Желіде күннің суығында екі баласын велосипедпен әкетіп бара жатқан ер адамның видеосы тарап кетті. Бет-аузын шарфпен орап, ұйықтап отырған қыздың бейнесі халықты бей-жай қалдырмады. Осындай әкелерді елге үлгі ету керек, деп жазысты жұрт. Осы орайда қызылордалық блогер, жайдарманшы Асылхан Дүкенбаев сбор ашып, елдің атынан әкейге көлік сыйламақ, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Балаларын велосипедпен тасып жүрген әкей Қызылордада тұрады. Ол алғаш видеоны желіден көргенде ашуланып қалыпты. «Сыртымнан түсіріп алады деп ойламаппын» дейді өзі. Бірақ халықтың тілегін, ыстық ықыласын оқыған соң, басылғанын айтады.
Көп ұзамай, жергілікті белсенділер отбасыға көлік алып беруді ұсынған. Алайда ол кісі бас тартыпты.
«Орта шаруамыз, аш емеспіз. Бізден де төмендер бар ғой. Әлеуметтік желіде тележканың үстінде отырған отбасыны көрдім. Оны көргенде жүрегің езіліп кетеді, қолыңдағы барды бергің келеді.
Оның қасында шүкірміз Аллаға деп келіншегіміз екеуміз қарсылық білдіргеніміз рас. Бауырларымыз хабарласып, екі сәбидің көңілі әсер етіп жатыр деді. Жақсылық та, бәрі Алладан. Көңілдеріңізге рахмет, қазақтың көңілі дархан ғой. Халыққа рахмет», — деп жағдайды түсіндірді екі баланың әкесі.
Елдің көмегінен бас тартқан қарапайым жанның өз атында баспанасы да жоқ екен. Отбасы времянкада тұрады.