? – деген аймақ басшысы бұл бағыттағы шараларды барынша зерделеу керектігін жеткізді.

Келесі кезекте аудан орталығындағы Ш. Уәлиханов атындағы орта мектепке ат басын бұрған облыс әкімі мұғалімдерді оқушыларға сапалы білім беруге, балалардың жан-жақты дамуына көңіл бөлуге шақырды. Оқу ордасының материалдық-техникалық жабдықталуына көңілі толмайтынын баса айтты.

Сондай-ақ, 2012 жылы бой көтерген «Астана» бөбекжай-бақшасының ғимарат қабырғалары жарылып үлгерген десек, нысан сейсмикалық күшейтуді талап етіп отыр. Оған 120 миллион теңге қаражат қажет екен.

Ауданның бұрынғы әкімшілік орталығы Ақкөл ауылында да бос қалған нысандар аз емес. Солардың бірі өткен жылы Қаратау құрылыс-техникалық колледжіне филиал ретінде қосылған осы ауылдағы №14 колледж ғимараты. Оқу орны іс жүзінде өз жұмысын тоқтатқан десек, нысанға қарасты оқу корпусы, әкімшілік блок, жатақхана секілді бірнеше ғимарат қаңырап бос тұр. Жергілікті билік мұнда 200 орындық оңалту орталығын ашуды ұсынып отыр. Сондай-ақ, ауылдық дәрігерлік амбулаторияның бос тұрған бір корпусына шалғай және шағын ауылдардан келген балаларға арналған мектеп-интернатын ұйымдастыру көзделуде. Сол секілді, 1100 оқушыға арналған Ы.Алтынсарин атындағы мектепте қазіргі таңда тек 190 ғана бала білім алуда.

Ақкөлдіктермен өткен кездесуінде аймақ басшысы бос тұрған ғимараттарды тұрғындардың қажеттілігіне тиімді пайдалану үшін талдау шаралары жүзеге асатынын жеткізді.

Кездесу барысында кұны 2,8 миллиард теңге болатын Ақкөл-Қойгелді жолының құрылысы туралы мәселе көтерілді. Б.Сапарбаев аталған жоба құнының аз еместігін алдыға тартып, бұл орайда мұқият зерделеу жұмыстарын жүргізіп, содан кейін ғана нақты шешім қабылданатынын атап өтті. Су қоймасын салу мәселесі де осы тақлеттес.

Бұдан соң облыс әкімі арнайы Талас ауданы активінің жиынына қатысты. Жиында аудан әкімі Бақыт Қазанбасов өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен алдағы жоспарлары туралы қысқаша баяндады. Сондай-ақ, басқосуда тұрғын үйлерді тез арада қалпына келтіру, кәсіпкерлерге шағын несие беру мәселелері көтерілді.

Бердібек Сапарбаев ауданның өнеркәсіп саласындағы жетістіктерін оң бағалап, алайда шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының тиімділігін барынша пайдалана білу керектігін атап өтті. Облыстық әкімдік тарапынан жерлерді тиімді пайдалану бойынша жүйелі тексеру жұмыстары ұйымдастырылып, егістіктерді суландыру жүйесін қалпына келтіру және суармалы алқаптарды ұлғайту шаралары қолға алынатынын баса айтты. Сонымен қатар, ағымдағы жылы облыс су қоймаларына жиналған ылғалдың көлемі өткен жылғы мөлшерден үш еседей аз екендігін ескерсек, ол тиісті кезеңде суармалы алқапты барынша сумен қамтуға өз кедергісін келтіруі мүмкін. Аталған жиында өңірді өз азық-түлігімен қамтамасыз ету мәселесі де қозғалды.

— Облыста бар-жоғы 32 гектар ғана жылыжай бар. Бұл – өте аз. Кәсіпкерлік негіздегі бастамаларды жетілдіріп, моноқалаларды дамыту бағдарламасының мүмкіндіктерін барынша пайдалану қажет, — дей келе Б. Сапарбаев бала өлімі фактілерінің артуына қатысты алаңдаушылық білдірді.

Өзінің қорытынды сөзінде облыс әкімі қоғамдағы бейбітшілік пен келісімнің маңыздылығын айрықша атап өтіп, тұрақтылық бар жерде ғана экономиканың өсуі мен өмір сүру сапасының артуына қол жеткізуге болатынын баса айтты.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.