A place where you need to follow for what happening in world cup

«Киімдердің өлшемі үлкен, сапасы төмен»: Алматы облысында ата-аналар әкімдік беретін мектеп формасын алудан бас тартты

59

Алматы облысында бір топ ата-ана «Мектепке жол» бағдарламасы аясында берілетін мектеп формасын алудан бас тартып отыр. Себебі әкімдік беретін киімнің сапасы сын көтермейді. Сөздерінше, кейде тегін берілетін костюмнің өлшемі келмегендіктен, өздері киіп тоздырады екен. “Бұл бізді мазақ қылу” деп ашынған аналар формаға бөлінген қаржыны өздеріне беруді талап етті, деп хабарлайды Stan.kz 

Алматы облысындағы Ащыбұлақ ауылының тұрғындары мемлекет тегін беретін мектеп формасын алмайтындарын мәлімдеді. Өйткені әкімдік берген киім сапасыз, күн өтпей тігісі сөгіліп, жыртылып қалады екен. Болмаса мүлде өлшемі келмейді дейді. Яғни бірінші сынып оқушысына бесінші, ал бесінші сынып оқушысына жасөспірімдерге келетін киім бұйырады. Аналардың сөздерінше, мұны қадағалап, қажет болса, ешкім ауыстырып бермейді деп ашынады.

Мұндай мәселе тағы қайталанбауы үшін аналар Үкімет бөлген қаржыны қолдарына берсін деп талап қойды. Айтуларынша, жаңа оқу жылында бір баланы киіндіру үшін кемі 80 мыңдай қаражат керек. Бұған тағы қажетті құрал-жабдық пен сөмке құны да қосылады. Қазір әр ата-ана костюм-шалбарға 25 мың, жейдеге 7 мың, аяқ киімге 10 мың, спорттық киім мен кроссовкаға 38 мың жұмсайды. Ал әкімдік беретін ақша шығынның жартысын жапса, сапалы киім алуға болар еді дейді.

“Алдыңғы жылы алып берген киімдердің өлшемі үлкен болды. Оны спорттық киімдерін өзіміз кидік. Ал кішкентай балама берген форманың түтігі шығып, кие алмадық. Сөмкелері жыртылып қалды. Аяқ киімнің сапасы мүлде нашар”, – дейді Ащыбұлақ ауылының тұрғыны Айнұр Ақпанбекова.

“Бізге балалардың киім өлшемін сұрап, әлеуметтік педагогтар қоңырау шалып жатыр. Біз қазір өлшемін дәл айтқанымызбен, ондай болмайды. Өзіміз базар немесе дүкенге барып, кигізіп көріп, сапасы жақсысын алып бергіміз келеді”, – деп қосты ауыл тұрғыны Айша Әбілшаева.

Ашынған ата-аналар берген ақшаның есебін де өткізуге дайын екеніндерін жеткізді. Дегенмен әкімдік өкілдері биыл да форманы мектеп үлестіруі мүмкін екенін мәлімдеді.

“Атаулы әлеуметтік көмек алатын ата-аналардың оқушылары кірген жоқ. Себебі ақша жұмыспен қамту орталығы арқылы ол кісілердің жеке шоттарына жіберілген. Биыл біздің бөлімнен қаржыны жеке есепшоттарға жіберу мүмкін болмағандық, бізде конкурс жарияланды”, – деп мәлімдеді Іле аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Қаламқас Сәрсенбаева.

Шенеунік министрлік қаулыға тиісті түзетулер енгізсе, конкурсты тоқтатып, ақшаны аналардың шотына аударуға әзір екенін айтады. Ал жарияланған конкурс жауабы 10 тамызда белгілі болады.

«Мектепке жол» бағдарламасы аясында бір балаға 25 мың теңге қарастырылыпты. Оның 18 мың теңгесіне мектеп формасын, 7 мың теңгесіне кеңсе тауарларын алу жоспарланған. Жалпы Іле ауданы бойынша биыл 6 мыңнан астам балаға 153 миллион 200 мың теңге бөлініпті.

 

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.