A place where you need to follow for what happening in world cup

Халықтың үнімен үндеседі

206

Елбасы салған сара жолды сабақтастықпен қабыл алып, халықтың сеніміне ие болған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жасаған алғашқы Жолдауы ел игілігін еселеуге бағытталған маңызды құжат болып отыр.

Жолдаудың ең басты құндылығының бірі – алдымен қоғамдық диалог мәселесін негізгі орынға қоюында дер едім. Жолдаудың тақырыбы айтып тұрғандай, еліміздің тұрақтылығы мен өркендеуінің алдағы уақыттағы негізгі халық пен мемлекеттік аппарат арасындағы диалогтың орнауы болмақ. Осы орайда, Жолдауда Президент «Халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасын іске асыру бәрімізге ортақ міндет» деп өзінің ұстанымын нақты көрсетіп өтті.

Жолдаудағы азаматтық қоғамға қолдау көрсету, мемлекеттік міндеттерді шешуде азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану, қоғамды толғандыратын мәселелерді азаматтық диалог аясында шешу туралы бастама халыққа жасалған жаңаша бетбұрысты білдіреді. Сонымен қатар, Президент Жолдауында қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары болуы керек екендігі атап көрсетілген.

Жолдауда айтылған тағы бір өзекті мәселе – қазақ халқының мемлекет құрушы ұлт ретіндегі рөлін бекемдеуге қатысты пікір болып отыр. Осыған орай, Президенттің қазақ тілі жайлы «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін» деген пікірінің маңызы зор. Себебі әлемдік тәжірибеге көз жүгіртсек, мемлекет құрушы ұлттың тілі сол елде басымдылыққа ие екендігін көреміз. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлін күшейту және оны барынша ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру, тәуелсіздігіміздің іргесін бекіте түсуде аса маңызды.

Жыл өткен сайын елімізде адам саудасы, жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың саны төмендемей, керісінше, артып отыр. Бұл тиісінше жедел шара қолданылуы тиіс түйткілді мәселе деген сөз.

Президенттің Жолдауда осындай маңызды мәселелерге арнайы тоқталуы, бұл сұрақтардың алдағы уақытта мемлекеттің назарынан тыс қалмайтындығын білдірсе, оған қарсы күресті тұтас қоғам болып қолға алу баршамыздың ортақ міндетіміз болмақ.

Осыған орай, Жолдауда Мемлекет басшысы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балалар мен олардың отбасын қорғау жөнінде толыққанды бағдарлама әзірлеу қажеттілігіне тоқталған. Бұл өте маңызды да құптарлық ұсыныс дер едім. Заманында орыстың ұлы жазушысы Ф.М.Достаевский «Егер бір сәбидің көз жасы төгілетін болса, сол қоғам түкке тұрғысыз» деген болатын. Балаларымыздың бейкүнә жүзіндегі бақыт пен олардың қауіпсіз өмір сүруі біздің де қоғамымыздың басты көрсетшікі болмақ. Осы мәселенің ел басқарып отырған тұлғаның назарынан тыс қалмауы, олардың қауіпсіз болашағына деген сенімді нығайта түскені анық.

Қарлығаш ЖАНЫСБЕТОВА,

М.Әуезов атындағы шағын орталықты орта мектебінің педагог-ұйымдастырушысы.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.