A place where you need to follow for what happening in world cup

Мал дәрігерлерінің жалақысы көбейеді

1 085

Ветеринария саласы Қазақстанда жалақының төмен болуына байланысты жас және жоғары білікті кадрлардың тапшылығын сезініп жатыр. Бұл туралы брифингте ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов айтты деп хабарлады turkystan.kz Zakon.kzке сілтеме жасап.

«Ауыл шаруашылығы саласындағы жалақысы аз мамандықтардың бірі мал дәрігері екені анықталды. Бұл ретте еліміздегі мал дәрігерлерінің орташа жасы – 40-50 жас. Бұл салада жас және жоғары білікті кадрлардың жетіспейтінін байқадық. Бұған ауыр еңбек жағдайы, жалақының төмен екені, ауылдық жерлердегі инфрақұрылымның дамымағаны ықпал етіп жатыр. Осының бәрі мал дәрігері мамандығының жастар үшін тартымсыз болуына әкеліп соғады», – деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов.

Оның айтуынша, 2022 жылдың бірінші тоқсанынан бастап ветеринария мамандарының республикалық орташа жалақысы 33,4% өсті. Ал 2022 жылдың соңына қарай оны тағы 60% арттыру жоспарланып отыр.

Ол орташа айлық жалақы Қызылорда облысында 98 мың теңгеден Павлодар облысында 206 мың теңгеге дейін өзгеретінін айтты.

«Мәселелерді шешу үшін біз бәсекеге қабілетті секторы жоқ аудандарда ақылы қызмет көрсету көлемін ұлғайту бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Келесі жылдан бастап коммуналдық ветеринариялық кәсіпорындардың ветеринария мамандарының еңбекақысына 50%, ресми мемлекеттік және коммуналдық мекемелердің базалық жалақысына 140% үстемеақы енгізу жоспарланып отыр. Қосымша ақы зиян еңбек жағдайларына, патогендік 1-2 биоагенттермен жұмыс істеу еңбегіне төленеді», – деді вице-министр.

Сонымен қатар вице-министр ветеринардың жүктемесін теңестіру мақсатында Аграрлық университетпен бірлесе отырып, бір ветеринардың норматив жүктемесін есептеу жұмысы жүргізіліп жатқанына сендірді.

«Талдау барысында ауданда мал көп, бірақ мал дәрігерлері аз болған фактілер анықталды. Мал аз, мал дәрігерлерінің саны, айталық, малы көп өңірлердегідей, жалақылары да төмен аймақтар бар. Біз қазір мал дәрігерлерінің санын және олардың жалақысын аймақтарда ерекшеленбеуі үшін теңестіруді жоспарлап отырмыз», – деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов.

Сонымен қатар ол келесі жылдан бастап ветеринарларға жәрдемақы ретінде екі лауазымдық жалақы бөлу жоспарланып отырғанын айтты.

 

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.