Қаһарлы қыс қыр асып, көктем шуағы төгілуіне бір жеті қалды. Көктемнің ұзынсары атанған мезгілі қат-қабат, қарбалас тірлікті де ала келетіні бесенеден белгілі. Қой қоздап, қорада шу басталды. Көктемнің бір күні жылға азық екенін жақсы білетін диқан қауым дала төсін еңбек дүбіріне бөлейді. Егіс алқаптарында еңбек көрігін қыздырып, ертеңгі күннің мал өнімінің негізін қалайды. Олай болса, ауданымызда көктемнің шуағы, жауынның ылғалы, жер-ананың қызуымен егілетін көктемгі егістің барысы қалай? Қанша гектар жерге қандай дәнді-дақылдар егілмекші? Қатысатын техникалар күші жаңартылама? Су тапшылығы сезілеме? Шаруалар бұл жағдайаттарды қалай қабылдайды? Ауыл шаруашылығында биыл қандай жеңілдіктер бар деген сауалдарға жауап беру мақсатында аудан әкімінің кеңесшісі Аманалы Құрбанов бастаған аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қанат Темешбаев, «Жамбыл ауданының ветеринариялық станциясы» ШЖҚ КММ басшысы Сәкен Нұржаубаев және «Қазсушар» РМК Аса өндірістік бөлімшесінің бастығы Есенбек Қалдыбеков бар арнайы жұмыс тобы Ақбұлым, Полатқосшы, Гродеково, Қызылқайнар, Бесағаш, Қарой, Қаратөбе, Айшабибі, Жамбыл, Қарасу, Көлқайнар, Ақбастау, Аса және Қаракемер ауылдық округтеріне табан тіреп түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бұл жауапты науқан. Неге десеңіз көктем шуағы еніп, жер сызы кетісімен, дала төсінде көктемгі егіс жұмыстарына дайындық басталады. Бұл күзде орғанын кәдеге жаратқан егіншілердің тағы да қарбаласқа түсетін, қайнаған еңбектің қызатын шағы. Шаруалармен кездесу барысында Аманалы Омарұлы тұрғындарға су пайдалануды реттеуді басты назарда ұстап, су тапшылығына түсіністік танытып, үнемдеп пайдалану керектігін айтса, Есенбек Қарамолдаұлы әрбір шаруа су алу үшін құжаттарын реттеп, 1 сәуірге дейін келісімшартқа отыру керектігін ескертті. Ал мал шаруашылығына қатысты түсінік берген сала маманы Сәкен Әбілханұлы малдан адамға жұғатын аурудан сақ болып, малдан бөлінетін шуды итке бермей оны арнайы жерге көму керектігін айтты. Олай жасамаған жағдайда бруцеллёз ауруына әкеп соғатынын тіпті мүгедек болып қалатын жағдайлар кездесіп жатқанын ескертті.
Бүгінде ауыл шаруашылығы саласы еліміздің экономикалық, әлеуметтік өмірінде айрықша орын алатыны баршамызға белгілі. Мемлекет тарапынан шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы бағдарламаларды жүзеге асыру ауданымызда да қарқын алу үстінде. Қалай десекте қазақтың жүрегі – ауылда. Жаһандану дәуірінде қазақылықтың қаймағын бұзбай сақтап отырған ауыл адамдары екені баршаға мәлім. Жылма-жыл егіс көлемін ұлғайтып жер анадан берекелі өнім жинай білген, төрт түлігін түлетіп, ыдысы ақтан арылмаған жергілікті тұрғындардың табыс қазанын қайната түсуіне үлкен жол ашылып келеді. Биыл ауыл шаруашылығындаға шаруаларға біршама жеңілдіктер қарастырылды. Бұл туралы әр ауылға жол тартқан келелі кездесу барысында көз жеткіздік. Мәселен судың тарифы 26 тиын, өзінің ісін ашамын деген азаматтарға 5 милион теңеге 5 проценпен кредит беріледі. Ауыл шаруашылығына қатысты техникалар мен жабдықтарды сатып алсаңыз 25%, жайылымдағы суландыру инфрақұрылды дамыту аясында құдықтар немесе ұңғымалар қазатын болсаңыз 50%, мал бордақылауға арналған баз соқсаңыз 25%, жылыжай кешенін салсаңыз 25% ын Үкімет төлейді. Тағысын тағы. Сондай-ақ Жамбыл облысында техниканы жаңарту бағдарламасына сәйкес мемлекеттен 490 млн теңге қаржы бөлінді. Бұл бағдарлама бойынша кез-келген азамат 30-40 жыл болған тозығы жеткен техникаларын өткізіп, орнына жаңа құрылғыларды алу мүмкіндігі бар. Мемлекет 25 пайызын төлесе қалған қаражатты 7-8 жылға бөліп төлейсіз. Мамандардың айтуынша жоғарыда аталған жеңілдіктерді алу үшін құжаттар заңды болуы шарт. Талапқа сай болмасаңыз жеңілдіктен қағыласыз.
Аудан аумағындағы агро-құрылымдардың көктемгі дала жұмыстарына дайындығы туралы аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қанат Базарбековтың бізге берген мәліметтеріне сүйенер болсақ, үстіміздегі жылы 57 371 гектарға ауыл шаруашылық дақылдарын орналастыру жоспарланған. Оның ішінде дәндi дақылдар үлесі – 19 100 гектар, майлы дақылдар 2938 га, қант қызылшасы 500 га, картоп 580 га, көкөніс-бақша дақылдары 8 840 га, мал азығы дақылдары 25 392 га, таңқурай (малина) 21 гектарға егілетін болады. Осылайша әр ауылдық округте көктемгі егіс жұмыстарын бастап, егіс дақылдарын жоспарға сай орналастыруды мақсат тұтқан аудан шаруаларына жұмыс тобының үгіт насихат жұмыстары тың серпін бергенін тұрғындардың ықыласынан байқалады. Несібесін жерден жинайтын шаруалар қауымының бел жазбай еңбек ететіні де осы кез. Әрине, дала еңбеккерлері талмай еңбек етсе қандай межеге де қол жеткізуге болады. Бір білетініміз жамбылдық диқандар мен шаруалар тынымсыз тірліктің арқасында табыстың тайқазанын тасытатынына сеніміміз мол.
Sign in
Sign in
Recover your password.
A password will be e-mailed to you.
Алдыңғы жаңалық
Келесі жаңалық