A place where you need to follow for what happening in world cup

Бердібек Сапарбаев Жамбыл ауданына жұмыс сапарымен барды

263

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев ауылдық жерлердің әлеуметтік-экономикалық ахуалын барлау мақсатындағы жұмыс сапарын облыс орталығына жақын орналасқан Жамбыл ауданынан бастады.

10 мыңнан астам тұрғыны бар Жалпақтөбе ауылында өз ісін ілгерілетіп отырған тұрғындар аз емес десек, солардың бірі «Шәріпов» шаруа қожалығының басшысы Фахриддин Шәріпов. Ол 270 гектарға пияз, картоп, сәбіз, қант қызылшасын өсірумен айналысуда.

Өңір басшысы шаруақожалықтың сыйымдылығы 1200 тонна болатын көкөніс сақтау қоймасымен танысты. Сондай-ақ, шаруақожалықтың 16 тракторы, басқа да қосалқы техникалары мен лизингке сатып алынған қызылша жинау кешендері бар. Алайда, егіліп, өткізілген тәттітүбірінің берешек мәселесі қайта өндеушілер тарапынан шешілмей отырғанына алаңдаушылық танытқан фермер бүгінде қант зауыттарының бірі өзіне 25 миллион теңге қарыз екендігін жеткізді. Диқан үшін айналым қаражаты көктемгі егістік алдында қаншалықты маңыздылығын айтпасақ та белгілі.

Облыс әкімі бұл мәселеден хабардар екендігін, қызылша егумен айналысып отырған шаруалармен кездесіп, қалыптасқан жағдайды және одан шығу жолдарын талқылайтынын баса айтты. Бұл мәселеден ауыл шаруашылығы министрлігі де сырт қалмайды. Сондай-ақ, аймақ басшысы жергілікті нарықты барынша өз азық-түлігімізбен толықтыру керектігін айтты.

Бұдан соң Бердібек Сапарбаев В.Чкалов атындағы мектепке ат басын бұрып,  оқушылар мен ұстаздардың жай-күйін барлап, білім ордасына жиналған бірқатар жалпақтөбеліктермен кездесті. Кездесуде тұрғындар ауылдағы шаруашылықты дамыту, жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін туындап отырған жер тапшылығы мәселесін көтерді. Жиында ауылдықтар Мәдениет үйі керек деген тілектерін де білдірді.

 «Жер қорына талдау жүргіземіз, пайдаланылмай отырған жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып, нақты жұмыс істегісі келетіндерге беретін боламыз.  Жалпы облыс бойынша ағымдағы жылы осындай 70 мың гектар жерді мемлекетке қайтаруды жоспарлап отырмыз», — деп атап өтті Б. Сапарбаев.

Тұрғындармен өткен кездесуде облыс әкімі еліміздің басты игілігі – халық бірлігін көздің қарашығындай сақтау керектігіне көңіл бөлді. Сонымен қатар, өскелең ұрпақты ұлттық дәстүрлерге, үлкендерді құрметтеуге, сабырлылыққа тәрбиелеудің маңыздылығын жеткізді.

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мәифей Әбдіхалиль  аймақ басышысының орамды ойларын қуаттаса,  облыстық ҚХА мүшесі Руслан Исмазов ауыл тұрғындарын мемлекеттік тілді белсенді меңгеруге шақырып, «Мен қазақ тілін меңгеруге қатысты бірнеше курсты аяқтадым. Нәтижесінде жергілікті халықпен еркін араласып, қарым-қатынасым тереңдей түсті. Мемлекеттік тілге деген ынтам да күн сайын артып келеді», — деп өз ойын ортаға салды.

Бердібек Сапарбаевтың аудандағы жұмыс сапары «Super-pharm» ЖШС-нің бір реттік медициналық бұйымдарды өндіру зауытында жалғасты.  Жалпы 300-ге жуық өнім түрлерін, оның ішінде медициналық халат, бинт, бір реттік бахилдер, медициналық бетперделер, төсеніш және басқа да өнімдер шығаратын зауыттың бүгінде екінші кезеңі аяқталған. Қазіргі таңда бір реттік қолданылатын үш компонентті шприц өндіретін зауыттың үшінші кезеңі жаңғыртылуда. Алайда, «Super-pharm» ЖШС директоры Қайрат Қаймолдаев доллар бағамы мен инфляцияның өсуін ескере отырып, өнімнің бағасын көтеру, денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның зауыт өніміне шекті бағаны бекітуге қатысты қолдауға зәру екендігін білдірді.

Бұдан соң облыс әкімі Айша бибі ауылдық Мәдениет үйінде орналасқан коворкинг орталығының жұмысымен танысып, ондағы мәжіліс залында ардагерлермен және зиялы қауым өкілдерімен кездесті.

 Б. Сапарбаев аудандық орталық ауруханасына барып, МӘМС енгізу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар барысына қанықты. Бүгінгі таңда аудан бойынша 324 адам сақтандырылмаған десек, балаларды вакцинациялау деңгейі 98 пайыз және медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету деңгейі 86 пайызға орындалған. Аймақ басшысы аурухана ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге қол ұшын беретінін тілге тиек етіп, уақыт созбай жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу, мемлекеттік сараптамадан өту керектігін баса айтты.

Аса ауылында орналасқан «Амангелді ГӨЗ» ЖШС Тараз филиалының мұнай өндеу зауытының директоры Оралбай Исақаев кәсіпорын 18 өнім түрін, оның ішінде үш маркалы бензин мен мазут, төрт дизель отыны мен авиакеросин шығаратынын атап өтті. Алайда, шикізат тапшылығынан зауыт қолда бар қуаттың 10 пайызымен ғана  жұмыс істеуге мәжбүр болып отыр. Зауытқа айына 15 мың тонна мұнай қажет, бірақ газ өңдеу кәсіпорны шикізатты жеңілдетілген бағамен сатып ала алатындар тізіміне енгізілмеген. Сондай-ақ, экспортқа рұқсаттың болмауы да зауыттың жұмысына кедергі келтіруде.

Бердібек Сапарбаев зауыттың аудандағы тұрақты әлеуметтік жағдайын арттырудағы маңыздылығын атап өтіп, қалыптасқан жағдайды шешу  жолдарын қарастыру үшін жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Бердібек Машбекұлының аудандағы жұмыс сапары М. Төлебаев атындағы өнер мектебінде қорытындыланды.  Онда Жамбыл ауданының активімен кездесу өтті. Кездесуде алдағы жоспарлар туралы аудан әкімі Сәкен Арубаев баяндады. Аймақ басшысы ауданның  әлеуеті, адами капитал мен табиғи ресурстары облыс бойынша алдыңғы қатардан көрінуге зор мүмкіндік беретінін атап өтті. Ең бастысы – қоғамдағы бірлікті сақтау керектігін жеткізіп, ынтымақсыз дамыған экономикаға да, азаматтардың өмір сүру деңгейі мен әл-ауқатын арттыруға да мүмкін еместігін баса айтты. Сондай-ақ, ел қамы мен өз отбасының игілігі үшін жұмыла еңбек ету – өмірлік табыстың басты қағидасы екендігін тілге тиек етті.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.