ЕGov.kz порталы және eGov mobile қосымшасында мекенжайдың өзгергені туралы ақпаратты көрсететін жаңа сервис іске қосылды, яғни жылжымайтын мүлік нысаны мекенжайының өзгеруі тарихын осы арқылы білуге болады. Бұл туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мәлімдеді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Министр әдетте мұндай мәселе жылжымайтын мүлікті сату немесе мүлік кепілін тіркеу кезінде туындайтынын айтты.
«Бәлкім, біреулердің жылжымайтын мүлікті сату кезінде тұрғылықты мекенжайының өзгергенін анықтап, ал ол мәліметтерді растау үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына барып уақытын жоғалтып, әуре-сарсаңға түскен кездері болған шығар.
Осылайша, жаңа сервис нотариустар мен банктерге өз клиенттерін ХҚКО-ға жібермей, осы деректерді тікелей алуға мүмкіндік береді. Атап өтейін, егер азаматтардың құжаттарының цифрлық нұсқасы болса, олардан түрлі анықтамаларды талап ету заң жүзінде тыйым салынады. Осылайша, қызмет көрсету уақыты қысқарып, жұмыс процесі жеделдетіледі. Бұл Мемлекет басшысының мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту саясатына негізделген», — деп жазды Бағдат Мусин Instagram-парақшасында.
Бағдат Мусиннің айтуынша, сәліметтерді білу және растау үшін мекенжайдың тіркеу кодын білу жеткілікті. Қажетті ақпарат eGov.kz порталында «Сервистер» бөлімінде және eGov mobilе қосымшасында «Жылжымайтын мүлік және ТКШ» бөлімінде қолжетімді болады. Осылайша, жылжымайтын мүлік мекенжайының өзгеру тарихы көрсетіледі.