A place where you need to follow for what happening in world cup

«Командирді таңдамайды, сондықтан шыдау керек» дейтін: Жыныстық алымсақтыққа ұшыраған ару әскерде өзін қудалағандар жайлы айтып берді

81

Әскери қызметте жыныстық алымсақтыққа ұшыраған Айғаным Елшібаева оқиғаның қалай болғанын және тергеу барысы жайлы айтып берді. Арудың сөзінше, командирлері тарапынан қудалауға жалғыз ол ғана ұшырамаған. Әлеуметтік желідегі арызынан кейін әскери бөлімде қызмет еткен бірнеше әйел өздерінің басынан осындай жағдай өткенін мәлімдеген. Алайда қызмет орнын сақтап қалу үшін үнсіз отыруға мәжбүр көрінеді.

Айғаным Елшібаева бала күнінен әскери қызметкер болуды, Отан алдында борышын өтеуді армандағанын айтады.

«Бала күнгі арманым 2019 жылы орындалып, желтоқсанда Алматы облысы Қапшағай гарнизоны Шеңгелді ауылында орналасқан 54179 әскери бөліміне қабылдандым. Қуанышымда шек болмады. Алайда сәуірде батальон командирі, майор Қошанов алымсақтық жасай бастады. Бұл Қошанов әскери бөлімнен кеткенше жалғаса берді. Тіпті өзінен бұлай жасамауын сұрадым. Амалым таусылған соң бөлім басшылығынан, батальон басшылығынан көмек сұрадым. Бірақ барлығы «Командирді таңдамайды, сондықтан шыдау керек. Ештеңе істей алмаймыз, әскерде әділеттілік жоқ» деп қысқа қайырды», – дейді Айғаным.

Қыз әрі қарай да өз құқығын қорғауға тырысқанын айтады. Дегенмен майор көпшіліктің көзінше тиісіп, тіпті денесін ұстауға дейін барған. Ал басшылық мұны жеке басының мәселесі деп шара қабылдаудан бас тартыпты.

«Шыдай алмағандықтан батальонның көзінше ұрып жібердім. Барлығы көрмеген түр жасады. Қанша шағым түсірсем де, басшылық «Біз сенің ағаң да, туысың да емеспіз. Тек қызметтегі мәселелеріңді шешіп береміз. Жеке өміріңе араласпаймыз» дейтін. Салдарынан денсаулығым нашарлап, ауруханаға түстім. Бұған дейін айтқанымдай күйзеліс кесірінен гастрит пен псориазға душар болдым», – деп қосты ол.

Өзіне алымсақтық жасаған майордың орнына оның досы Кәріпбеков батальон командирі болып келген. бірақ «нағыз тозақ осыдан кейін басталды» деп еске алады қыз.

«Кәріпбеков әр сәтті пайдаланып, мені балағаттап, ар-намысыма тиетін сөздер айтты. Көпшіліктің көзінше қорлайтын. Шыдамағандықтан дәретханаға барып жылап алатынмын. Көз жасымды ешкімге көрсетпеуге тырыстым. Өзімді «Мықты қыздар жыламайды» деп жігерлендірдім. 500 адамның көзінше балағаттаған кездер болды. Қанша шағым түсірсем де, дәлел жоқ екенін алға тартып, еш шара қабылдамайтын», – деп еске алды Айғаным.

Шарасы таусылған қыз тыйым салынғанына қарамастан әскери бөлімге смартфонын алып кіріп, командирмен әңгімені диктафонға жазып алмақ болыпты. Алайда майор смартфонын тартып алып, ішіндегі жеке заттарына дейін тексеріп шыққан.

«Тексерістен кейін телефонды тартып алып, кешкі 21:00-ге дейін кабинетінде ұстады. Телефонды ашып, жеке суреттер мен хабарламаларды қарап шықты. Өзіне қатысты жазбалардың барлығын өшіріп тастады. Әскери бөлімге ұялы телефон алып кіруге болмайтын. Осыны алға тартып мен қызметтен қуатынын айтты», – дейді Елшібаева.

Бұдан бөлек батальон басшылығы еш негізгіз жаттығу ұйымдастырып, ерте шақырып алатын қосып өтті. Сонымен қатар себепсіз ақша жинаудың үзілмейтін дейді.

ақша

«Жұмыс 08:30-да басталады, ал бізді таңғы 5 немесе 6:00-де жинайтын. Күніне екі рет қана тамақ ішіп, бір тәулік ұйықтамайтынбыз. Сондай-ақ ақша жинайды. 200 теңгеден бастап, 10-15 мың теңгеге жететін. “Рота қоры” дегенге бөлек ақша өткізетінбіз. Кейде қаражат жетпегендіктен бермейтінмін. Сол үшін мені жек көретін. Бірде денсаулығыма байланысты жаттығулардан босатылдым. Алайда командирлер бұған қарамастан мені шақыртып, қатысуға міндетті екенімді айтты. Әскерде жұмыс істеу қиынға соға бастады», – деді ол.

Сөзінше, қорлық пен қысымға шыдамай, әскери полицияға арыз жазған. Алайда майордың отбасылы екенін айтып, қызметтестері тоқтатып қалған.

«Әрине, отбасы, бала-шағалы екені ойлап, арыз жазбадым. Өзі түсінетін шығар, енді қайталанбайды деп үміттендім. Сондай-ақ маған тіл тигізуін, қорлық көрсетуін доғаруын талап еттім. Келісімшарт мерзімі аяқталған соң кетемін деп ойладым. Себебі әйелдерің құқығы қорғалмайтын, әйелдерді қорлайтын ортада қызмет еткім келмеді. Алайда аттестациядан өте алмауымды сылтауратып мені қызметтен қуды. Бұл туралы еңбек демалысынан кейін білдім», – деп түсіндірді қыз.

Айғанымның сөзінше, бұл туралы әлеуметтік желіде мәлімдеген соң өзімен қызметте болған бірнеше әйел дәл осындай жағдайға тап болғандарын айтқан.

«Мен олардан бірге арыз жазуларын сұрадым. Бірақ жұмысынан айырылып қалудан қорқатынын, отбасын асыру керек екенін айтып бас тартып отыр. Жалпы әскери бөлімде 20 мен 45 жас аралығындағы 20-ға жуық әйел бар», – дейді Айғаным.

Қорғаныс министрлігі аталған жағдайдан кейін арнайы комиссия құрғанын мәлімдеген. Тергеу қандай қорытынды шығарарын да білмеймін, деген қыз әділдікке қол жеткізгісі келетінін айтады

«Қазір ғана бөлімдегі қызметкерлерді маған қарсы үгіттеп жатқанын естідім. Яғни барлығына өзім жол бергендей етіп көрсетіп, өздерін ақтап қалмақшы. Бүгін әскери полициядан хабарласты. Әрі әскери бөлім басшысы қоңырау шалып, сөйлесу керегін айтты», – деп бөлісті ол.

Қазір Айғаным «Яндекс.Такси» қосымшасы арқылы жұмыс істеп, қосымша көкөніс сатумен айналысады. Қызметінен айрылған ару әскердегі өзге қыздардың да құқығы қорғалса екен дейді.

«Басты мақсатым – әскердегі теңсіздікті, құқық бұзушылықты көрсету, осындай жағдайға тап болған өзге әйелдерді қорғап қалу. Олар менің жағдайыма дейін түспесе екен деймін. Қазіргі әрекетім кеудемді оққа тосқанмен тең. Енді нәтижесін күту ғана қалды», – деп түйіндеді ол.

stan.kz

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.