A place where you need to follow for what happening in world cup

Ел күзетінде – 20 жыл

394

Жуалы аудандық «Достық» мәдениет үйінде аудан аумағында орналасқан 91678 әскери бөлімінің құрылғанына 20 толуына орай салтанатты жиын өтті.

Салтанатты жиынға «Оңтүстік» өңірлік әскерлері қолбасшысы, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы, 91678 әскери бөлімінде қызмет еткен құрметті әскерилер, ардагерлер, Ауған соғысының ардагерлері мен жеке құрам сарбаздары қатысты.

Салтанатты жиын алдында әскерилер бөлімде оқу-жауынгерлік тапсырмаларын орындау барысында қар-көшкіні астында қалып қаза болған жауынгерлердің ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, еске алу рәсімінен бастады.

Саханаға әскери оркестрдің сүйемелдеуімен жауынгерлік ту алып келінді.

Мемлекеттік Әнұранымыз орындалып, ЛЕД экраннан әскери бөлімінің 20 жылдығына орай дайындалған бейне ролик көрсетілді, әскери бөлімнің тарихы жайлы баяндалды.

Құттықтау сөз кезегі «Оңтүстік» өңірлік әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Кайдар Каракуловқа берілді. Генерал-майор әскери бөлімінің құрылуы, оның батальон болып, кейін таулы-егерьлік полк болып жасақталуы, әскери бөлімнің алғаш ашылған сәті, әскери бөлімге Елбасы, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың келіп көріп, жоғары баға беруі, алғаш ашылған кездегі жағдайы мен бүгінгі қуатты техникалармен, қару-қарақтармен жабдықталған жағдайы және материалдық-техгикалық базасы, бөлімнің дамуына зор үлес қосқан әскерилердің еңбегі жайлы тебірене әңгімелей келіп, әскерилерді 20 жылдық мерейтойымен құттықтады.

Бөлімге «Оңтүстік» өңірлік әскерлері қолбасшылығының атынан естелікке теледидар тапсырды.

Әскери бөлім командирі жиынға арнайы шақырылған құрметті қонақтарды құттықтап, естелік сыйлықтарды табыстады.

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының атынан да арнайы Құттықтаухаты тапсырылды.

Сөз аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағыға берілді.

-Бүгінде мемлекетіміздің Қарулы Күштері жауынгерлік даярлықтың жоғары қарқынды деңгейімен, сапалы жұмылдыру резервімен, ұлттық әскери оқу орындары жүйесімен және қажетті материалдық-техникалық қамтамасыз етілуімен ерекшеленеді,- деді Асхат Базарбайұлы. — Жуалы ауданының аумағында орналасқан 91678 әскери бөлімі 2000 жылы Жаркент қаласындағы 74261 әскери бөлімінде  батальон болып жасақталып, Гвардейск гарнизонында жауынгерлік оқу-жаттығуға қатысып, Бауыржан Момышұлы ауылына келіп шоғырланды. Бірінші Тараз қаласындағы таулы атқыштар бригадасының құрамында болды. Кейін жеке батальон болып, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына тікелей бағынды.

2013 жылы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің Директивасына сәйкес, полк болып жасақталды.

Біздің таулы-егерьлік полкі ТМД елдеріндегі осы бағыттағы жалғыз полк.

Әскери бөлім Ауған соғысының ардагері, жуалылық генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев ағамыздың бастамасымен, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының қолдауымен құрылған.

2001 жылы әскери бөлім жаңа ашылғанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзі келіп көріп, жоғары бағасын беріп қайтқан еді.

Әскери бөлім ауданымыздың қоғамдық өміріне белсене араласады. Жастармен, Ауған соғысының ардагерлерімен кездесулер, түрлі патриоттық іс-шаралар өткізіп отырады.

Қарулы Күштеріміздің қанаты қатайып, бұғанасы бекіген сайын жауынгерлік әлеуеті де жыл сайын артып келеді.

Әскери қызметшінің туған жерге деген айнымас адалдығы мен ерлік істері өскелең ұрпақ үшін өшпес өнеге. Әскери қызметшінің қиындыққа толы және халық игілігі жолындағы ерен еңбегі елімізде жоғары бағаланып келеді.  Әскери қызметші – мемлекетіміз бен тәуелсіздігіміздің тірегі.

91678 әскери бөлімі түрлі әскери оқу-жаттығуларға қатысып, үздік көрсеткіштерге қол жеткізуде. Сонымен бірге Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қатарында ең үздік әскери бөлімдердің қатарында. Сондықтан таулы-егерьлік полкте, Батыр Баукеңнің жерінде, елінде қызмет ету бөлімдегі кез келген әскери қызметші үшін үлкен абырой деп есептеймін.

Құрметті әскерилер! Бүгінгі мереке бізге айрықша қымбат. Әскери бөлімнің абыройы, Отанымыздың тыныштығы мен бейбітшілігі, жетістігі үшін еткен елеулі еңбектеріңізге әрдайым абырой мен табыс тілемін!

Ең бастысы – еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Биік рухты, өр мінезді, білімді де білікті азаматтарымыз көп болсын!

Осылай дей келе Асхат Базарбайұлы полк командиріне аудан әкімдігінің атынан Жуалы ауданының 90 жылдығына арнайы шығарылған белгілі қаламгер марқұм Мақұлбек Рысдәулеттің «Жуалы» кітабын және естелік сыйлықты салтанатты жағдайда тапсырды.

Жауынгерлік ту шығарылып, кезек әскери бөлімнің 20 жылдығына арнайы дайындалған концерттік бағдарламаға ұласты.

Концерттік бағдарлама шымылдығы әскери оркестрдің сүймелдеуімен, аға сержант Азамат Амантұровтың орындауында «Әлқисса» күйімен басталды.

Әскерилер жанды дауыста ән салып, түрлі музыкалық аспаптардың құлағында ойнайтындықтарын көрсете білді. Патриоттық рухта әуелете ән шырқады. Аудан орталығындағы №1 өнер мектебінің вокалды-инструменті ансамблі «Комват» әнін орындады. Аудандық «Қызғалдақ» ән-би ансамблінің әнші қыз-жігіттері де әскерилерге әсем әндерін тарту етті.

Концертік бағдарлама «Сарбазға ұран» әнімен аяқталды.

Перизат Шымыртайқызы

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.