Елімізде әр жыл сайын тамыз айының екінші жексенбісінде «Құрылысшылар күні» атап өтіледі. Ел экономикасының қарыштап дамуы мен жаңа белеске көтерілуі жолында бұл салада қызмет етіп жүрген мамандардың орны ерекше. Құрылыс саласындағы мамандардың жұмысы қай кезде де қауырт келеді. Кез келген жұмыстың тиянағын келтіріп, барлық ауыртпалықты көзбен көретін де, нағыз еңбектің бел ортасында жүретін де осылар. Алайда, көбіне-көп құрылысшылар жүргізген жұмыстың нәтижесі бірден білінеді де, ал олардың өзі көлеңкеде қалып қойып жатады.
Шынтуайтына келгенде, қай жұмыстың болмасын сапалы әрі мерзімінде жүргізілуі, құрылыстың қиюын келістіріп, жұртқа жайлы ете білу де құрылысшылардың жанкешті жұмысына тікелей байланысты екенін ұмытып кететініміз бар. Міне, дәл осы құрылысшы мамандардың арқасында біздің ауданымызда да аз тірлік атқарылып жатқан жоқ. Мәселен, жылдың төрт мезгілінде де тыным таппайтын құрылысшыларымыз биылғы жылы ауданда екі бірдей мектептің бой көтеруіне сеп болуда.
Иә, әр жыл сайын жазғы демалыс басталысымен аудандағы мектептер жоспар бойынша ағымдағы және күрделі жөндеуден өтетіні белгілі. Мұндай жүйелі жұмыстар биыл да өз жалғасын тауып отыр. Оған қоса, қос бірдей ауылда су жаңа мектептің құрылысы қарқынды жүргізілу үстінде. Осыған орай, аудандағы мектеп оқушыларын қабылдайтын білім ошақтарының оқу жылына дайындығы қай деңгейде деген сұраққа жауап іздеп, аймақ көлемінде атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымын анықтап көрген едік.
Айта кету керек, Шу қаласының іргесінде орналасқан Алға ауылдық округіндегі білім ошағы алғаш рет 1961 жылы пайдалануға берілген болатын. Іргетасының қаланғанына жарты ғасырдан астам уақыт болған мектеп өткен жылы «Анко Тараз» ЖШС-і жүргізген зерттеудің нәтижесінде апатты деп танылған еді. Осыны ескерген аудан басшылығы былтыр 300 орындық мектептің құрылысын бастау үшін қаржы қарастырып, құрылыс жұмыстарын бастаған. Қазіргі таңда Алға ауылында су жаңа білім ошағы бой көтеріп, ондағы жұмыстар ерекше қарқын алған. Құрылыс жұмыстарына жауапты «Лидер-НК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі Ыбырай Ермекбаевтың айтуынша, бүгінде мұндағы жұмыстың 65 пайызы толық аяқталған көрінеді.
– Мектептің құрылыс жұмыстарын өткен жылдың қазан айында бастаған болатынбыз. Алайда, ауа райына байланысты қыс айларында жұмыс толығымен тоқтап, үстіміздегі жылдың сәуір айында ғана жұмысқа кірістік. Қазіргі кезде бұл нысанда 80-нен аса құрылысшы тынымсыз еңбек етуде. Олардың айлық жалақысы орта есеппен алғанда 200 мың теңгенің көлемінде. Бүгінгі күнге дейін мектептің қабырғасы қаланып, шатыры толық аяқталды. Сонымен бірге ішкі әрлеу жұмыстары да ақырындап басталуда. Білім ошағындағы зәулім спорт зал мен 120 оқушыға арналған асхана және өзге де кабинеттер заман талабына сай соғылуда. Жалпы аумағы 3886 текше метрді құрайтын нысанның сыртқы жұмыстары да жақын арада басталады. Ал мектептің сыртқы келбеті аудан әкімдігі тарапынан таңдалып жатыр. Сәтін салса, қазан айының аяғына дейін құрылысты толық аяқтауды жоспарлап отырмыз, — дейді Ыбырай Алтынсарыұлы.
Жалпы жобалық-сметалық құны 844 миллион 689 мың теңгені құрайтын білім мекемесі үш қабаттан тұрады екен. Аталған нысанның сапасын бақылау үшін «Абил Строй Инжиниринг» ЖШС-і техникалық қадағалаушы ретінде таңдалса, мұндағы жұмыстардың сапасынан бөлек, қауіпсіздік және санитарлық шараларды бақылау мақсатында арнайы қоғамдық бақылау тобы құрылыпты.
Сонымен қатар, Бірлікүстем ауылдық округінде де су жаңа мектеп бой көтеріп, биылғы оқу жылында оқушыларды қабылдауға әзір болмақ. Жобалық құны 857 миллион 335 мың теңгені құрайтын білім ошағының құрылыс жұмыстарына «СП-Нефт» ЖШС-і жауапты екен. Өткен жылдың қазан айында басталған жұмыстар үстіміздегі жылдың тамыз айына дейін толық аяқталуы тиіс болатын. Алайда, еліміздегі эпидемиологиялық ахуал құрылысқа қолбайлау болып, сәл кешеуілдеуі де мүмкін. Бір айта кетерлігі, Бірлікүстемдегі мектептің құрылысына жергілікті жердің азаматтары да тартылып, екі қолға бір күрек таппай жүргендерге жұмыс көзі болып отыр. Осылайша, ұзақ жылдар бойы қабырғасы сөгілуге шақ қалған мектептің оқушылары биылдан бастап заманауи үлгіде соғылған мектепте білім алмақ.
Ерғали АСХАТҰЛЫ.