Облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаевтың аудандағы жұмыс сапары бүгін де жалғасын тауып, бірқатар құрылыс нысандарын аралады. Ағымдағы жылы пайдалануға берілетін Төле би ауылдық округіндегі спорт кешені мен салтанат сарайының құрылыс барысымен танысты. Құрылыс қарқынын көрген Е. Дауылбаев «Ауыл ел бесігі» жобасы аясында бой көтеріп бастаған бұл нысандарды белгіленген уақытта аяқтау үшін жұмысшылардың санын арттыру керектігін тапсырды. Айта кетерлігі, салтанат сарайында 420 орындық мәдениет үйі, 63 орындық мәжіліс залы, 45 орындық бар-буфет болады деп жоспарланған. Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары осы жылы пайдалануға беріледі деген Алға ауылы мен Бірлікүстем ауылдық округіндегі 300 орындық білім ошақтарының құрылыс жайымен танысты. Сонымен қатар Жаңа жол ауылдық округіндегі тоқтап қалған кірпіш зауытын да назардан тыс қалдырмады. Онда зауыттың газбен жабдықтау жүйелеріне қосуға арналған техникалық шарттарды алу қажеттігі белгілі болды. Зауыт иесі тәулігіне 35-40 000 дана кірпіш жасауға мүмкіндігі барын айтып отыр. Е.Дауылбаев өз сөзінде: аталған мәселе шешімін тауып, зауыт жұмысы ары қарай жалғасатын болса жоғарыда аталған екі мектептің құрылысына қажетті кірпіштерді осы зауыт қамтамасыз ету керектігін айтты.