A place where you need to follow for what happening in world cup

«Кейбір мектеп директорлары өздерін князь секілді сезінеді»

149

Б. Сапарбаев жамбылдық білім беру саласының қызметкерлерімен кездесті

Білім беру саласының қызметкерлерімен кездескен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев мектеп директорларын сынға алды.
— Оқу орындарының кейбір басшылары «Менің мектебім», «менің ұстаздарым», «менің шәкірттерім» деген секілді тіркестерді қолданып, өздерін ұйымдастырушы емес, меншік иесі секілді сезінеді. Мектеп-мемлекеттікі, ал директор – ауысып отыратын басқарушы тұлғалар болуы тиіс, — деп атап өтті аймақ басшысы.
Директорлар біртіндеп өздеріне керекті байланыстар арқылы өсіп отырады, ақыр соңында ол сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға алып келеді.
— Жұмысқа орналастырғаны үшін директор мұғалімнен ақы алса, одан сапалы жұмысты қалай талап етеді? Ол мұғалім өз шығындарын ата — аналар арқылы қайтара бастайды, сыбайлас жемқорлық тізбегі осылай жалғаса береді, — деді облыс әкімі.
Егер директор адал жұмыс істеп, мектептегі білім берудің тәртібі мен жоғары деңгейін қамтамасыз етіп отырса, бұл жағдайда басшыны ауыстыру мәселесін жүргізу міндеттелмейді.
Тәрбие негізі отбасы және мектептен басталады, алайда соңғы уақытта осы әлеуметтік институттар арасындағы өзара байланыс үзілгендігі жиі айтылып жүр.
— Ата-аналар комитеті іс жүзінде жұмыс істемейді, ал педагогтар инертті ұстанымға ие. Бала тәртіп бұзған жағдайда ата-аналарға шағымдана алмайды, — деді Бердібек Сапарбаев өз сөзінде.
«Бір мектепте бір жыл ішінде жасөспірімдер арасындағы суицидтің екі дерегі тіркелген. Бұған қалай жол беруге болады?» Аймақ басшысының бұл сұрағына Т. Рысқұлов аудандық білім беру бөлімі басшысы: «Директор жұмыстан босатылды, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде» деген таптаурын жауаппен құтылды. Сонымен қатар, ата-аналардың осы ауданның мектептеріндегі мұғалімдерге қатысты шағымдары толастамай тұрғаны назар аударарлық дүние.
Облыстың 40 мың педагогының алдындағы басты үш міндетті атаған аймақ басшысы білім, тәрбие және тәртіп беру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Айта кету керек, бұл сала бойынша жетістіктер де жоқ емес, ол туралы салалық басқарма басшысының м.а. Жәмиля Бекбатырова баяндады. Айталық, 1891 мұғалім республикалық және халықаралық конкурстардың жеңімпазы атанса, облыс оқушылары пәндік олимпиадаларда 132 медальға қол жеткізген. Осы орайда өңірдің 10 мектебі республика бойынша 100 үздік мектеп қатарына еніп отыр.
Облыс әкімі Масаншы ауылындағы мектептердің бірінен он жыл бойы бірде-бір «Алтын белгі» немесе Үздік аттестат иегері шықпағанын, тек бір ғана түлектің ЖОО-на грантқа қол жеткізгеніне назар аудартты. Міне, Қордай оқиғаның түпкі себебін осыдан іздеу керек. Бұл сапалы білім мен жас ұрпақты тәрбиелеу, ұлттық дәстүрлерден алшақтау, мәдени-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыру деңгейінің төмендігін көрсетері сөзсіз.
— Кейінгі кездері мұғалім үшін ең басты мақсат – көп сағат алу. Тезірек сабағын беріп, үйге кетуге асығады. Ал балалардың сапалы білім алуы үшін кім жауапты? Дұрыс тәрбие мен білімге ден қоймаған жеткіншектер түрлі құқық бұзушылықтар жасайды! Біз бұл орайда ұлттық дәстүрлерді, дала философиясын, Абай мен Шәкәрім еңбектерін негізге алу керекпіз, — деді білім беру ардагері Камилаш Ахметова.
Өз кезегінде Ж. Бекбатырова негізгі мәселе ретінде педагогтардың біліктілігінің төмендігін атап өтіп, сырттай бөлімде оқу оқып, диплом алатындардың жайына назар аудартты. Сонымен қатар, өңірдегі оқу орындарында 100-ден астам мектеп инспекторлары жетіспейтіндігі айтылды.
Бердібек Сапарбаев мемлекет мұғалімдердің әлеуметтік және еңбек жағдайын жақсарту бойынша маңызды қадамдар жасап жатқанын, ал олардан қоғам сапалы білім беруді талап етіп отырғанын тағы да атап өтті. Мектеп рейтингтерін құрудың маңыздылығы, мұғалімдердің кәсіби өсуге дең қоюуы, заманауи әдістемелерді енгізу, жаһандану жағдайында жаңаша ойлана білу жайы айрықша ескерілді.
Аймақ басшысы спорт залдары мен білім беру және Мәдениет нысандары барлық жергілікті тұрғындар үшін, әсіресе жастар үшін қолжетімді болу керектігін баса айтты.
Сондай-ақ, Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесі аймақтың барлық оқу орындарына таралуы тиіс, ал техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары кәсіпорындардың өтінімдері бойынша тек еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандарды ғана дайындауға міндеттелуі қажет.
Кездесуді қорытындылаған Бердібек Сапарбаев жауапты тұлғаларды БАҚ пен әлеуметтік желілердегі сыни ескертулерге жедел әрі мұқият ден қоюға шақырды.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.