A place where you need to follow for what happening in world cup

Бірлескен жұмыс – берекенің бастауы

274

Аудан әкімі Олжас Қаржауовтың Жетітөбе және Күреңбел ауылдық округтеріне іссапарынан осындай ой түйдік.
Сапар барысында ол аталған округтердің елді мекендеріндегі әлеуметтік нысандарды аралап, проблемаларымен танысты.
Іссапар Жетітөбе ауылдық округінің Қосмұрат ауылындағы медициналық пункттің жұмысымен танысудан басталды. Денсаулық сақтау мекемесінің бүгінгі жай-күйі туралы аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің міндетін атқарушы Айгүл Қалдыбайқызы таныстырды.
Олжас Есалханұлы медициналық пункттің жарамды ғимаратының құжаттарын дұрыстап, жөндеу жұмыстарын жүргізіп, табиғи газ бен таза ауызсу жүйесін кіргізу қажеттігін тапсырды. Яғни, ауыл тұрғындары үшін жұмыс істеп отырған ақ халаттыларға қолайлы жағдай жасап, тұрғындармен бірлескен тірлік керектігі айтылды.
Одан кейін аудан әкімі О.Қаржауов Шыңбұлақ ауылына кіреберістегі апатты жағдайдағы көпірді көріп, құрылыс мамандарын шақырып, зерделеу жұмыстарын жүргізуді сала басшыларына тапсырды. Дәл осы ауылдағы Т.Рысқұлов атындағы орта мектепке, ауылдық мәдениет үйіне, кітапханаға, мешітке, медициналық пунктке бас сұғып, мұндағы ахуалды да көрді. Мамандармен тілдесіп, проблемаларын тыңдады. Мәдениет үйіне, кітапханаға және медициналық пунктке жаңа ғимарат соғылу керек болса, мектептің шатырын ауыстырып, интернет жылдамдығын арттыру мәселесін шешу қажет.
Әрі қарай аудан басшысы Майбұлақ ауылындағы медициналық пунктінде болып, ақ халаттылардың жұмысын көрді. Ғимараты жаңадан соғылып, пайдалануға берілген денсаулық сақтау орнында жылу жүйесі дұрыс жұмыс істемейді.
Тасбастау ауылында болғанда ауылдық округ әкімі Рәт Көсембаев аймақ басшысына ауылдың орталық көшесінің бойында орналасқан Ұлы Отан соғысының қатысушыларына арналған ескерткішті алдағы уақытта көріктендіріп, жастардың сейіл құрып демалатын орнына айналдыру жоспары бар екенін айтып өтті. Ескерткіш маңына балалар ойын алаңшасын түсіріп, көше спортын дамыту үшін «Стрит воркоут» алаңшасын соғу керектігін баса айтты.
Ауылдағы №41 бастауыш мектебінде 47 оқушы білім алады. Ғимараттың төменгі қабатында мұғалімдер балаларға білім берсе, жоғарғы қабатында денсаулық сақтау қызметкерлері тұрғындарға медициналық көмек көрсетеді.
Аймақтың тыныс-тіршілігімен жете танысқан Олжас Есалханұлы округ орталығы Кәріқорған ауылына да аялдап, ондағы әлеуметтік нысандарды аралап, тиісті мекеме басшыларына тапсырмалар берді. Ауылдың мал дәрігерлеріне жұмысты бақылауда ұстау қажеттігі мен мал басына екпелердің уақтылы салынуы керектігін айтты.
Аталған елді мекендерде байланыстың және интернет желісінің нашарлығы сөз болды. Көпшіліктің өтініш, тілегі осы дүниелермен қатар, табиғи газ бен ауызсу мәселесіне келіп тірелді.
Аудан әкімінің іссапары одан әрі қарай ауылдық округке қарасты Қоңыртөбе ауылында жалғасып, ауылдағы білім беру, мәдени, денсаулық сақтау ошақтарында болды. Д.Пахомов атындағы орта мектепте салынған спорт залды көріп, мектептің ішін аралап шықты. Жылу жүйесі мен интернет желісі туралы сұрастырылды.
Ауылдық округтің әлеуметтік нысандарымен танысқан аудан басшысы Қоңыртөбе ауылдық клубында өңірдің зиялы қауым өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесуде ауыл ақсақалдары сөз алып, бірнеше мәселелерді көтерді. Шыңбұлақ ауылынан келген қария Каналбек Құралбаев өзі тұратын елді мекендегі көптен бері қордаланған проблемасын көтеріп, мәдениет үйін соғып беруді сұрады. Сонымен қатар, бірнеше жыл бұрын жөнделген ауыларалық жолдың тозығы жеткенін, кітапхананың да жай-күйін айтып өтіп, үйді-үйге жүргізілген табиғи газдың құжаты әлі келмегенін, соның салдарынан тұрғындар тұтынған табиғи газдың төлемақысын төлей алмай отырғанын жеткізді.
Ал, ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Рақымжан Сатаев болса табиғи газдың толық келуіне ықпал етуді сұранды. Жастардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін спорт орындарын салып, ауыл шаруашылығын дамыту керектігін айтты.
Ауылдық округтте көптен күткен қуаныштың бірі – табиғи газ құрылысының жүруі еді. Дегенмен де қуаныштары мен үміттері толық ақталмаған тұрғындар наразылықтарын білдіруде. Газ құбыры құрылысын жүргізген компанияға құжаттарды ертерек беруді талап етуде. Округ бойынша 486 үйге табиғи газ кіргізілсе, оның ішінде 20 тұрғын үйдің жеке есепшоты ашылған. Газды пайдаланғанына екі айдың жүзі болған жұртшылық ертеңгі күні оның төлемақысын төлеу отбасыларына салмақ салатынын айтып шырылдауда.
Тұрғындардың жанайқайын тыңдаған аудан әкімі О.Қаржауов талап пен тәртіпке бағынып, табиғи газды пайдаланудың тиісті нормаларын орындау керектігін айтты. Сонымен қатар, ауыл әкіміне, тиісті мекеме басшылары, құрылыс жұмыстарын жүргізген компания басшысына бұл мәселені айдың соңына дейін шешуді жүктеді.
Жиын барысында аудан басшысы тұрғындарды кәсіпкерлікке бет бұрып, иелігіндегі жерді тиімді пайдаланып, тұрмыстық жағдайын арттыруға шақырды. Ауылды көріктендіріп, әр отбасы ауласына тал-дарақтар ексе деген ұсынысын білдірді.
Жиынға қатысқан аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков сөз алып, ауылдық жерлерде тұрғындар ауыл шаруашылығын дамытып, бірлескен жұмыс жасау керектігін айтып өтті.
Түс ауа іссапар Күреңбел ауылдық округінде жалғасып, мұндағы Күреңбел, Қаратас ауылындағы да бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады. Қаратас негізгі мектебіне күрделі жұмыс жүргізу керектігін көріп, спорт залдың жоқтығын білді. Ауылдық округтегі барлық мәселелерді жіті назарға алды. Күреңбел ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның мамандарымен тілдесіп, алдағы уақытта жаңа соғылатын ғимараттың жерін көрді. ал, Күреңбел бөбекжай-балабақшасына ғимараттың терезесін ауыстырып, сыртына жөндеу жұмыстары жүргізу керектігіен қанықты.
Одан кейін ауылдық мәдениет үйінде тұрғындармен кездесіп, олардың ұсыныс-тілектерін тыңдады. Жиында Қаратас ауылының тұрғыны, қария Алтынбек Қуанышев сөз алып, ауызсу мен жаңа мектеп соғу мәселесін көтерді.
Ал, «Нұран» шаруа қожалығының төрағасы Сәулембек Көмекбаев «Кәсіпкерлікке бет бұрып, тұқыммен айналысқаныма 5-6 жылдың көлемі болды. Ол үшін Қытайдан арнайы жылжымалы құрылғыларды алдырдық. Құрылғылармен қазіргі таңда 80 пайыз ауданның шаруаларының тұқымдарын тазап жатырмыз. Мұның барлығына өз күшімізбен жетіп отырмыз. Енді осы ісімізді алға жылжыту үшін бізге ауылдағы жарықтың күші жетпейді. Сондықтан жұмысымды жандандыру үшін жеке трансформатор керек. Оның барлығы болса, алдағы уақытта құрылғылар алып, құрама жемшығаратын цех ашсақ деген ойдамын» дейді.
Дәл осындай мәселемен «Іңкәр» шаруа қожалығының төрағасы Еркебай Нағашбеков те сөз алып, кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті жанның бірі екенін жеткізді. Ол ауылда ауа райының қолайсыз күндері жарық жиі өшіп қалатынын, интернеттің нашарлығын айтты. Сонымен қатар, жарық жүйесі реттелсе, газды блок, құмды блок құятын цех ашу ниетте екенін тілге тиек етті.
Ауыл тұрғындарының өтініштеріне құлақ түрген аудан басшысы көпшілікті ауылды дамыту үшін кәсіпкерлікке шын ниетпен бет бұруды ұсынды. Кейбір сұрақтар бойынша тұрғындарға жеке қабылдауға жазды. Бірлесіп, ауыл халқының өмірі үшін тиімді әрекет жасауға шақырды.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.