A place where you need to follow for what happening in world cup

Бейбіт күн бізге аманат

149

Еліміздің сан ғасырлық тарихында мақтаныш тұтар, бүгініміз бен келешегіміз үшін ғибрат алар, кеудемізге қиналғанда үміт отын жағар оқиғалар мен Отан алдындағы адал қызметінен үлгі алар тұлғалар аз болмаған. Ерекше толқыныспен тебірене есімізге алар 1941-1945 жылдардағы сұрапыл соғыстағы  майдангер бабаларымыздың ерен ерлігі ғасырға жуық уақыт өтсе де жүрегімізден өшпесі анық. Мамыр айының мерейлі мерекесі жақындай түскен сайын кескілескен ұрыстың, майдан даласындағы ерен ерліктің ескірмес естеліктері қайта жаңғыра түседі. Биыл Ұлы Жеңістің 75 жылдығы. Фашистік Германияның тұтқиылдан лап еткен отты соғысына Шу ауданаралық әскери комиссариатынан 11 мыңға жуық майдангер аттанған. Қаншамасы елге оралмай, қара қағаз қаншама жүректерді қан жылатты. Отты жылдары жерлестеріміз Саттар Естемесов пен Сәду Шәкіров Кеңес Одағының батыры атанып, Михаил Перепелов жауынгерлік «Даңқ» орденінің толық иегері  болды. «Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» демекші ғасырға жуық жыл өтсе де батыр бабаларымыздың есімдері көмескіленбей, тарихтың ақтаңдақ беттерінде жыл сайын жаңғыруда.

Аудандық тарихи-өлкетану мұражайында 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгер жерлестеріміз жайлы деректер мен жәдігерлер жинақталған көрме бар. «Кімде-кім халқынан  алмаса тәлім, оны үйрете алмас ешбір мұғалім» деп Жүсіп Баласағұн бабамыз айтқандай тарихи толғаныстардың өткен күндерімен сырласып, бүгінгі күн сол сұрапыл жылдардың  жемісі мен жеңісінің нәтижесі екендігін ұрпақтың санасына сіңдіріп, патриоттық рухта тәрбиелеу жолында батыр  бабаларымыздың ерлігін үлгі етудеміз. Мұндай еркіндік бақытын адамзат тарихындағы ең жойқын күресте бесіктен белі шықпай еңбекке араласып, бұғанасы  бекімей қолына қару алып, қасық қаны қалғанша күрескен жауынгерлердің сыйлағанын бір сәт естен шығармағанымыз абзал.

Иә, Ұлы Отан соғысының  жеңіспен аяқталғанына да 75 жылға таяпты. Қанды қырғынды өз көзімен көріп, от кешкен кешегі солдаттар, бүгінгі ардагерлер саусақпен санарлықтай ғана. «Бірі  мініп келместің кемесіне, бірі күтіп, әнеки, жағада тұрғандай».  Елін сүйген ерлер есімі тарихта алтын әріппен жазулы.  Қаншама жылдар өтсе де соғыс жаңғырығы ұрпақтар санасынан ешқашан өшпейтіні анық әрі ақиқат.

А.Берденова,

аудандық  тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.