Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты №25 түзеу мекемесіндегі жазасын өтеушілер даңқты аяқ доп шеберлері, ұлттық құраманың мүшелері, «Ордабасы» және «Ақтөбе» футбол клубтарының ойыншылары Бауыржан мен Абылай Жұмабекпен, «Тараз» футбол клубының капитаны Мақсат Әмірхановпен кездесті. Жиында ҚАЖ департаментінің бастығы, әділет подполковнигі Жәнібек Қосжанов мұндай жүздесулердің сотты болғандар үшін мән-маңызы зор екенін атап өтті.
— Салауатты өмір салтын ұстану – әр адамның өмірлік кредосына айналуы тиіс. Себебі, дені сау ұлт – қоғамның тірегі. Елге белгілі спортшылардың түзеу мекемесіндегі арнайы контингент өкілдерімен кездесуі оларды еркін өмірге қайта оралуына қанаттандырады, — деді Жәнібек Жамалбекұлы.
Жиын барысында атақты футболшылар жазасын өтеушілерді заң мен тәртіпті қатаң ұстануға әрі қоғам бейімделуге шақырды. Аяқ доп шеберлері бұл ретте спорттың маңызы зор екенін жеткізді. Соңында мекемедегі мәдени-спорттық шараларға қатысып, өз белсенділіктерін көрсетіп жүрген бірқатар сотталған азаматтарға Алғыс хат пен кубок табыс етілді.