Мемлекет әлеуметтік осал топтардың жалға алған баспана құнының 50%-ін төлейді: Министрлік шарттарын әзірледі
Қазақстандықтар жалға алатын баспана құнының тең жартысы мемлекеттен өтелетін болады. Бұл турлы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Министрлік тұрғын үйді жалға алғаны үшін төлем беру тетігін әзірледі. Атаулы тұрғын үй көмегі жалға алу құнының «50% мемлекет, қалған 50% жалға алушы төлейді» қағидатына негізделеді.
Мұндай төлемдер жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрған азаматтарға беріледі және олардың табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1 еселенген көлемінен аспауы керек.
Бүгінгі таңда елімізде мұндай 70 мың жан бар. Олар: көпбалалы отбасылар, 1 және 2-топтағы мүгедектер, мүгедек балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар. Осы санаттағы азаматтарға жалға берілетін тұрғын үй құнының жартысын тағайындау көзделеді. Оператор ретінде «Отбасы банкін» анықтау ұсынылған.
Өтініш берушілер үшін мынандай негізгі талаптар қойылады:
- Қазақстан Республикасының азаматы болуы;
- отбасының (азаматтың) әрбір мүшесіне шаққандағы соңғы 6 (алты) айдағы жиынтық табысы тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы Заңмен бекітілген ең төмен күнкөріс деңгейінің 1 еселенген шамасынан аспауы;
- «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға сәйкес баспанаға мұқтаж ретінде есепке қойылып, тұрғын үйге мұқтаж мәртебесін алуы;
- тұрғын үйдің меншік иесі мен жалға алушы арасында жасалған, сондай-ақ құқықтық кадастрда тіркелген шарттың болуы.