A place where you need to follow for what happening in world cup

«Мен анамын ғой»: Талдықорғанда 76 жастағы кейуана далада қалған

704

Талдықорғанда 76 жастағы кейуана далада қалған. Баспанасы болмай, күнін көшеде өткізіп жүрген әжей балаларының Қытайда екенін айтты. Ол жақындарына бару үшін көмек сұрайды, деп хабарлайды Stan.kz

Кейуана жалдамалы пәтерінің ақысын төлей алмай далада қалған. Содан бері көшеде отыратын оған таныс саудагерлер азығы мен суын қолына ұстатып кетеді екен. Ол қайыр сұрамаса да жағдайын көріп көмек беретіндерге алғыс айтты. Оларға күш салғым келмейді деген ана Қытайда үш баласының бар екенін айтты.

“Елден көмек сұрап, далада қаңғып жүргеніме міне, бір жылдай уақыт өтті. Енді жатар орыным да жоқ. Маған жаны ашығандардан ананың үйіне бір, мынаның үйіне бір қонып жүрмін. Визам ашулы тұр. Тек тез арада ұшақ билетіне көмек қылсаңыздар екен. Жолға шығарып салсаңыздар деймін. Мен анамын ғой”,- деп Күлишан Рамазан өксікпен көзіне жас алды.

Күлишан әжейдің айтуынша балалары оның жағдайынан хабардар, тек оның өзі балаларына артық масыл болғысы келмейді екен. Ал көшедегі куәгерлердің айтуынша кейуананың жағдайы тым ауыр. Ол тіпті кейде қонатын жер таппай даладағы шөптердің арасында түнейді екен. Осыны пайдаланған кей алаяқтар елді алдап, оның атына қайырымдылыққа қаражатын жинап жүрген көрінеді.

“Әжейдің бұндай жағдайда қалғанын енді біліп отырмыз. Әкімшілікке ол туралы арыз, өтініштер түспеген. Алайда қаланың жанашыр азаматтары бар, еріктілер бар біз барынша оның өтініші бойынша Қытайға барып, балаларымен қауышуына көмектесеміз”,- деді Талдықорған қаласы әкімі баспасөз қызметінің хатшысы Мәди Шәкенов.

Күлишан әжей өзінің азын аулақ киім кешегі бар жүгін танысының үйіне қойған екен. Алайда олар көшіп кеткендіктен қазір жүктері көпқабатты үйдің дәлізінде тұр.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.