A place where you need to follow for what happening in world cup

Ерікті көмек көрсету – қоғамға пайдаңды тигізу

331

Қазіргі кезде қоғамда ұлттық болмысымызға дақ түсіретін келеңсіздіктер көп. Маскүнемдікке, нашақорлық салыну, тастанды балалар мен қарттар көбейді. Осындай сүреңсіз жағдайлардың бәрі –  немқұрайдылықтың салдары. Адамдардың бір-біріне деген мейірімінің жоғалуынан.

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөз бекер айтылмаған. Ендеше, айналамыздағы күн сайын орын алып жатқан жайсыз көріністерден құтылу үшін, жалпы қауіпсіз қоғам құру үшін жастар тәрбиесін назардан тыс қалдырмауымыз керек. Бүгінгі жастар – ел болашағы десек, аға буын соларға көрсетер үлгі-өнегесін түзеуі керек.

Осы мақсатта М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірліку «Практикалық шетел тілдері» кафедрасының аға оқытушысы жастардың қоғамдық өмірге белсенділігін арттыру, волонтерлықты дамыту мақсатында «Еріктілер қозғалысы –  азаматтық қоғам» атты сұхбат өткізді. Оған экономика және құқық факультетінің 1 курс студенттері қатысты.

Қоғамда волонтерлік көмектің орны ерекше. Себебі еш бақай есепсіз жасалған жақсылықтар адам жанын жылытады. Қолдау көрсеткені үшін ешкім өтемақы немесе материалдық қажеттілік талап етпейді. Олар көмектесуді парыз деп санайды.

Ал волонтерлік қозғалысқа атсалысу – жастарға не береді? Біріншіден, олар адамдарға көмек беріп, тәжірибе жинайды. Өмірлік маңызды дағдыларын дамытып, әлемді жаңа қырынан көруге мүмкіндік алады. Сондықтан, уақытты еріктілікке жұмсау – тұлғалық дамудың бір қыры.

Жыл өткен сайын еріктілерге ерекше көзқарас қалыптасуда. Бүгінгі таңда еліміздің түкпір-түкпірінде 200 волонтерлық ұйым жұмыс істейді. Өз еркімен қоғамға пайдасын тигізуді көздейтін еріктілердің қатары жыл санап артып келеді. Бүгінде әлем халқының 970 миллионы волонтер болса, бұл қатарды әрбір сегізінші қазақстандық толықтыруда.

Волонтерлік қозғалыс дүниежүзінде кең таралған. Мәліметтерге сенсек, әлем бойынша 1 миллиардқа жуық адам еріктілер қатарында. Ал, Қазақстанда 16 мыңның төңірегінде екен.

Ерікті көмек көрсетудің жалпы даму үдерісіне де тигізер үлесі зор. Мысалы, әлемдік ішкі өнімнің 2,5 пайызы – еріктілер еңбегінің нәтижесі екен. Бірқатар елдерде ерікті болу қалыптасқан жағдай, олар үлкен құрметке ие. Себебі, жұрт оларды ерекше сыйлайды, құрметтейді. Келтірілген ақпаратқа қарағанда, Франция халқының жартысына жуығы волонтер атанған. Сонымен қатар, Германия мен Жапонияда еріктілердің саны жылдан жылға көбейіп келеді екен.

2016 жылы 22 желтоқсанда өткен Парламент Сенатының отырысында «Еріктілер қызметі туралы» Заң қабылданды. Заңда көрсетілгендей еріктілер қызметі – жеке тұлғаларға, кәсіпорын — компанияларға, әлеуметтік топтарға көмек көрсету, қоршаған ортаны қорғау, азаматтық позицияны қалыптастыру, өзін-өзі ұйымдастыру, әлеуметтік жауапкершілік, өзара көмек көрсету және қоғамда қайырымдылық жасау.

Ерікті түрде көмек көрсету – ерлікпен тең. Қоғамға пайда тигізу – ең бір ғанибет іс.

 

Ақерке Кәрімова,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің

«Практикалық шетел тілдері» кафедрасының

аға оқытушысы.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.