Қай елде болсын, ауыл шаруашылығы саласы маңызды сала саналады. Өйткені, халықты азық-түлік қамтамасыз ету қазір бірінші орында тұрғаны белгілі. Оның үстіне дүниежүзінің бірқатар елдерінде аты жаман індет – коронавирустық инфекция тарап, шекаралар жабылып, мемлекеттер арасындағы алыс-беріс тоқтаған уақытта да бұл мәселе аса маңызды болып отыр. Белгілі сарапшылардың топшылауынша, таяу болашақта ауыл шаруашылығы жақсы дамыған, азық-түлікті молынан өндіріп, экспорттайтын мемлекеттердің саяси салмағы артады. Азық-түлік қауіпсіздігін әлем елдері қазірдің өзінде сезінуде.
Осы ретте біздің елде де тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан-ақ аграрлық саланың дамуына баса мән беріліп келеді. Соңғы жылдары Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен ел Үкіметі, тиісті ведомство аталған саланы дамытуға бағытталған бірқатар шараларды қолға алып жатқаны белгілі. Бұл жұмыстар өз кезегінде аграрлық саланың дамуына соны серпін береді деп сенеміз.
Ауыл шарауашылығы саласы біздің ауданда да қарқынды дамыған деп айтуға болады. Аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, аудандағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер 210 мың 772 гектарға тең. Оның ішінде 95 мың 005 гектары егістік жер, суармалысы 8 708 га. Шабындық 2 046 га, жайылым 109 мың 439 га, көпжылдық екпелер 265 га, басқа да жерлер 4 018 га.
2020 жылдың өнімі үшін 56 мың 704 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын отырғызу жоспарланған болатын. Осыған және нысаналы индикаторлық көрсеткішке сәйкес, жаздық арпа 27 726 га, дәндік жүгері 300 га, майлы дақылдар 21 110 га, (оның ішінде мақсары 19 860 га, күнбағыс 950 га, қытай бұршағы 300 га), картоп 2 560 га, көкөніс 660 га, бақша 10 га, сүрлемдік жүгері 750 га, жаңа егілетін көпжылдық шөптер 3588 га егу жоспарлануда және 2694 га сүр (пар).
Осы орайда дәл қазір қызу жүріп жатқан көктемгі егіс жұмыстарының барысы туралы ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандарынан білген едік. Ресми мәліметке сүйенсек, 21 464 га жер жыртылып, 26 150 га арпа егіліпті. Бұл көрсеткіш тиісінше, 94 пайызды құрайды. Егілген 4680 тонна арпа тұқымының 327 тоннасы элита, 1404 тоннасы І репродукция, 2000 тоннасы ІІ репродукция, 949 тоннасы ІІІ репродукция.
2830 гектарға көпжылдық шөп, 406 гектар алқапқа мақсары дақылы себіліп отыр. Аудандағы көктемгі дала жұмыстары қарқынды жалғасуда.
Атап айтқанда, Ақтөбе ауылдық округінің шаруалары Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру пилоттық жобасы бойынша «Атамекен-Бастау» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі 600 гектардан аса алқапқа арпа және жоңышқа тұқымын септі. Сапалы тұқымның егілуі алқаптан мол өнім алудың ең басты кепілі екені белгілі. Тұқым мәселесі бойынша айтатын болсақ, аудан шаруашылықтары қажетті арпа және мақсары тұқымдарымен толықтай қамтамасыз етілген. Бұл бағытта Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы «Красноводопад» тәжірибе стансасынан жаздық арпаның элиталық «Бәйшешек» сортының 14 тоннасы, мақсарының 1,5 тоннасы алынды.
Ауданда дәстүрлі картоп егу де жолға қойылған. Картоп тұқымы бойынша шаруаларға қажеттісі 7380 тонна. Қолда бары 6670 тонна. Жетіспейтіні 710 тонна. Осы орайда Нұрлыкент ауылдық округіне қарасты Түктібай ауылында орналасқан картоп егуге маманданған «Зылиха» шаруа қожалығы Ресейден 40 тонна «Удача» сұрыпты элита тұқымын алуға тапсырыс берді. «Ерасыл» шаруа қожалығы 160 тонна «Елизавета» сұрыпты І репродукциялы тұқым сатып әкеліп, қосымша 40 тоннаға тапсырыс берді. Ал «Атамекен-Бастау» АШӨК Қарағанды облысынан 1 килограмы 130 теңгеден І репродукциялы, «Удача» сұрыпты 32 тонна картоп тұқымын алып, қосымша 40 тоннаға тапсырыс берді.
Биылғы жылы картоп бағасының қымбат болуына байланысты екінші-үшінші репродукциялы картоп тұқымдары 60-80 теңге, жоғары репродукциялы тұқымдардың бағасы 120-150 теңгеден болуда. Сырттан келетін картоп тұқымдарының қымбат және аз болуына байланысты аудан шаруашылықтары қолда бар ескі тұқымдарын сатуды тоқтатып, өздері егуге дайындап отыр.
Картоп егу барысы туралы ауылдық округтерге де хабарластық. Мыңбұлақ ауылдық округі бойынша 2020 жылдың көктемгі дала жұмыстарына сәйкес, аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімі тарапынан 245 гектар картоп дақылын егу жоспарланған. Бүгінгі күнге «Ренат» шаруа қожалығы 8 гектар және «Мадина» ШҚ 5 гектар егіп үлгерді. Ауа-райының қолайсыздығына байланысты кейбір шаруа қожалықтар картоп егу жұмыстарын кейінгі қалдырып отыр. Бұл жұмыстар әлі де жалғасатын болады.
Жанар-жағармай мәселесі де шаруаларға елеулі әсер ететіні анық. Ағымдағы жылға кепілдендірілген дизель отынын таратушы операторлар ретінде «Аққайың» ЖШС және «Ауыл мұнай» жеке кәсіпкерліктері ұсынылды. Ауыл шаруашылығына науқандық жұмыстарына қажетті барлығы 4280 тоннаға өтінім берілді. Ал көктемгі дала жұмыстарына қажеттісі 2153 тонна. Наурыз айына бөлінген 183 тонна жанар-жағармай алынып, әр литрі 175 теңгеден таратылып, ұсыныс берген шаруашылықтар қамтамасыз етілді. Сәуір айына 715 тонна жанар-жағармай бөлініп, қаржысы аударылып, үш вагон алынып (180 тонна) шаруаларға таратылуда.
Бүгінгі күнге көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге Жуалы ауданына бөлінген дизель отынын тарату бағасы бір литрі 158 теңгеден. Аудан агроқұрылымдары мен шаруашылықтарда бүгінгі күнге 595 дана трактор тіркелген. Сонымен қатар, 12 дана тұқым дәрілегіш, 127 дана дән сепкіш, 200 дана соқа, 125 дана қопсытқыш, 112 дана тырма көктемгі дала жұмыстарына қатысуда.
Үстіміздегі жылы жаңа техникалар алу жоспары 103 техника. І тоқсанда 130 миллион теңгеге 40 ауыл шаруашылығы техникалары алынды (39%). Оның ішінде 6 жаңа «МТЗ» тракторлары, 1 дана тиегіш, 33 дана ауыл шаруашылығы тіркемелері сатып алынып, көктемгі дала жұмыстарын сапалы атқаруға күш салып отыр.
Халқымызда: «Кешігіп жеткен жаз берекелі болады» деген сөз бар. Шынында да, қазір елімізде күрделі жағдай орнап отыр. Бұл өз кезегінде бірқатар шаруалардың дер кезінде атқарылуына өзінің кері әсерін тигізетіні сөзсіз. Бір қуантарлығы, жуалылық шаруалар көктемнің әр күнін тиімді пайдаланып, егістерін егуде. Бұл – күзде жиналатын өнімнің мол, қамбамыздың астыққа толуының, қорадағы төрт түлігіміздің қоңды болуының бірден-бір кепілі болмақ. Бәріне сабырмен қарап, төтенше жағдайда ұстамдылық танытсақ қана өмір көшінен кешікпейтініміз анық…