A place where you need to follow for what happening in world cup

Еліміздегі 1932-1933 жылдарда орын алған ашаршылық: зұлматты тудырған себептер

244

Еліміздегі 1932-1933 жылдары орын алған ашаршылық халқымыз үшін орны толмас ауыр қасірет әкелді. Міне, биыл сол халқымыздың басына түскен ауыр зұлматтың орын алғанына да тоқсан жыл болып отыр екен. Ғалымдардың келтірген деректеріне сүйенер болсақ, сол жылдары қазақтардың 40%-ына жуығы ашаршылықтың құрбаны болыпты. Ал бір миллионға жуық қазақтар Қазақстаннан тысқары аймақтарға жан сауғалап, қоныс аударуға мәжбүр болған. Елімізді осындай ғаламат зардаптарға душар еткен ауыр зұлмат – ашаршылық қазақ халқының генофондына орны толмас ауыр шығындар келтіріп, тек көптеген жылдар өткен соң барып қана елдегі халықтың саны сол бұрынғы қалпына келе алды.

Ал сол 1932-1933 жылдары болған ашаршылық «неліктен, қандай себептерге байланысты орын алды?» деген заңды сұрақ туындайды. Бұл мәселеге байланысты тарихшы ғалымдардың көзқарасы бойынша ашаршылық сол кездегі Қазақтанның Ф.И.Голощекин басқарған басшылығының ауыл шаруашылығын ұжымдастыру кезінде жүргізген орашолақ саясатының, орталықтың белгілеген мақсаттарын жүзеге асыру барысында кеңінен етек жайып, орын алған асыра сілтеушілігінің салдары деп бағаланады. Ал соңғы кездері түрлі бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде кең таралып жатқан келесі бір көзқарас бойынша, Қазақтандағы 1932-1933 жылдары болған ашаршылық Мәскеудегі орталық үкіметтің, атап айтқанда Сталиннің тікелей басшылығымен әдейі, қасақана ұйымдастырылған әрекет деп бағаланып жатыр. Өкінішке орай, бұл көзқараста ғылыми талдау жасау мен сараптаудан көрі, эмоцияға берілу, қайғы-қасірет пен ашуы-ызаға берілген пікірлер айту басымырақ келеді.

Еліміздің тарихында 1932-1933 жылдары орын алған ашаршылыққа байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 2021 жылдың 5 қаңтар күні «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «Тарихымыздың осы ақтаңдақ беттері әлі күнге дейін жан-жақты зерттелмей келеді. Тіпті, ғалымдардың арасында ашаршылық құрбандарының нақты саны туралы ортақ пайым жоқ. Ала-құла деректер және оның себеп-салдары жайлы әртүрлі көзқарастар қоғамды адастырады. Тиісті тарихи құжаттарды, жиналған мәліметтерді аса мұқият зерделеу керек» деп айтқан болатын.

Сонымен, «Қазақтандағы 1932-1933 жылдары орын алған ашаршылық қалай болды, бұл ашаршылыққа қандай жағдайлар, қандай себептер алып келді?» деген сұраққа мүмкіндігі барынша жауап беруге әрекет етіп көрейік. 1927 жылдың желтоқсан айында Мәскеуде Бүкілодақтық коммунистік (большевиктер) партиясының ХV съезді болып өтті. Бұл съезде ауыл шаруашылығын ұжымдастыру (коллективтендіру) туралы шешім қабылданды. Бұл шешім 1928 жылдан бастап жүзеге асырыла бастады. Айта кету қажет, Қазақтандағы ауыл шаруашылығын ұжымдастыру қазақтардың сол кезде жартылай көшпелі мал шаруашылығымен айналысуымен  байланысты туындайтын өзіндік ерекшеліктеріне ие болды. Сол жылдары Қазақтанда көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан қазақтарды күшпен зорлап отырықшыландыру саясаты жүргізілді. Бұл саясат та сол кездегі қазақтардың шаруашылық жүргізу тәсілі мен әлеуметтік жағдайын ескермей күштеп жүргізілген болатын. Қазақстандағы сол кездегі жағдайды ушықтырған мәселенің тағы бірі – астық пен ет тапсыру бойынша мемлекеттік тапсырысты орындаудан туындаған шиеленіс болды. Сонымен қатар, кеңестік билік тарапынан сол кезде ауылды жерлердегі жеке меншік иелерін – бай-кулактарды тап ретінде жою мақсатын көздеген шаралар да қатар жүргізілді. Тағы да бір айта кететін жайт, сол кездегі Бүкілодақтық коммунистік (большевиктер) партиясының Қазақстан өлкелік комитетінің бірінші хатшысы Ф.И. Голощекин «Қазақстанда Октябрь революциясының әсері болған жоқ, тап күресі болмады, сондықтан Қазақстанда кіші Қазан төңкерісін ұйымдастыру керек» деп санады. Бұл көзқарас – мағынасы жағынан сұрқия, елдегі қолдан жасалған миллиондаған адамдардың өліміне алып келген қатігез және зымиян саяси концепция болатын.  Ф.И.Голощекин өзінің осы «Кіші Қазан» саяси концепциясын Қазақтандағы ауыл шаруашылығын ұжымдастыру кезінде басшылыққа алып әрекет жасағаны даусыз.

Бірінші кезекте Қазақтандағы ет пен астық дайындау ісінің орындалу барысы қалай болғанына тоқталайық. 1928 жылдан кейін Қазақтанда астық пен ет жинау жоспарын күштеп орындау кең етек алды. Сталин 1928 жылы қаңтар айында Сібірге сапар барысында Новосибирск пен Омскіде сөйлеген сөздерінде астық пен ет жинау бойынша мемлекеттік жоспардың орындалуын қамтамасыз ету үшін РКФСР Қылмыстық кодексінің 107-бабын жаппай қолдануды талап еткен еді. Осыдан кейін елде астық пен ет жинау жоспарын күштеп орындау ісі қатігездік сипат алды. Аталған бапта астық пен етті сатып алу, жасыру немесе базарға шығармай ұстау арқылы бағасын қымбаттатқаны үшін қатал жазалау шаралары қарастырылған болатын. Голощекин 1929 жылғы 13 акпан күні өткен БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің алқалы мәжілісінде астық дайындау ісінде өзіне жеке шешім қабылдау құқығын беретін қаулы шығартып алды. Бұдан былай қарай елдегі ет пен астық дайындау ісі күштеп мәжбүрлеу, жазалау және қорқыныш, үрей туғызу шаралары арқылы жүргізілді. Елдің нақты тұрмысы мен шаруашылық жағдайынан хабарсыз Голощекин егіншілікпен айналыспайтын көшпелі малшылардан да мемлекетке астық өткізуді талап етті.

Астық дайындау ісі  осылайша сорақы сипатта жүргізілді. Мысал келтіріп айтар болсақ, астық өткізуден екі жыл мерзімге босатылуы тиіс Сырдария облысындағы көшпелі мал шаруашылығымен айналысатын Талас және Созақ аудандарында күштеп астық даярлау жұмыстары жүргізілді. Ал кейбір жерлерде етке өткізілуге тиіс мал саны қолда бар мал санынан анағұрлым асып жатты. Мысалға айтар болсақ, Балқаш ауданында қолда бар малдың саны 173 мың болса, ал етке өткізілуге тиіс малдың саны 300 мың болып белгіленген. Осылайша, жергілікті жерлерде егіншілікпен айналыспағандарға астық, малы жоқтарға ет салығын салу кең өріс алды. Оны орындамаған жергілікті басшылар да, шаруалар да жазаға тартылды. Сол себепті ешкімнің ешкімді аямауы, әрқайсысы өз басын қорғау үшін жауапкершіліктен бас тарта отырып, басқаларды құбандыққа шалу үйреншікті қалыпқа айналды.

Осындай қатыгездік жолмен сталиндік-сібірлік тәсілді басшылыққа алған Голощекин ет пен астық дайындау барысындағы жіберген қателіктерін байлар мен кулактарға қарсы күрес деген желеумен бүркемеледі. Осылайша Қазақстанда аса қатігездікпен жүргізілген ет пен астық дайындау науқаны шаруалардың шаруашылығына ғана емес,  олардың өз өмірлеріне де аса зор қауіп туғызды.  Партия басшыларының жүргізген қатігез саясаты жергілікті жерлерде қарапайым адамдарды шарасыздық күйге ұшыратып, ел арасында үрей мен қорқыныш туғызды. Партияның арнайы және жергілікті өкілдері өздері жіберілген аймақтарда аталған 107-баппен соттау, түрмеге қамау әрекеттерін кеңінен қолданды. Ал 1932-1933 жылдары ет пен астық дайындау барысындағы мемлекеттік тапсырысты орындамағаны үшін жазалау шараларын одан сайын қатаңдатқан, көп жылға қамау және тіпті ату жазасын белгілеген бірнеше заң ережелері қабылданды. 1932 жылғы 7 тамыз күні қабылданған «Мемлекеттік кәсіпорындардың, ұжымдар мен кооперациялардың мүлкін және қоғамдық (социалистік) меншікті қорғауды күшейту туралы» заң жазалау шараларын одан әрі өршіте түсті. Аталған заң бойынша ату, немесе жазасын жеңілдетіп, мүмкін болған жағдайда мүлкін тәркілеп, он жылға бас бостандығынан айыру жазасы белгіленген еді. Осылайша қанқұйлы саясат жүргізген сол кездегі партия басшылары қарапайым халықтың күйзелісін одан әрі үдетіп, шегіне жеткізді. Әуелі малдың, одан кейін адамдардың жаппай қырылуы орын алды. Мысал келтіріп айтар болсақ, Торғай облысында 1931 жылғы 100 мың бас малдан 1933 жылы бар болғаны 4 мың бас мал ғана калды.

Қазақстанда ет пен астық дайындау науқаны барысында шаруаларға қарсы кең көлемде қуғын-сүргін, жазалау шаралары жүргізілген болатын. Қарастырылып отырған кезеңде 56498 ауыл тұрғындарының әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны, ал солардың 34121-і ату жазасына кесілгені қолда бар деректер негізінде белгілі болып отыр.

Екінші кезекте Қазақтандағы байлар мен кулактарды тап ретінде жою мақсатының іске асырылуына тоқталайық. Байлар мен кулактарды тап ретінде жою бойынша тиісті шараларды даярлауға байланысты Қазақстан өлкелік партия комитеті жанынан үштік (орысша – тройка) деп аталатын орган құрылды. 1930 жылдың 23 қаңтар күні өткізілген алғашқы құпия мәжілісінде жаппай ұжымдастыру өткізілетін аудандардан бай-кулактардың қожалықтарын жер аударуды екі бағытта – Қазақстанның өз ішінде және Қазақстаннан тыс жерлерге қоныс аудару жоспарланды. Осы жоспарланған жұмысты ұйымдастырып, іске асыру үшін жергілікті жерлерде де жедел түрде үштіктер құрылды. Үштіктердің құрамына округтік партия комитеттерінің хатшылары, округтік атқару комитеттерінің төрағалары, ОГПУ-дің басшы қызметкерлері енді. Жергілікті жерлердегі бай-кулактардың отбасыларын есепке алуға үштіктерге он-ақ күн уақыт берілді. Бай-кулактардың отбасыларын жазалауға, жер аударуға байланысты барлық жұмыстар қатал, шұғыл және асығыс түрде жүзеге асырылып отырды.

Байлар мен кулактарды тап ретінде жою бойынша шараларды іске асыру барысында партия, кеңес және ОГПУ органдары және олар арандатып, айдап салған жергілікті шолақ белсенділер өз халқына қарсы аяусыз, қатыгез әрекеттер жасауға барды. Бұл бағытта әсіресе Қазақстан өлкелік партия комитеті жанынан құрылған байлар мен кулактарды тап ретінде жою бойынша шараларды жоспарлап дайындаған, құрамында Құрамысов, Асылбеков және Альшанский бар үштік комиссия ерекше, шектен тыс белсенділік танытты. Комиссия 1930 жылы ақпан айында байлар мен кулактардың қожалықтары жер аударылатын жері құнарсыз, қиян даладағы тоғыз аудан белгіленді. Бұл аудандар бұрын халық тұрмаған, өнеркәсіп орындарынан, темір жолдардан алыс, елсіз-сусыз, шөл және шөлейт аймақтар болатын. Бұл аудандарға бастапқы кезде шамамен 24 мың бай-кулактардың шаруа қожалықтары жер аударылатын болып белгіленді. Қысқасын айтқанда, сол кездегі үштіктердің қабылдаған шешімдері мен жасаған әрекеттері көптеген адамдарды қайғы-қасіреттерге душар етті.

Ал енді Қазақстандағы ауыл шаруашылығын ұжымдастырудың жүргізілу барысы қалай болды? Бастапқы кезде ауыл шаруашылығын ұжымдастыру ісі жалпы Одақ көлемінде жоғары қарқынмен басталып, әкімшіл-әміршіл жүйеге тән зорлап күштеу әдісімен жүргізілді. Бұл жергілікті жерлерде шаруалардың наразылығын тудырып, тіпті кейбір аудандарда шаруалардың көтерілісіне де алып келді. Оған мысал ретінде Қазақстандағы Созақ көтерілісін айтуға болады. Сол кездегі ауыл шаруашылығын ұжымдастыру ісіндегі орын алған зорлық-зомбылық пен асыра сілтеушіліктерге байланысты Бүкілодақтық коммунистік (большевиктер) партиясының Бас хатшысы И.В.Сталин «Правда» газетінде өзінің «Головокружение от успехов» («Табыстан бас айналу») атты мақаласын жариялады. Ол өз мақаласында ауыл шаруашылығын ұжымдастыру ісіндегі орын алған келеңсіз әрекеттер мен зорлық-зомбылықтарды сынға алды. Осы мақаладан кейін жергілікті жерлерде күштеп зорлаудың нәтижесінде қабылданған шаруалар колхоздардан шығып кетті. Колхоздастыру жұмысының баяулауына байланысты орталық енді жергілікті кеңес органдарынан бұл бағыттағы жұмысты күшейтуді талап етті. Ауыл шаруашылығын ұжымдастыру ісі енді жер-жерлерде жаңа қарқынмен, аяусыз күштеп зорлау жолымен қайтадан жалғасты.

Қазақстандағы жаппай ұжымдастыру да жоғарыдан берілген бұйрықтар мен нұсқаулар, директивалар арқылы жүргізілді. Бүкілодақтық коммунистік (большевиктер) партиясы Орталық Комитетінің 1930 жылғы 5 қаңтар күні қабылданған «Ұжымдастырудың қарқыны және мемлекеттің колхоз құрылысына көмектесу шаралары туралы» қаулысында жаппай ұжымдастыруды Қазақстанда негізінен 1931 жылдың күзінде немесе 1932 жылдың көктемінде аяқтау міндеті қойылды. Тағы да Қазақстандағы жергілікті ерекшеліктерді ескерместен, белгіленген міндеттерді осылай жоғарыдан қысым жасау арқылы орындау әдісін қолдану басталды. Шаш ал десе бас алуға дайын Голощекин елдегі ұжымдастыру ісін барынша тездетуге тырысты. Ол науқаншылдыққа басып, республикада жаппай ұжымдастыру айлықтарын өткізді. 1932 жылдың 1 қаңтарында отырықшы аудандардың көпшілігіндегі ұжымдастыру 60-80%-ға дейін жеткізілді. Ал көшпелі қазақ ауылдарын ұжымдастыру бұдан да тез қарқынмен жүргізілді. Ұжымдастыру көп жағдайда күштеу, зорлау, қорқыту, жазықсыз жазалау әрекеттері арқылы жүзеге асырылып отырды. Қазақстанда ұжымдастыру қарсаңында 1 млн 218 мың шаруа қожалықтары бар болатын.  Егер 1930 жылдың 1 сәуіріне қарай Қазақстанда 649400 шаруа қожалығы ұжымдастырылса, сол жылдың маусым айында ұжымдастырылған  шаруа қожалықтарының саны 353900-ге азайды. Елдегі 300000-ға жуық шаруа қожалықтары колхоздардың құрамынан шығып кетті. Республикадағы колхоздардың саны бұл кезеңде 7019-дан 5701-ге дейін азайып кетті [8, 166 б.]. Ұжымдастыру аяқталған соң, 1933 жылдың ортасына қарай олардың бар болғаны 628 мыңы ғана калды. Осыдан-ақ Голощекиннің күштеп ұжымдастыруының қандай ауыр зардаптарға алып келгенін аңғаруға болады. Дәстүрлі күнкөріс көзінен – малынан айрылған қазақтар аса ауыр жағдайға, ашаршылыққа душар болды.

Жалпы алғанда, адам айтқысыз зорлық-зомбылықтар, күштеу және жазалау шаралары, кеңінен қанат жайған асыра сілтеушіліктер арқылы жүзеге асырылған ауыл шаруашылығын осылайша ұжымдастырудың нәтижесінде Қазақстан ғаламат демографиялық зардаптарға душар болды. 1926 жылғы Қазақстанда жүргізілген бірінші санақ қорытындысы бойынша республика аумағында 3 628 000 тұрғын халық мекен еткен екен. Ал сол санақтан дәл 12 жылдан кейін, 1939 жылы өткізілген санақ бойынша елдегі тұрғын халық санының 1 321 000 адамға, яғни 36,7%-ға  азайғандығы анықталған. М. Тәтімов сияқты тарихшы-демографтардың пікірлеріне сүйенер болсақ, тіпті осы сандардың өзі төмендетіп көрсетілген, демек бұл көрсеткіштер елдегі демографиялық процесті жан-жақты зерттеу, ғылыми талдау барысында едәуір дәрежеде түзетуді қажет етеді дегенді білдіреді. Егер осы деректерге сүйеніп ғылыми болжам жасар болсақ, онда 1930 жылдың ортасына қарай Қазақстандағы тұрғын халықтың саны орташа есеппен алғанда 4 120 000 адамды құраған болар еді [10, 13 б.]. Жоғарыда келтірілген деректерге сүйене отырып есептейтін болсақ, онда 1932-1933 жылдарда орын алған ашаршылық кезінде Қазақстан өзінің тұрғылықты халқының 2 миллионнан астам адамынан айырылған болып шығады.

Қазақстанда орын алған осындай сорақылықтарды Голощекин және оның айналасындағылар жасырып, бүркемелеуге тырысты. Бірақ орын алып отырған жағдайды өз басын отқа тігіп, ашық айтқан азаматтар да болды. Олардың қатарында сол кездегі Қазақстанның Халық Комисарлар Кеңесінің төрағасы Ораз Жандосов, РКФСР-ның Халық Комисарлар Кеңесі төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұлов және басқалар болды. Олардың қаққан дабылы ақыры өз нәтижесін берді. 1933 жылдың аяғына қарай  Голощекин өз орнынан алынды. Казақстандағы орын алған жағдайды тексеру үшін орталықтан С.М.Киров бастаған партиялық комиссия жіберілді. Қазақстандағы халықтың ашаршылыққа душар болған ауыр жағдайына және оны реттеуге байланысты ұсыныстар айтылып, тиісті шаралар қабылданды. Ұлт ретінде жойылып кетудің аз-ақ алдында қалған қазақ халқынан ғаламат қауіптің бұлты сейілді. Ал 1936 жылы Қазақстан РКФСР-ның құрамынан бөлініп, дербес одақтас республикаға айналды. Бұл жағдай сөз жоқ, 1991 жылы Қазақстанның еш қиындықсыз тәуелсіздік алуына өз ықпалын тигізді. Ал  Голощекин болса, өзінің жасаған қылмыстары мен жіберген асыра сілтеушіліктері үшін жауапқа тартылып, ату жазасына кесілді. Осылайша, оны ашаршылықтан опат болған миллиондаған қазақтың қаны жібермеді.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә. Назарбаев өзінің 2017 жылдың 12 сәуір күні жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының «Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы» атты тарауында «Өткен ХХ ғасыр халқымыз үшін қасіретке толы, зобалаң да зұлмат ғасыр болды. … Біз тарихтың сабағын айқын түсінуіміз керек. … Біздің кешегі тарихымыз бұлтартпас бір ақиқатқа – эволюциялық даму ғана ұлттың өркендеуіне мүмкіндік беретініне көзімізді жеткізді» деп тұжырым жасаған болатын. Әрине, еліміздегі ашаршылықтың барлық қыры мен сыры, себептері мен салдарлары қысқаша ғана баяндаумен шектелмейді. Мақаламызды бұл мәселе жөнінде еліміз Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында жазған мына сөздерімен аяқтағымыз келеді: «Білікті мамандар жүйелі зерттеумен айналысып, соған сәйкес ашаршылық мәселесіне мемлекет тарапынан баға берілгені жөн. Біз бұл күрделі мәселеге ұстамдылықпен және жауапкершілікпен қарауымыз қажет. Жалпы, тарихи зерттеулерді ұраншылдық пен даңғазасыз, таза ғылыми ұстаныммен жүргізген дұрыс». Сонымен, халқымызға ғаламат қайғы-қасірет пен ауыр зардаптар әкелген бұл зұлматтың біз білмейтін, бірақ білуге тиіс астарлары мен қатпарларын зерттеп анықтау алдағы күндердің үлесінде.

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті,

философия және саясаттану кафедрасының

аға оқытушысы Баярисов Режеп Оразбайұлы

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.