Бейсенбі күні Шу ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Н.С.Жақсыбаевтың төрағалық етуімен аудан әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі кеңес отырысы өтті.
Жиынға аудан әкімі жанындағы діни кеңестермен байланыстар жөніндегі кеңестің мүшелері, аудандық АТТ мүшелері және Шу қаласы мен ауылдық округ әкімдері, жастар орталығының қызметкерлері, аудандық, қалалық және ауыл имамдары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Төраға отырыстың күн тәртібімен таныстырып, кезекті баяндамашыларға берді. Алдымен аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Р.Ж.Аманғазиева аудандағы діни ахуал жайында мәлімдеме жасады. Баяндамашы бейнебақылау құрылғылары істен шыққан, әлі күнге дейін құжаттары толықтырылмаған мешіттердің жайы сынды орын алып жатқан кейбір кемшіліктерге тоқталып өтті. Осыдан кейін аудан әкімдігі білім бөлімінің бас маманы М.К.Булекбаева «Аудандық білім беру жүйесіндегі діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға қатысты жүргізген жұмыстары туралы», Шу қаласының әкімі С.Қ.Жаңғарашев «Шу қаласының діни ахуалы туралы», аудандық орталық «Төле би» мешітінің бас имамы А.Д.Алмаханов «Аудандық орталық «Төле би» мешітінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы», Шу қаласы орталық «Жәми» мешітінің бас имамы Қ.Д.Үрпеков «Шу қаласы орталық «Жәми» мешітінде атқарылған жұмыстар туралы» баяндамалар жасады.
Кеңес отырысы соңында Нұрлан Сегізбайұлы ауылдық мешіттердің имамдары тарапынан көтерілген сұрақтарға жауап беріп, маңызды мәселелерді шешуге тырысты. Сондай-ақ, кеңес мүшелерін нәтижелі жұмыс жасауға шақырды.
Балнұр ЖЕКСЕНБЕКҚЫЗЫ