A place where you need to follow for what happening in world cup

Біздің заманның атымтай жомарты

204

Қиын-қыстау кезеңде халқына пана болып, бейбіт заманда ақыны мен батырын әспеттеп, төбесіне көтерген қазақтың қалталы азаматтары әр кезеңде болған.
Өнерлісін еркелете төбесіне көтеріп, білімдісін жасына қарамай төрге оздыратын бабаларымыз рухани байлықтың бағасы өзге дүниеден басым екенін о бастан-ақ терең түсінген. Бабадан жалғасқан осы дәстүрді ары қарай дамытып келе жатқан Сарысулық азаматтарымыз жетерлік.
Күллі қазақтың рухани дүниесін байытып, талғамын дұрыс қалыптастыруға үлкен үлес қосып, тұлғалар еңбегін дәріптеуді мақсат тұтқан атымтай жомарттарымыз яғни меценаттарымыз бұл жолда аянбай еңбек етіп келеді.
Осындай ауданымыздың атымтай жомартына айналаған халық қалаулысы, ауданымыздағы білдей «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің директоры Мұратқали Бақыткерейұлы Сәрсеновтың Сарысу халқына жасаған қайырымды істері жалпыға аян.
Арғы атасынан берілген тектілік пен ақсүйектік Абайша айтқанда, нұрлы ақыл, жылы жүрек, ыстық қайраты, адамгершілігі мен интеллектуалдық биіктігі, қарапайымдылығы мен ұлтына деген ұлы сезімі Мұратқали Бақыткерейұлын басқалардан өзгешелеп тұрады.
Ал, біз олардың жақсылықтарын жастарға үлгі ете отырып, ұлықтап, қолымыздан келгенше солардың ісін жалғастыруға тырысуымыз керек.
Халық қалаулысы М.Сәрсенов қа¬зақ¬тың «қол жұмылмай – жылынбайды» деген даналық сөзін бір сәт те естен шы¬ғар¬май, өзіне сенім артқан сары¬су-лық¬тарға қолынан келгенше көмек беріп келеді.
«Қаратау» және «Шолақтау» тау-кен өңдеу кешендерін 2005 жылдан бері «Құрмет» орденінің иегері М.Б.Сәрсенов басқарып келеді. Осы жылдар ішінде ұтымды ұйымдастыру мен тиімді басқарудың нәтижесінде кешен жұмысы бірқалыпқа түсіп, алға қарай ілгеріледі.
Мұратқали Бақыткерейұлы кешен жұмыстарымен қатар қоғамдық, әлеуметтік мәндегі жұмыстарға да ерекше мән қойып, айналысуға уақыт табатын азамат.
Сондай еңбектерінің бағаланғанының арқасында қатар жатқан Талас, Сарысу және Созақ аудандарының Құрметті азаматы атағына ие болды. Сонымен қатар Жамбыл облыстық маслихатының депутаты.
Жаңатас қаласының жартығасырлық тойы қарсаңында М.Б.Сәрсеновке Қазақстан Республикасы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқарудың дамуы мен қалыптасуына қосқан елеулі үлесі үшін Қазақстан мәслихат хатшыларының бірлестігі 2019 жылғы 15 сәуірдегі №ІІ/19 шешімімен «Облыстың құрметті депутаты» атағы беріліп, төсбелгі тағылды. Аудан халқы Мұратқалидай азаматқа көрсетіліп жатқан барлық марапаттарды лайықты деп санайды.
Өйткені М.Сәрсенов басшылық жасайтын «Қаратау» тау кен-өңдеу кешені әлем бойынша тараған COVID-19 індетінің алдын алу шараларын күнделікті жалғастыруда. Сонымен бірге өндіріс орындарындағы аз қамтамасыз етілген, көпбалалы отбасыларына және мүмкіндігі шектеулі балалары бар азаматтарға қолдау көрсетуде.
Маусым айында ғана «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені бойынша 170, «Шолақтау» тау-кен өңдеу кешені бойынша 48 отбасыларының әрбірі 50 келі ұнмен, 25 келі қантпен және 25 келі күрішпен қамтамасыз етілген болатын. Сол отбасылардың барлығына тағы да 25 келі күріш берілді. Сонымен қатар, «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені бойынша 41, «Шолақтау» тау-кен өңдеу кешені бойынша 13 отбасыға 50 келі ұн мен 50 келі күріш үлестірген болатын.
Бұл Мұратқали Бақыткерейұлы Сәрсенов сынды азамат басқарып отырған «Қаратау»тау-кен өңдеу кешені тарапынан жасалынып жатқан игі іс. Мұндай игілікті істерді жасауды кешен басшысы өзінің азаматтық борышы деп қабылдайды.
Сарысулықтардың қашаннан алғысына кенелген Сарсенов мырза бұл жолы Құрбан айт мерекесі күні де көптің алғысына кенелді.
Осы күні кешендіктер Мұратқали Бақыткерейұлының бастамасымен 180 отбасына шикідей ет таратып, құрбандық шалды.
Ол қандай игі істер атқарса да, ешкімге міндет етпей, заманына сай адал еңбек етіп жүр. Еңбектің қашанда еленгені жақсы.
Дей тұрғанмен, еңбегің елің үшін елеулі, пайдалы болып жатса, қалайша қуанбайсың. Себебі-сен керексің. Еліңе, өңірге қажетсің. Олардың алдында сенің өз орның, беделің бар. Сені бүкіл облыс халқы біледі, қадірлейді, құрмет тұтады.
Дегенмен, еңбек марапат, атақ-даңқпен өлшенбейді. Еңбасты баға-аудан халқының ыстық ықыласы, ілтипаты. Аудан халқының ыстық ықыласпен құрмет көрсетуі «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің директоры Мұратқали Бақыткерейұлы Сәрсеновтің еңбегіне берілген зор баға.
Ол тек өз жұмысшы-қызметкерлерінің ғана жайын ойламай, халықпен санаса білді. Қариялардың алғысына кенеліп, қашанда көмектесетін Мұратқалидай азаматқа қалай алғыс айтсақ та жарасады.

Дариха Үмбетиярова, Сарысу ауданы

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.