Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың бастамасымен өткен жылы қаламызды көркейту мен туризмді дамыту мақсатында бірнеше жаңа нысандар пайдалануға берілді. Сонымен қатар, облысымыздың 80 жылдық мерейтойына орай «Көне Тараз» кешені бой көтеріп, «Даңқты спортшылар», «Әуендер әлемі» аллеялары, Кенен Әзербаев пен Асқар Тоқпановтың ескерткіштері қаламыздың келбетіне көрік қосты. Ал, Орта Азияда теңдесі жоқ «Тектұрмас» мәдени-тарихи кешені облыс тұрғындары мен қонақтары үшін 80 жылдыққа тамаша тарту болды. Атқарылған жұмыс ауқымды. Дегенмен, көне шаһарды көркейті жұмыстары ары қарай да жалғасын таппақ. Бұл жайлы Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев қала тұрғындарына берген есебінде мәлімдеді.
– Ағымдағы жылдың жоспарына сәйкес «Тектұрмас» мәдени-тарихи кешен құрылысының 2-ші кезеңінде «Көне қамал» ғимаратының, «Атлах шайқасы» барельефі, Жасанды сарқырама, Талас өзенінің жағасын абаттандыру құрылыстары басталатын болса, осы кешеннен «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешеніне дейінгі аспалы жолдың техникалық экономикалық негіздемесі әзірленуде.
Сонымен қатар «Қазақ хандығы» және «Мамыр» саябағында «Алаш» мұражайларының, жаңа 15-ші мөлтек ауданында Оқушылар сарайы, Неке қию сарайы, Салтанат сарайы, Жеңіл атлетика манежі және гимнастикалық спорт кешенінің құрылыстары басталатын болады, – деді А. Қарабалаев.
Бұдан бөлек, «Мамыр», «Түрксіб» және Ы.Дүкенұлы атындағы саябақтары қайта жаңғыртылып, «Жас түлектер», Қант зауыты аумағындағы «Даңқ» алеясы ағымды жөндеуден өтеді. Сондай-ақ, «Үшбұлақ» каналының және Сыпатай батыр көшесінен бастап «Қарахан» кесенесіне дейінгі скверінің 2-ші кезеңдері іске асырылады.