A place where you need to follow for what happening in world cup

Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі

580

Әйел жерден шыққан жоқ,
Ол да еркектің баласы.
Еркек көктен түскен жоқ,
Әйел — оның анасы.

(А.Тұрмағамбетов)

Қазіргі таңда қоғамдағы әйел мен ердің орны туралы түсініктер мен көзқарастар, стереотиптер ерекше өзекті мәселеге айналып отырғаны мәлім. Жалпы, ер мен әйелдің қоғамдық рөлі жайлы ұғым мен ұстаным ұрпақтан-ұрпаққа дәстүр бойынша жалғасып келе жатқан, тамыры тереңге кеткен түсініктер негізінде қалыптасады.

Қазақстанда қазіргі кезде жүріп жатқан әлеуметтік-экономикалық, мәдени-саяси өзгерістер көптеген қоғамдық мәселелерді қайта қарауды қажет етеді. Солардың ішінде өзекті мәселелердің бірі – гендерлік мәселесі. Гендер — бұл, биологиялық емес, әлеуметтік жағдайларға тәуелді әлеуметтік жыныс, әйелдер мен еркектер арасындағы айырмашылықтар.

Бұрынырақ қазақстандық психологиялық әдебиеттерде «гендер» термині өте сирек кездесетін. Ал, қазіргі таңда бұл жағдай өзгеріс тауып, гендер ұғымы адам жайлы ілімнің барлық бағытында дами бастады. Кейбіреулер гендер ұғымын тек әйелдердің құқығын қорғау деп түсінеді. Бірақ бұл түсінік дұрыс емес.

Көптеген жағдайларда әйел затының құқықтары жерге тапталып жатады. Сондықтан әйел құқығына байланысты мәселелер туындап, гендерлік зерттеулерде көрініс тауып келеді. Осындай жынысқа байланысты дискриминация жағдайларын болдырмас үшін де гендерлік саясат жүргізіледі.

Бұл күнде қазақ әйелдерінің құқықтарын қорғайтын келесідей құжаттар бар. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, жыныс белгісі бойынша дискриминацияға тыйым салынған. Ал, 1998 жылы Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстан Республикасының Әйелдердi кемсiтушiлiктiң барлық нысандарын жою туралы конвенциясына қол қойылған болатын.

Бұрынғы кездері әйел адамды тек шаңырақтың сақтаушысы, дүниеге бала әкелетін ана және бала күтушісі ретінде ғана қабылдап, қоғамдық жұмыстарға араластырмаған. Яғни, қазақ үшін гендер жат ұғым болатын. Ал, қазіргі заманда әйелді қоғамдық жұмыстардың барлық түрінде, билік басында, саясатта, жеке кәсіпкерлікте, ғылымда тіпті әскери қызметте де кездестіруге болады.

Жалпы, Қазақстанда гендерлік саясатты жүргізу жұмысын Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық – демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия үйлестіреді. Ендігі кезекте, елімізде гендерлік саясатты жүзеге асыру үшін, қоғамдық сананы өзгерту қажет, бір жыныстың екіншісінен артықтығы және басымдылық идеясымен байланысты гендерлік стереотиптерді түбімен жою қажет деп есептеймін.

Қазақта:«Әйел – бір қолымен бесік тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді», деп бекер айтылмаса керек. Өйткені, талантты, білімді әйел ешқандай тосқауылға қарамай, отбасын да құрып және билік басында да оты-рып қызметін де атқара алады. Яғни, оның екі жақты да бірдей үйлестіріп алып жүре алатынына күмән жоқ.

Қаракөз ТІЛЕМІСОВА,
Жамбыл облысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының бас маманы

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.