A place where you need to follow for what happening in world cup

«Хим-плюс» өнімдері отандық нарыққа жол тартты

219

Алғаш рет 2012 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Шу ауданы аумағында «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағын құру жұмыстары басталған болатын. Ол кешенді минералды тыңайтқыштар өндірісін құру жөніндегі жоба аясында жүзеге асқан-ды. Енді, міне, араға сегіз жыл салып, аталмыш жобаның нәтижесі де бірте-бірте көріне бастады. Жалпы бүгінгі таңда экономикалық аймақта жеті кәсіпорын тіркелген болса, олар барлығы сегіз жобаны жүзеге асырады деп жоспарланған. Ал  әзірге жалғыз «ХИМ-плюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ғана дайын өнім өндіре бастапты.

Жуырда аталмыш серіктестік шығаратын гербицид және глифосат өнімдерінің таныстырылымы өтті. ТМД елдерінің ауылшаруашылығы саласында үлкен сұранысқа ие бұл өнімдер нарыққа өткен жылдан бастап шығарылған. Екі өнім де егіншілікке жарамды жерлерді арамшөптен арылтудағы тиімділігі мен экологиялық залалсыздығына байланысты ірі агроқұрылымдардың тарапынан үлкен қолдауға ие болған. Әзірге гербицид пен глифосат «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағында шығарылатын бренд болып отыр. Айта кету керек, дәл осындай өнім Павлодар облысы мен Степногорск қаласында ғана шығарылады екен. Серіктестіктің басқарма төрағасы Асқарбек Қаражігітовтың айтуынша, өткен жылы шығарылған өнім түгелдей солтүстік аймаққа өткеріліпті.

–Жалпы біздің серіктестік арамшөптерді жоюға арналған «Фараон голд» гербицидін сұйық түрінде, ал «Фухуа Глифосат 757» гербицидін түйіршік түрінде шығарады. Түйіршік түріндегі дайын өнім әсіресе Қытай елінде үлкен сұранысқа ие. Өткен жылы біз 509100 литр «Фараон голд» өнімін Қостанай, Петропавл және Ақмола облысының шаруаларына өткіздік.  Әлемдік нарықтағы глифосат негізінен Қытайдан шығатын болғандықтан, біз  шикізатты сол елден әкеліп жатырмыз. Сонымен бірге шикізатты өңдеп, дайын өнімді шығарып, оны қаптауға дейінгі жұмыстардың барлығы осында атқарылады. Өнімді қаптауға арналған жабдықты дайындайтын құрылғыны Италияның «TECHNE» компаниясынан алдырдық. Қазіргі таңда дайын өнімді сақтауға арналған төрт қойма бар. Бір қоймаға 1 миллион литр дайын өнімді сыйдыруға болады. Қазіргі кезде кәсіпорында 90 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр, — дейді Асқарбек Раисұлы.

Тағы бір айта кетерлігі, Шу ауданында өндірілетін химиялық өнімнің нарықтағы бағасы өзге өнімдерге қарағанда едәуір төмен. Мәселен, арамшөптерді жоюға арналған «Торнадо 540» өнімінің бағасы 2818 теңге болса, «Тачдаун» өнімі 3990 теңге. Ал «ХИМ-плюс» ЖШС өндіретін «Фараон голд» өнімінің литрі 2185 теңге, ал «Фухуа Глифосат 757» өнімінің бір келісі 3100 теңге көлемінде. Оған қоса, шаруалар сатып аларда өнімнің 20 пайызын, жылдың соңында қалған 80 пайызын төлеуіне болады. Аталған екі өнім «ХИМ-плюс» ЖШС-нің алғашқы жобасы аясында жүзеге асып отырғанын айта кету керек. Бұдан бөлек, серіктестіктің каустикалық сода мен хлор өндіруге арналған екінші жобасы да бар. Бүгінгі таңда екінші жобаны жүзеге асыру үшін инвестор іздеу жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді. Кәсіпорын толық қуатында жұмысқа кіріскенде жылына 10 мың тонна глифосат пен 40 тонна каустикалық сода өндірмек. Бұл өз кезегінде республиканың егін шаруашылығындағы химиялық өнімдерге деген қажеттілікті қамтамасыз етуге септігін тигізері сөзсіз. Ең бастысы, еліміз жаңа химия кәсіпорнының өнімі арқасында импортқа деген тәуелділіктен құтылып, химиялық өнімдерді алуға жұмсалатын қыруар қаржыны үнемдеуге және отандық өнімді экспортқа шығару арқылы қыруар табыс табу мүмкіндігіне ие болмақ. Серіктестік басшылары өнімнің сапасына көп мән беріліп жатқандығын тілге тиек етті. Демек, облысымыздан шығатын химиялық өнім көп ұзамай-ақ өзінің тұрақты тұтынушыларын табатыны даусыз. Оның үстіне, серіктестік әлемдік нарықта үлкен сұранысқа ие химия өнімдерін шығару үшін екінші жобасын жүзеге асырғалы отыр. Сондай-ақ, дайын өнімді тасымалдау жұмыстары да қиындық туғыза қоймайды. Өйткені, «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағының Шу өңірінде орналасуының өзі алдын ала ойластырылып, жан-жақты зерттелген мәселе. 505 гектар аумақты алып жатқан экономикалық аймақ «Тараз-Шу» бағытындағы темір жол мен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік дәлізіне шығатын «Меркі-Бурылбайтал» автодаңғылынан 5,8 шақырым ғана жерде орналасқан.

Сонымен қатар, «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағында 2025 жылға дейін 6 жоба жүзеге асырылмақ. Мәселен, келесі жылы «Central Asia Chemical» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің табиғи газды кешенді түрде өңдеуге арналған кәсіпорны бой көтермек. Одан бөлек, «KAZ Chemical» ЖШС-і қант зауытының құрылысы да алдағы жылы басталады деп күтілуде. Қалған жобалар 2025 жылға дейін жүзеге асады. Аталмыш кәсіпорындар өз жұмысын бастағанда мыңдаған адамға тұрақты жұмыс орны ашылатыны белгілі. Оған қоса, химиялық парктің шығарған өнімдері негізінде өңіріміздегі көптеген шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының жұмысы жаңаша қарқын алатыны да сөзсіз. Айта кету керек, Шу ауданы аумағындағы «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағы сияқты мегажобаның жүзеге асырылуы жергілікті жердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін, инфрақұрылымын, халықтың әл-ауқат деңгейін біршама өзгертіп, айтарлықтай оң өзгерістердің орын алуына әсер етеді. Сондай-ақ, экономикалық аймақтағы барлық кәсіпорын толық қуатында іске кіріскенде өңірімізбен қатар тұтас республиканың экономикалық өсімге қол жеткізуіне үлкен серпін беретіндігі даусыз.

Ерғали АСХАТҰЛЫ

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.