Қордай ауданына жұмыс сапары барысында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев төтенше жағдайлардың салдарын жою жөніндегі облыстық штабтың отырысын өткізді. Оған құқық қорғау органдарының жетекшілері қатысты.
Айта кетейік, ағымдағы жылдың 14 ақпандағы жағдай бойынша 91 жылжымайтын мүлік объектісі зардап шеккендігі анықталса, оның ішінде 63 тұрғын үй және 23 коммерциялық нысан бар. Бұл ретте 23 тұрғын үй және 3 коммерциялық нысан шамалы ғана зақымдалған десек, сондай-ақ 47 бірлік автокөлік құралы зардап шеккен.
Облыстық штабтың мәліметтері бойынша, ауданда болған оқиғалар барысында 185 азамат зардап шеккен. Бүгінде 41 тұрғын ауруханаға жатқызылған. Нақтырақ айтсақ, Қордай аудандық ауруханасында 9, Алматы қаласында 30, Тараз қаласында 1, Қырғыз Республикасында 1 адам ем алуда.
Ағымдағы жылдың 7-13 ақпан аралығында Қордай, Қарасу, Ауқатты, Сортөбе бақылау-өткізу бекеттері арқылы Қырғыз Республикасына барлығы 23 131 адам өтіп, 21 261 адам кірген.
Ауылдарды тазалау жұмыстарына 250 адам және 53 бірлік техника жұмылдырылып, барлығы 680 тонна құрылыс қоқысы шығарылыпты.
Қазіргі уақытта 55 дүкен, 3 дәріхана, 14 АЖС және 30 басқа да коммерциялық нысан тұрақты жұмыс жасауда.
Жоғалған құжаттарды қалпына келтіру үшін Сортөбе ауылдық округі әкімдігінің ғимаратында мобильді халыққа қызмет көрсету орталығы құрылды. Ол орталық арқылы бүгінге дейін 48 туу туралы куәлік, 36 жеке куәлік, балаларға арналған 793 қосымша анықтама, 14 жылжымайтын мүлік туралы құжат, 8 неке туралы куәлік берілген.
Мүлкі зардап шеккен азаматтарға жалпы 3,9 миллион теңгенің ақшалай көмегі үлестірілген. Сондай-ақ, 17,5 тонна күріш, 40 тонна ұн, 7 тонна қант, 500 литр өсімдік майы және басқа да гуманитарлық көмектер көрсетілген.
Бүгінгі таңда ауданда тұрақты жағдай сақталуда, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша тиісті жұмыстар жалғасуда.
Отырыс қорытындысы бойынша облыс әкімі Бердібек Сапарбаев тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, зардап шеккен нысандарды, мүлікті, құжаттарды қалпына келтіру және елді мекендердегі қалыпты тіршілік жағдайын қамтамасыз ету бойынша бірқатар тапсырмалар берді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі