A place where you need to follow for what happening in world cup

Баланың бас ұстазы – ата-ана

360

Ұрпағына бар асыл қасиетті сіңіріп өсіруді армандамайтын адам жоқ. Ең алғашқы тәрбие баланың өмір сүріп отырған ортасы – отбасында басталады, әрі қарай балабақшада, мектепте, қоғамда қалыптасады. Бұл – өмір заңдылығы. Негізі баланың бас ұстазы – ата-ана деген тәмсіл бұрыннан бар. қазіргі ата-аналар өз міндетіне қаншалықты мән беріп жүр?

Бала тәрбиесінде қателіктерге бой бермес үшін осы мәселені зерттеп көрелік.Сөз жоқ, бұрынғының тәрбиесімен қазіргі заманды салыстыруға келмейді. Ата-ананың орнын әлеуметтік желі, яғни ғаламтор нық басқанын мойындауымыз керек. Осы орын алмасушылықтың кері әсері болса керек, балалардың мінез-құлығы өзгеріп, енжарлық пен немқұрайлық санасын басып барады. Жас ұрпақ біздің өміріміздің тікелей жалғастырушы ғана емес, еліміздің тірегі,мызғымас болашағы.

Адамзаттың өмірдегі ең қымбаттысы, көз қуанышы – бала. Бала – дербес тұлға. Оның бойындағы табиғи қасиеттер, адамгершілік құндылықтары отбасында, мектепте, әлеуметтік ортада нәрленеді. Баланың бас ұстазы – ата – анасы. Тәрбие үрдісінің бір тарауы отбасымен жұмыс десек , отбасынан басталатын тәрбие мектеп өмірінен жалғасын табады. Қазақтың отбасында өмірге келген әр бала ес біліп, етек жыйғанша, негізінен әке мен ананың тәрбиесінде болады. Бүгінгі мақсат-әрбір бала түбегейлі біліммен мәдениеттің негіздерін білу және олардың жан — жақты дамуына ата-ана, мектеп жағдай жасауы керек. Сондықтан сіздерге балаларыңыздың мектептен барлық мүмкіндіктерді пайдаланып білім алу мен тәрбие жұмыстарына қатыстырып өзін-өзі басқаратын азамат болуына ат салысу қажет.Бізде көптеген ата-аналар баланың кемшілігін мектептегі мұғалімдерден көреді. Отбасында мұғалімдер туралы жақсы пікір айтылса, алдымен ата-ананың мектеп, ұстаз туралы жақсы ниеті балаға жақсы әсер етеді. Ондай балалардың оқуға, білімге, мектепке құштарлығы артады.

Ұстазды, адамды сыйлауы өзгеше болады. Мектеп, ұстаз туралы басқаша пікірде көңілі толмаған ойлардың жетегінде баласының алдында ғайбаттау сөздер сөйленетін болса, ол баланың мектеп, мұғалімге көзқарасы өзгереді. Оқу-үлгеріміне әсер етеді. Немқұрайлы қарап, үлгерімі нашарлайды.

Ата-ана өз баласының ынтасын үйдегі тәрбие арқылы өзі жойып отырғанын білмейді.Бала тәрбиесі отбасынан басталады. Мектепке келгеннен кейін ол мінез отбасында қалыптасқан тәрбие одан әрі жалғасады. Бір тәуліктің яғни 24 сағаттың 6 сағаты мектепте, қалғаны тәрбие ордасы, үнемі ата-ана болып қала береді.Баланың сабаққа саналы қарап озат оқушы болып өсуі, ол мұғалім мен ата-ананың бірігіп өсірген жеміс ағашы, немесе ұшқыр ұшақ жасаумен тең десем артық емес.

Дұрыс өспеген жеміс ағашы, дұрыс жеміс бермесе қуануға бола ма? Бір бөлшегі бұрыс жасалған ұшақты ұшырғаннан не пайда? Ол өзінде, өзгені де мерт етпей ме?Сонымен әрбір ата-ана өз баласының тәрбиелі де, саналы, мәдениетті, жүрген ортасында сүйкімді болу үшін алдымен тәрбиені өзінен бастағаны жөн, яғни оғаш қылықтармен баласына үлгі-өнеге көрсетпеуге тырысқаны жөн. Жас кезінде баласына дұрыс тәрбие бере алмаған ата-ана кейін бармағын тістеп өкініп қалады. Қалай қисайтсаң солай өседі. Оның түзу жолмен жүріп білімді де саналы азамат болып өсуі біздің, әрбір ата-ананың қолында.

Міне, осы мәселе біздің Сарысу ауданында да жолға қойылып келеді. Осындай мақсатта кеше Сарысу ауданының білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Баланың бас ұстазы- ата-ана» атты  ата-аналар форумы өткізілді.

Ата-бабаларымыз өскелең ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, ұлттың болашағы ретінде бағалаған. «Ұрпақ тәрбиесі — ұлт болашағы» демекші бала тәрбиесі дамуындағы басты рөл атқарушы ол отбасы.

Сондықтан ата — ананың бала көңілін таба білуіне ой қозғау,  өзін-өзі тануына бағыт беру, тәрбие жайлы пікір бөлісу, ата-аналарға балаға рухани тәрбие берудегі отбасының рөлі ерекше.

Отбасы тәрбие институты және ата-ана бала тәрбиесіндегі алғашқы ұстазы. Осы екі ұғымды естен шығармағанымыз жөн. Расында қазіргі заман бала тәрбиесіне ерекше мән беруді қажет етіп отыр. Тәрбие сапалы болу үшін балаға мектептің, ата-ананың және қоғамның жан-жақты қамқорлығы қажет.

Форумға Сарысу ауданы әкімдігі, аудандық прокуратура, аудандық полиция бөлімі, сондай-ақ, ауылдық округ әкімдері, ардагерлер кенесінің төрагалары мен мүшелері, білім беру ұйымдарының басшылары, ұстаздар және ата-аналар қатысты.

Сонымен қатар, барлық ауылдық округтегі мектеп ұжымы онлайн форматта зум платформасы арқылы қатысты.

Шараның басты тақырыбы айтып тұрғандай бала өз ата-анасын үлгі тұтып, жетістікке жетудің жолын үлкендерден алу керек. Ал күн сайын балаңыздың немен айналысқаны туралы ашық әңгіме құру, жиі сөйлесу бала үшін маңызды. Әрбір жетістігін мадақтап, бірге қуану бала үшін отбасы ең бақытты мекен екенін сезіндірсе керек.

Шындық пен өтірікті, жақсы мен жаманды ажыратып балаға ұғындыру – ата-анаға қасиетті парыз. Ертеңгі күні өкініш өзегіңізді өртемесін десеңіз, бүгіннен бастап тәрбиеге аса мән беріңіз. Бұл сіздің тарапыңыздан ел болашағына қосқан үлесіңіз екенін ұмытпаңыз.

Жуаныш Жарықбасов,
Сарысу аудандық білім бөлімінің басшысы

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.