A place where you need to follow for what happening in world cup

Ірі қаржылық алаяқ анықталды

244

Жамбыл облысында 1,5 млрд көлеміндегі ірі қаржыны жымқырған алаяқ ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Тараз қалалық Полиция басқармасымен құрылған арнайы жедел-тергеу тобының жоғары кәсібилігі мен мінсіз атқарған жұмыстарының нәтижесінде Жамбыл облысында алғаш рет жеке кәсіпкерліктен ірі көлемдегі 1,5 миллиард қаржыны жымқыру дерегі анықталып, дәлелденді. Ірі қаржылық алаяқтық әрекеті өңірдегі жанармай құю бекеттерінің біріне қатысты орын алған.

Облыстағы білікті тергеушілердің тоғыз ай бойы жүргізілген жіті тергеу амалдарының нәтижесінде, прокуратураның қадағалауымен қаладағы ірі жанармай құю станциясы желісі иесінің құрған күрделі қаржылық “басқатырғыштардың” құпиялары әшкереленіп, заңсыз әрекеттері анықталды.

Алдымен төрт автожанармай құю бекетіне иелік ететін серіктестіктің үш құрылтайшысының бірі бола тұра, күдікті екі жолдасының сеніміне ие болу арқылы, барлық қаржылық операцияларды өзі жүргізетін болып келісіледі. Бұл мүмкіндікті ол өз пайдасына тиімді пайдалана білген. Уақыт өте келе, үлкен табыс әкелген бизнес кеңейе түсті. ЖШС-де 23 жағар-жанармай станциясы және жеті мұнай қоймасы болды.

Күдікті компанияның жеке басқарушысы бас директор мәртебесін иемденіп, ірі көлемде несиелер алып, оларды төлемей, компанияның атына үлкен қарыздар жинайды, ақшалай міндеттемелер шығарады және еншілес серіктестікті жасайды. Ол бір компаниядан екінші компанияға ақша аудару және есеп құжаттарын басқару арқылы негізгі ЖШС-ге зиян келтіреді. Өзін ұзақ уақыт бойы жанармай құю бекеттерінің сөзсіз “патшасы” сезінген ол отбасын да осы бизнеске қосып, барлық пайданы өзі иемденіп отырған.

Ол өзінің аса ірі көлемдегі кірісін мұқият жасырған. Бірақ серіктестік банкротқа ұшырағаннан кейін, құрылтайшылар тексеру барысында кәсіпорынның тапшылығы сегіз миллиард теңгені құрайтынын анықтады.Тоғыз айлық тергеу барысында төрт экономикалық сараптаманың көмегімен 2006 және 2015 жылдар аралығындағы банктік және салықтық есептер бойынша қаржылық құжаттарды жинау және қалпына келтіру қажет болды. Бұл өз кезегінде аса мұқияттылық пен асқан кәсібилікті қажет етті.

Сот отырысында күдіктінің үш адвокаты болды. Айыптау тек оған ғана емес, оның әйеліне де жүктелді, өйткені көптеген қаражат сол арқылы өтіп отырған. Күдіктіге сот шешімімен 4,5 миллиард теңге айып тағылды. Мысалға алатын болсақ, ол кезде бұл қаржы бір Байзақ ауданының бюджетімен теңдей еді. Бірақ көптеген құжаттар жоғалғандықтан, сот 1,5 млрд. теңге көлемінде шешім шығарды, олар толық дәлелденді. Полиция департаментінің тергеу бөлімшелері мұндай ірі көлемдегі қаржылық ұрлау дерегін алғаш рет қолға алды, күрделі экономикалық схемаларды анықтауға көп күш жұмсау керек болды.

Осыған қарамастан, жедел-тергеу тобы атқарылған тапсырманы абыроймен орындады. 2019 жылдың 25 желтоқсанында сот күдіктіні сегіз жылға бас бостандығынан айырды, бірақ рақымшылықты ескере отырып, бұл мерзім төрт жылға дейін қысқарды.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.