Ислам дінінде ғылым мен білімге ерекше мән берілген. Құранның ең алғашқы бұйрығының «Оқы!» деп келуінің ерекше мәні бар. Жалпы Құранда «білу» деген мағынаға саятын «илм» түбірінен туындаған 780 сөз өтеді. Ал ғылымның маңыздылығын ұғына түсу үшін ғылым деген сөзбен мағыналас хикма мен ғалым деген мағынаға келетін «хаким» сөздері де жиі қолданылады. Бұл әрбір мұсылман баласының дүниеге келген соң білуге ұмтылып, білгенін жан-жақты арттыруы қажеттігін көрсетсе керек.
Бұл ретте, елімізде діни білім сапасын арттыруға баса назар аударылып келеді. Сондай-ақ, дін қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға да ден қойылған. Осыған орай, жуырда республика көлемінде теологтар мен дін саласындағы өзге де мамандардың біліктілігін арттыруға бағытталған курс өткізілген еді. Онлайн форматта ұйымдастырылған шара Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің бастамасымен қолға алынған.
Оқыту курсының өз деңгейінде өтуіне «Жаңа-Ру» жастар коалициясының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі жауапты болды. Оқыту курсына еліміздің барлық өңірлерінен 190 дін саласының мамандары қатысып, білімдерін жетілдірді.
«Zoom» платформасы арқылы өткен онлайн дәрісті дінтану, исламтану, психология, құқық саласындағы PhD доктор, ғылым кандидаты дәрежесіндегі білікті мамандар оқыды. Сабақтар барысында олар біліктілікті арттыруға ғана мән беріп қоймай, қоғаммен байланыс және жеке тұлғалармен сұхбаттасу, оңалту жұмыстарын жүргізу кезінде қолданылатын әдіс-тәсілдермен бөлісті.
Жоба қорытындысы бойынша, курс барысында дәріс алған қатысушылар өз біліктіліктерін едәуір шыңдады. Сондай-ақ, дәріс берушілерден алған оқу-әдістемелік құралдарын алды. Бұл олардың жұмыс барысында қолдану арқылы өз қызметтерін жоғары деңгейде атқаруларына үлкен көмек болмақ.
Бұдан бөлек, оқыту курсы барысында білім алған қатысушылар ұйымдастырушылар тарапынан арнайы сертификаттарға ие болды.