Мамыр айының басында Өзбекстанның Сардоба су қоймасындағы бөгетті су шайып кету салдарынан, көрші мемлекеттің Сырдария облысының елдімекендері мен Түркістан облысы Мақтаарал ауданының шекараға жақын бірқатар ауылдары тасқын судың астында қалған болатын. Орын алған жағдайға байланысты зардап шеккен тұрғындарға еліміздің әр өңірінен қолдау білдіріп, әлеуметтік көмек көрсетіліп жатыр.
Елге ортақ игі істен таластықтар да тыс қалған жоқ. Осы аптада аудан әкімдігінің бастамасымен қолға алынған гуманитарлық көмек керуені Мақтаарал ауданына аттанды.
9,7 тоннаны құрайтын көмектің қатарында 2,8 тонна ұн, 0,7 тонна қант, 3,5 тонна макарон өнімдері, 200 келі ас тұзы, 1 тонна сұйық май, 1,5 тонна печенье, гигиеналық заттар, киім-кешектер және жұмыртқа мен дайын азық-түлік заттары бар.
Гуманитарлық көмек керуенін шығарып салуға келген аудан әкімі Бақыт Қазанбасов бастаған сала басшылары ақ жол тілеп, игі іске атсалысқан азаматтарға ризашылығын білдірді.