Адал еңбектің адамды толағай табыстарға жетелейтіні баршамызға белгілі. Ол үшін адам бойында өз ісіне деген зор сүйіспеншілік, қызығушылық, жауапкершілік болуы керек. Сонда ғана сүйікті ісіңнің көзін тауып, бақыттың өзін табуға ұмтыласың. Мұндай қағиданы ұстанатын Майра Сәрсенова балалық арманын орындап, сүйікті ісін кәсіп көзіне айналдырып отырған жанның бірі. Ол Жаңа жыл мерекесі қарсаңында аудан орталығынан «Майра» атты кондитерлік өнімдер сататын дүкенін ашып, тұрғындарға тәттілерін ұсынуда.
Майра Жұмәліқызы Түркістан облысы Сарыағаш ауданының тумасы. Көпбалалы отбасында дүниеге келген ол үйдің үшінші перзенті. Әкесі Жұмәлі Сәрсенов аталған аудандағы мектепте ұзақ жылдар бойы директорлық қызметте болып, жемісті еңбек еткен. Ал, анасы Бақыткүл Еркенова да ұстаздық жолды таңдап, қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген. Ұстаздар отбасының перзенті Майра Жұмәліқызы жеті жасына дейін ауданымыздағы Ақсай ауылдық округінің Қайрат ауылындағы нағашы атасы, Ұлы Отан соғысының ардагері Айдарбек Айтубаевтың тәрбиесінде болады. Одан кейін Сарыағаш ауданына ата-анасының қасына оралып, сондағы мектепте білім алды.
Мектеп бітірген соң, 1993 жылы қазіргі Тараз мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, оны тоқылмаған текстилді материалдар жиынтығы мамандығы бойынша тамамдаған. Алайда бұл мамандық бойынша фабрикалар жабылуына байланысты жұмыс табылмай, білімін қайта жалғастырып, бұрынғы «Әулиеата» университетіне оқуға түсіп, кәсіптік оқыту және еңбек мамандығын меңгеріп шығады.
Оның еңбек жолы аудан орталығындағы №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда басталып, бүгінгі күнге дейін білім ошағында ұзақ жылдар бойы жұмыс істеп келеді. Мектеп ұжымы да оның еңбекқорлығын, өнерін, жан-жақтылығын жоғары бағалап, барлық істе сенім артады. Себебі, Майра Жұмәліқызы қолөнер бұйымдарын жасаудың шебері. Ұлттық нақыштағы және түрлі қолөнер дүниелерін жасап, балаларды қолөнерге баулып, ұлттық төл өнерімізді төрге сүйреуге атсалысып отырған жан.
-Менің негізгі мамандығым- мұғалім. Өзім ұстаздар отбасында тәрбиеленгенмін. Маған әкемнің жан-жақтылығы, қолөнер шеберлігі дарыған. Ал, анамнан тазалықты, аспаздықты жақсы меңгердім, — дейді Майра Жұмәліқызы. — Мектепте ұстаздық ете жүріп балаларды еңбекқорлыққа, өнерге баулудамын. Менің бала кездегі арманым – кондитер өнімін пісіретін аспаз болу еді. Нағашы атамның үйде жүргенде балалармен ойнағанда мен құмнан торт жасап отыратынмын. Апама білдірмей, тіс пастасын алып, торттың бетін әрлейтінмін. Қиялыма ерік беретінмін. Ең алғаш 6 сыныбымнан бастап тәттілерді пісіре бастадым. Сол уақыттан бері бала қиялым, арманым мені осындай жетістікке, мақсатқа жетелеп келеді.
Сарыағаш ауданында біз Ташкент қаласына жақын тұратынбыз. Әкем бізді музейге, өнер мектебіне, қолөнер орталығына жетектеп апаратын. Өте жан-жақты адам. Қолынан келмейтін ісі жоқ. Біздің болашағымызды ойлап, осы дүниелер өмірлеріңде әйтеуір бірі болмаса да біреуі өз пайдасын тигізеді дейтін. Міне, сол рас дүние екен. Әкемнің өнегелі тәрбиесінің арқасында өнер ешқашан жұтамайтынын, оның адамға пайдасы зор екенін түсініп өстік. Сол себепті, мен өз балаларымды да әкемнің тәрбие көзімен тәрбиелеудемін.
Тазалықты, жинақылықты жақсы көремін. «Ас — адамның арқауы» демекші, ішер асымыз дәмді, әрі таза дайындалуы керек. Асханамда осы тәртіпті ұстанамын. Тәттілерді дайындау үшін интернетті қолданбаймын. Өзімнің ойымнан тәттінің құрамын, сәндеуін ойластырамын. Тыныштықта жұмыс жасағанды қалаймын. Сол кезде маған түрлі идеялар келеді.
Адам өзінің ісін жақсы көре білуі керек. Одан ләззат алып, бар жан-тәніңмен кірісіп жасауың қажет. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» дегендей, еш ерінбеу керек. Әр істі меңгеруің үшін де ең бірінші икемділік, төзімділік қажет. Ол қасиет бойыңда болса, кез келген нәрсені жасай бересің. Әр жұмыс үнемі ізденісті қажет етеді. Ізденсең табысқа жетуге болады. Себебі, қазіргі технология мен техника қарыштап дамыған заманда барлық нәрсе күннен-күнге өзгеріп отырады. Одан қалыс қалмауың керек.
Алғашқы жылдары газет- журналдарды оқып, оларды көп жинайтынмын. Ал, қазіргі таңда интернетте мастер-класс өткізетін түрлі аспаздар бар. Ең алғаш Ташкент қаласына барып, сондағы аспаздан көп нәрсе үйрендім. Бұл уақытқа дейін мен бәрін өз бетімше жасайтынмын. Кейіннен осындай адамдармен тәжірибе алмасып, ісімнің қыр-сырына қаныға бастадым. Мен ең алғаш тапсырысымды 1999 жылы алдым. Сол уақыттан бері туған күн кештерінің тәттілерін әзірлеп, ісімді табыс көзіне айналдыра бастадым. Міне, бұл менің онлайн жұмыс істеуімнің алғашқы жылдары болатын. Осы уақыттан бері аудан жұртшылығы маған сенім артып, тәттілеріме тапсырыстарын берумен келеді.
Аудандағы Іскер әйелдер кеңесіне мүшелікке кіріп, кәсіпкерліктің қыр-сырын үйреніп, бағыт-бағдар алудамын. Ондағы білікті кәсіпкер әйел азаматтары маған өздерінің білгендерімен бөлісіп, ақыл-кеңестерін беруде. Тәуекелге бел буып, мен де осы азаматшалар секілді кәсіпкерлікке бет бұрудамын. Ал қазіргі таңда кондитерлік дүкеннің жұмысы еліміздегі төтенше жағдайға байланысты тоқтап тұр. Бірақ оған қарамастан үйде отырып-ақ онлайн тапсырыс қабылдап жатырмыз. Бұл жүйеге біз біраз жылдан бері қалыптасып қалғанбыз. Ешқандай қиыншылық туғызып отырған жоқ.
Өмірлік серігім Жандос Мықтыбеков екеуміз екі ұл, екі қызды тәрбиелеп отырмыз. Ата-енеммен бірге тұрамыз. Сондықтан да менің қолдаушым, көмекшім отбасым. Табысымыздың көзі де — ынтымақта. Себебі, мені отбасым түсінбесе, береке бірлігім болмаса мұндай істі қолға ала алмас едім. Ата-енем, жолдасым, балаларым барлығы түсіністік танытып, ауызбіршілік пен татулығымыздың арқасында мені жігерлендіріп келеді. «Бірлік түбі – береке» деп бекерге айтылмаса керек. Берекелі шаңырақта табыс та, бақыт та болады, — дейді ол өз сөзінде.
Иә, бірлік бар жерде ғана баянды тіршілік бар. Осы асыл қасиетімізді ту етіп келе жатқан отбасы бақыттың кілті де осы ынтымақтың арқасында екенін жақсы біледі. Татулықты биік бағалайтын ол отбасына да уақтылы көңіл бөлуді де ұмытпайды. Әрдайым қолдаушысы бола білген жанына жақын жандарына алғысын білдіреді. Ендеше, сүйікті ісінің шеберіне айналып отырған Майра Жұмәліқызына бірлігі жарасқан шаңырақта кәсібінің нәсібін көре беруге тілектеспіз.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ