A place where you need to follow for what happening in world cup

Еңбек Ерінің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды

268

Аудан орталығы Мойынқұм ауылында Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың 125 жасқа толған туылған күніне орай еңселі ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.
Жайдарлы мінезді, жарқын жүзді Жаз-ата атанған «Дала академигі», «Малшылардың маршалы», «Сұңқардың саңлағы» деп аталған, бар ғұмырын ақтылы қой өсіруге арнаған, Мойынқұм ауданының гүлденіп, көркеюіне ерекше үлес қосқан Ж.Қуанышбаевты және арамыздан кеткен еңбек ардагерлерін бір минут үнсіздікпен еске алынды.
Содан соң аудан әкімі Мәден Тоқтарбайұлы Мұсаев сөз алып
— Бүгін біздің жерлесіміз, аты аңызға айналған даңқты шопан Жазылбек Қуанышбаевтың туған күні. Мойынқұмның маңғаз даласын мыңғыраған малға толтырып, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған Жаз-атаның 125 жылдығын атап өткелі отырмыз. Жаз-атаның отарынан алынған қаракөл елтірілері Дели, Бухарест, Познань, Нью-Йоркте өткізілген аукциондарда көрсетілді. Қазақстанда қаракөл қойын өсіру қолға алынғанда еліміз бойынша Жаз-ата онымен алғаш айналысқандардың бірі болды. Жазылбек атамыз өзі ғана табыстың тай қазанын тасытып қоймай, көптеген шәкірт тәрбиеледі. Жаз-ата 1962 жылы еңбек демалысына шыққаннан соң да қарап отырмай қой өсіру жөніндегі қоғамдық нұсқаушы, тәлімгерлік жасап, ортақ іске өзіндік үлесін қосты. Ауданда шопандар мектебін қалыптастырды. Көптеген малшыларға ұстаз болып, өзінің білгенін, мал бағудың қыр-сырын үйретті. Қазақтың қыдыр қонған ақсақалы, малшылардың маршалы атанған екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевты біз әркез мақтан етеміз. Атамыздың жүректерге нәр құйып, тұла бойды шымырлатып өтетін аталы сөздері ұрпақты Отансүйгіштікке, адал еңбекке, үлкенді сыйлап, кішіні құрметтей білуге баули беретін болады,- деді ол.
Келесі сөз кезегін алған аудандық мәслихаттың хатшысы Бақытжан Қалымбетов: «Мал шаруашылығында ерен еңбегі жоғары бағаланған Жаз-атаның даңқы, Қазақстан ғана емес, бұрынғы Кеңес Одағы көлеміне мәлім болды. Ол жарты ғасырдай адал еңбегімен шалғайда жатқан ауданның атын аспандатып, мерейін көтерді. Оның даңқы кешегі одақ көлеміне дейін белгілі болып, біздің ғана емес, барша қазақстандықтардың мақтанышына айналды. Қашанда, қай жерде болсын Мойынқұм десе Жаз-ата есімізге түсетіні де бекер емес»,- деп ізгі тілегін білдірді.
Сонан соң сөз алған ауданның Құрметті азаматтары Күлзада Тілеубаева, Әбдікерім Тойшыбеков Жаз-атамен бірге болған кездерін еске алып, аңыз адам Жаз-атаның мерейжасын атап өтуге қолдау білдірген аудан басшысына ризашылықтарын білдірді. Мұнан кейін Т.Рысқұлов атындағы тірек мектебінің оқушысы Дильназ Ақылберген, Жамбыл атындағы мектеп-гимназиясының 3 сынып оқушысы Жанасыл Жарылқасын Жаз-атаға арналған жырларды тебірене, нақышына келтіріп оқыды.
Рәсімнің соңында Көкжелек ауылындағы «Шопан ата» мешітінің имамы Әлімбай Қойшығұлұлы Жаз-атаға және арамыздан кеткен еңбек ардагерлерінің рухтарына арнап, құран бағыштады.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.