A place where you need to follow for what happening in world cup

Ерлігі де, еңбегі де өнеге

205

Миллиондаған тағдырды сарсаңға салған сұрапыл соғыс тарих беттеріне қанмен жазылып, батырлардың ерлігімен бедерленді. Отан үшін от кешкен оғлан батырлардың көзсіз ерлігі өскелең ұрпақ үшін өшпес патриоттықтың өнегесі. Қатары азайса да қадірі асқақ қазыналы майдангерлеріміздің ерен ерлігінің арқасында бүгінде Ұлы дала елі Жеңістің 75 жылдығын тойлап отыр. Жеңістің жетпіс бесінші көктемін өз көзімен көріп, елінің, отбасының ортасында халықтың амандығын тілеп отырған майдангердің бірі Бердалы Қарымсақов. Мерейлі мерекеге орай облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев бастаған атқа мінер азаматтар қарт жауынгердің шаңырағына арнайы ат басын бұрып, ел Приезиденті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын жеткізіп, 1 миллион теңге қаржылай сыйлық тапсырды.

97 жастағы Бердалы батыр бала күнінен қиыншылық көріп өскен жан. Еңбекке ерте жегіліп, қиындықтарда шыңдалып, ашаршылықты да басынан өткерген. Талас ауданында туып өскенімен қиын-қыстауға қарбаласып үйренген бозбала шағында Жамбыл ауданындағы әжесінің ақ батасымен  Жамбыл қалалық әскери комиссариаты арқылы әскерге алынып, майданға аттанады. Оқ пен оттың ортасында жүріп, нағыз отансүйгіштіктің үлгісін ерлігімен таныта білді. Ленинградты қорғауға қатысты. Киев, Сталинград шайқастарында болып, Австрия, Венгрия, Германия жеріндегі ұрыстардың бел ортасында жүрді. Өліспей беріспейтін ажалмен бетпе-бет белдесе жүріп  Берлинге дейін жетті. 1944 жылы ұрыста жараланып, госпитальда емделіп шықты. Жеңістен кейін 1946 жылдың қарашасына дейін байланыс ротасында телефонист міндетін жауынгерлік жауапкершілікпен, батырлық сертпен атқарды. II дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Германияны жеңгені үшін», «Маршал Жуков», «Тың жерлерді игергені үшін» секілді бірнеше медальдардың иегері атанды. Қазір Отан үшін оққа тосқан кеудесі марапат медалдарына толы. Сол жылы қараша айында елге оралып, Куйбышев атындағы колхозда қырық жыл бойы мал шаруашылығында жан аямай еңбек етті. 1948 жылы аяулы жары Тұрсынкүлмен шаңырақ көтеріп, колхоздың бір қозысын қасқырға жем қылмай, елге беріп, ен далада адал еңбек етті. Олардан 12 ұрпақ, атап айтқанда 9 қыз, 3 ұл тарады. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырған қарт жауынгер 28 жыл бұрын аяулы жарын мәңгілік сапарға аттандырған екен. Қазір 36 немере мен 18 шөбересінің қызығына кенеліп, елдің, болашақ ұрпақтың тілеуін тілеуде. Облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев арнайы мерекесімен құттықтап, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының құттықтауын және 1 миллион теңге қаржылай сыйлық тарту етті.  «Сізді Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! Сіздердің адамзат тарихындағы ерен ерліктеріңіз бүгінгі бейбіт өмірімізге, жарқын болашағымызға жол ашты. Бұл ешқашан ұмытылмайды. Ардагерлеріміздің даңқты өмір жолы – Отанға қызмет етудің және патриотизмнің озық үлгісі. Өскелең ұрпақ әрдайым өздеріңізге қарап бой түзейді. Сізге зор денсаулық, амандық және бақ-береке тілеймін!» делінген құттықтау хатта.

– Өскелең ұрпаққа Сіздің жасыңызды берсін. Батаңызды алуға арнайы келдік. Барлық қиындықты көрдіңіздер, бүгінгі бейбіт өмір сіздердің арқаларыңыз. Жүзге жетіңіз. Сол кездегі тойыңызда жолықтырсын. Бүгінгідей бейбітшілік үшін сіздерге мәңгілік қарыздармыз. Бұл Жеңіс Сіздер төккен қанмен, маңдай термен келді. Үлкен әулеттің қазынасы, өскелең ұрпақтың өнегесі болып, ұзақ жасаңыз. Осынау немере, шөберелеріңіздің қызығын көріңіз,-деп облыс әкімінің орынбасары Мемлекет басшысының және облыс әкімінің алғысын жеткізді.

Қазіргі таңда майдангердің ұрпақтары, немерелері білім беру, әскери салаларда және ата жолын қуып мал шаруашылығымен айналысып жүр екен.

– Соғыстан жаудың басын жойып аман келдік. 40 жыл қой бақтым. Ашаршылықты көрдім. Біздің көргенімізді өскелең ұрпақ ешқашан көрмесін. Аман болыңдар, еліміз аман болсын. Қиын кезде соғыстық, еңбек еттік, балаларды жеткіздік. Оқығам жоқ. Ол уақытта оқу жоқ. Себебі елдегі жағдай қиын. Сондықтан жастарға үнемі оқыңдар, білім алыңдар деп айтып отырамын. Және білімді жастарды көріп шын жүректен разы боламын. Құдай осы бейбіт елімізді соғыстан, қауіп-қатерден сақтасын. Білім мен еңбектің арқасында ғана ел жеңіске де, жеміске де жетеді. Бақытты болыңдар,-деп батасын берді қарт жауынгер.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.