A place where you need to follow for what happening in world cup

Ердос Қанаев: Өмірден өткен балапандарымыз қияметте қолымыздан ұстап, Жәннатқа кіруімізге себепші болсын

189

Ердос Қанаев өмірден өткен тұңғышының артынан жұбату айтып, көңілін көтерген ағайынға алғысын жеткізді. Өзі секілді жаны жаралы ата-аналарға басу айтты.

“Бұл хатты оқып отырып: «Ерекең тағы да аза тұтып отыр ма?» деп ойламаңыздар. Айтайын дегенім тек алғыс. Өткенде: «Абдурахим ұлымның өмірден өткеніне де 2 жыл болыпты» деген сағынышқа толы пост шығардым. Содан бері жаныма жалау болар жылы жұбату сөздерін әлі де айтып жатқан бауырларыма алғыс айтамын. Сіздердің жұбанышқа толы дұғаларыңызды оқып, менімен тағдырлас ата-аналар көп екенін білдім. Сол жандарға мен де жұбату айтайын деген едім”, – деп жазды Ердос мырза.

Әнші өзімен тағдырлас ата-аналарға Пайғамбар (с.ғ.с.) өмірінен мысал келтіріп жұбатуға тырысты. Шетінеп кеткен әр сәбидің о дүниеде шапағатшы болатынына сендірді. Әр қиындыққа сабыр етсек, Алла жақсылық пен жеңілдік беретінін айтып жұбатты.

“Құрметті менімен тағдырлас ата-ана! Жанымыз, мал-дүниеміз, отбасымыз Алланың берген нығметі мен аманаты. Одан уақытша пайдаланамыз. Уақыты келгенде, Алла оны алады екен. Алла бізге бергенде шүкір, алғанда сабыр етуге бұйырды. Егер қайғының сауабын білсек, қайғымыздың аз екенін білер едік. Баладан айрылу оңай емес. Жүрек елжірейді, көз жылайды.

Бірақ, Алланың ашуын келтіретін сөзді айтпаймыз. Біздің аузымыздан шығатын сөз: «Иннә лилләhи уә иннә иләйhи рожи’ун” болу керек екен. Дәл осы кезде: «Иә, Алла! Бұл қайғым үшін маған сауап бер, әрі оның артынан одан да жақсысын бер» десек, Алла бізге соны береді екен. Біз Алланың үкіміне разы болуымыз шарт. Егер Оның үкіміне разы болмасақ, Аллаға қайтқанымыздан кейін Раббымыз бізден разы болмайды екен. Осы тұста сіздерге бір оқиғаны баяндайын. Әнас ибн Мәликтен риуаят етіледі.

Бір кісі кішкентай ұлымен Пайғамбарымызға (с.а.с) келіп тұрады екен. Кейін әлгі кісінің ұлы дүниеден өтіп, келмей қояды. Пайғамбарымыз (с.а.с) ол кісіні сұрастырады. Сахабалар: «Ей, Алланың елшісі! (с.а.с) Сіз көрген ұл дүниеден өтті» дейді. Пайғамбырымыз (с.а.с): «Маған неге айтпадыңдар? Жүріңдер, бауырымызға көңіл айтуға барамыз» дейді.

Алла Елшісі (с.а.с) келгенде әлгі кісі көңілсіз еді. Сосын ол:» Ей Алланың Елшісі! Мен одан қартайып, әлсіреген күндерім үшін үміт еткен едім» дейді. Сол кезде Алла Елшісі (с.а.с): «Қиямет күні келіп, оған:» Жәннатқа кір» дегенде: «Я, Раббым! Ата-анам ше?» деуі сені қуантпайма?»-дейді. Оған үш рет: «Жәннатқа кір» дейді. Шапағатын жалғастырып, ақыры Алла шапағат етіп, барлығын Жәннатқа кіргізеді», – дейді.

Міне, құрметті тағдырлас ата-ана! Біздің басымызға келген қайғы бұл Алланың рақымы екен. Сол балапандарымыз қияметте қолымыздан ұстап, Жәннатқа кіруімізге себепші болсын”, – деп жазды әнші.

“Ия, Алла ақыретімізде шапағатшы болсын. Алланың барына, бізге беріп жатқан аманаттарына шүкір етемін”, “Тастың түскен жері ауыр ғой, Аллам сабыр берсін!”, “МашАлла Алла жар болсын! Балапандарға Аллам канша өмір берсе де, біздерге соншалық сабыр бере гөр Аллам!”, “Алла разы болсын Сізге. Інімнің қызы жан бауырымнан айырылғанымызға 23 күн болды. Видеоларын- фотоларын көргенде жүрегің езіледі екен. Ұшып келіп, ұшып кетті. Ата-аналарына сабыр берсін” деп жазды көпшілік.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.