A place where you need to follow for what happening in world cup

Мемлекет ешкімді көмектен тыс қалдырмайды

147

Әлемді шарлап, халықты өз қыспағына алған аты жаман індеттің салдарынан, оның жаппай таралуынан біздің еліміз де зардап шегіп отырғаны белгілі. Халқымыз осындайда: «Көппен көрген ұлы той» дей отырып, елдің басына, халықтың тұрмысына қандай да бір қиыншылық түссе де, оны Алла тағаланың пенделеріне жіберген сынағы деп қабылдап, болған іске болаттай берік болған. Мұны біз тарихтан білеміз.

Коронавирус немесе COVID-19 атауын иеленген аты жаман вирустың адам денсаулығы мен өміріне қауіп төндіруімен қатар ел экономикасына да орасан зор шығындар келтіруде. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен Ұлттық қордан қыруар қаражат бөлініп отыр. Бұл қаржы осындай күрделі кезеңде ел экономикасын одан әрі дамытуға, оның ішінде халыққа ең қажетті деген ауыл шаруашылығы, шағын және орта кәсіпкерліктерге, сонымен қатар, төтенше жағдай кезінде халық тұрмысын барынша қамтамасыз ету жұмыстарына жұмсалмақ. Сонымен бірге, елімізде бірқатар тағдыршешті жобалардың қолға алынып жатқанынан қалың жұртшылық хабардар.
Пандемия деп танылған қауіпті вирустың алдын алуға байланысты ағымдағы жылдың 15-ші наурызында Қазақстан Республикасының аумағында Президент Жарлығымен төтенше жағдай режімі енгізілгені мәлім. Бұл алғашқыда бір ай уақытқа белгіленді. Төтенше жағдайдың мерзімі қайтадан 15 сәуірден 30-ына ұзартылса, күні кеше ғана Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Қазақстан халқына арнайы Мәлімдеме жасап, төтенше жағдай режімінің 11 мамырға дейін ұзартылғанын ресми түрде хабарлады. Мұндай шешімнің әлбетте, халықтың қауіпсіздігі үшін жасалып отырғаны айтпаса да түсінікті.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы бұған дейінгі Мәлімдемелерінде төтенше жағдай кезінде халыққа мемлекет тарапынан жәрдемақылар берілетінін баса айтқан болатын. Осыған орай, төтенше жағдай салдарынан жұмысынан, табысынан айырылған азаматтарға, көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға, қоғамның басқа да әлжуаз санатындағы азаматтарына ең төменгі жалақы мөлшерінде, атап айтқанда, 42 500 теңге көлемінде жәрдемақы төленуде. Осы мәселе бойынша аудандағы жағдайға келер болсақ, 13 мыңнан астам азаматқа Үкімет тарапынан аталған жәрдемақы төленіп отыр. Бұл туралы Жуалы аудандық әлеуметтік қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Мұрат Сапаев мәлімдеді.
-Төтенше жағдайға байланысты мемлекет тарапынан тағайындалған 42 500 теңге көлеміндегі жәрдемақыны алуға аудан бойынша 15 659 азамат өтініш берген болатын. Оның ішінде қазіргі есеп бойынша 13 346-сына аталған төлем төленді. 1943 азаматтың өтініші әлі қаралып, зерделену үстінде. 370 өтініш белгілі себептермен кері қайтарылды. Себебі, азаматтар өтініш берген уақытта жеке сәйкестендіру нөмірлерін, есеп-шотындағы кейбір цифрларды дұрыс толтырмайды. Сонымен бірге, бірыңғай жиынтық төлемді төлуде де қателіктер болса, оның да жәрдемақы тағайындауға тигізетін кері әсері бар.
42 500 теңге көлеміндегі көмек тағайындала бастағаннан-ақ біздің бөлімнің мамандары уақытпен санаспай жұмыс жасап келеді. Мекемеде барлығы алты маман аталған жұмыспен айналысуда. Бір маманымыз қашықтықтан жұмыс істеп жатыр. Аудан тұрғындарына белгілі, зейнетақы жүйесінде де елеулі өзгерістер орын алып отыр. Атап айтқанда, зейнетақы мөлшері 12 пайызға арттырылды. Осыған орай, қайта есептеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, Ұлы Жеңіс күнінің қарсаңында Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне де мемлекет тарапынан қаржылай көмек көрсетілмек,- дейді Мұрат Жамалбекұлы.
42 500 теңге көлеміндегі жәрдемақыны алатын азаматтарға қызмет көрсетумен айналысатын аудандық пошта байланыс торабына да арнайы барған болатынбыз. Мекеме басшысы Бақытжан Устаевтың айтуынша, төтенше жағдай кезінде халыққа төленіп жатқан жәрдемақыны алу үшін поштадан барлығы 3098 есеп-шот ашылған екен. Оның 200-ден астамы зейнетақы шоттары болса, 36-сы жалақы шоты. Ал 2842 азаматқа мекеме қызметкерлері арнайы есеп-шоттар ашқан.
–Қазіргі таңда жәрдемақыға өтініш берген 2685 азаматтың шоттарына қаражаттары түсіп үлгерді. Осы уақытқа дейін 2538 адам аталған жәрдемақыны алды. Бұл біздің мекемеден есеп-шот ашқандары ғана. Одан бөлек, жәрдемақыны банкомат арқылы да алып жатқандар бар. Клиенттерге қызмет көрсетумен барлығы 11 маман жұмыс жасап жатыр. Оның ішінде бес маман кассада отырады. Мекемеде санитарлық шаралар өз деңгейінде жасалуда. Клиенттер мекеменің ішіне қызмет алу үшін бір-бірден кіргізіледі.
Төтенше жағдайда мемлекеттің бұл көмегі көптеген азаматтарға демеу болады деп ойлаймын. Осы орайда шектеу шараларына, мекемедегі уақытша қолайсыздықтарға барынша түсіністікпен қараған жуалылық ағайынға алғысымды жеткізгім келеді,- дейді Бақытжан Досанқұлұлы.
Төтенше жағдайға байланысты Қайрат ауылының тұрғындары Зәбира Тілепбергенова мен Седеп Айдарбекованың да отбасы 42 500 теңге мөлшеріндегі жәрдемақыны алып, қуанып отырғандарын айтады.
– Иә, елімізде орын алып отырған төтенше жағдайдың салдары ешкімге де оңай тиіп отырған жоқ. Қауіпті індетті ел болып еңсеруге ел басшыларынан бастап жергілікті әкімдер де барынша атсалысып жатқанынан хабардармыз. Алғашқыда сәл қиналғанымен бұл жағдайға өз кезегінде қарапайым халық та түсіністікпен қарап отыр. Соның ішінде біз де бармыз.
Отбасында үш ұл, бір қыз тәрбиелеп отырмын. Жолдасым Ерғали Билібаев осыдан 14 жыл бұрын қайтыс болған. Ол аудандық білім бөлімінде есепші болып жұмыс істеді. Балаларды жалғыз өзім жеткізіп жатырмын. Екі ұлым студент. Екеуі де Тараз қаласында университетте, колледжде білім алып жатыр. Үшінші балам биыл мектепті бітіреді. Оларды жеткізу де маған оңай емес. Өзім жұмыссызбын. Осындай қиын кезеңде мемлекеттің халыққа жасап жатқан қамқорлығына ерекше алғысымды айтқым келеді.
42 500 теңгені алу үшін мен 13 сәуір күні өтініш бердім. Содан өтінішім қабылданып, бір аптадан соң есеп-шотыма қаражат түсті. Осындай қиын кезеңде бұл біздің отбасымызға әжептеуір көмек болды. Үкіметке өте ризамын. Халқымыздың ауызбіршілігі, ынтымағы мықты болса, біз бұл індетті жеңіп шығамыз. Жарқын болашақтан, келер күннен күтетін үмітіміз көп,- дейді ол.
Ғалым мен Седеп Айдарбекованың да отбасылары көпбалалы. Бұл жанұя да 42 500 теңге жәрдемақы алған екен. Отағасы Ғалым жұмыссыз. Олар отбасында алты бала тәрбиелеуде. Отанасы Седеп Сарманбайқызы Үкімет тарапынан көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға жасалып жатқан көмектің маңыздылығын айтып, ел басшыларына аналық алғысын білдірді.

Нұржан МАНАСҰЛЫ

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.