Соғыс басталған уақыттан бері Украинадан 2 миллион адам кеткен. Бұл турады Біріккен Ұлттар Ұйымының босқындар ісі бойынша жоғарғы комиссары Филиппо Гранди айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
«Бүгін Украинадан кеткен босқындар саны 2 миллион адамға жетті. Екі миллион», — деп жазды ол.
БҰҰ босқындар ісі бойынша агенттіктің мәліметіне сүйенсек, Польшаға 1,2 миллион, Венгрияға 191 мың, Словакияға 140 мың, Ресейге 99 мың, Молдоваға 82 мың адам кеткен.
Филиппо Гранде бұған дейін Украинадан кеткен босқындар санының артуын «Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейінгі Еуропадағы ең үлкен босқындар дағдарысы» деп бағалаған.
БҰҰ-ның адам құқығы бойынша басқармасы 24 ақпан мен 7 наурыз аралығында кем дегенде 406 бейбіт тұрғынның оққа ұшып, 801 адамның жарақат алғанын мәлімдеді.
8 наурызда Украинада кей аймақтарда атыс тоқтап, гуманитарлық дәліздер ашылған. Бейбіт тұрғындарды Сум қаласынан Полтаваға эвакуациялады. Ал Мариупольден адамдарды шығару Запорожья бағытында басталуы керек еді, алайда Украинаның Операция штабы дәлізді Ресей әскерилерінің атқылағанын айтқан. Алайда бұл ақпарат толығымен расталмаған.
Айта кетейік, Coca-Cola компаниясы Ресейде жұмысын тоқтатқан еді. Ақпарат компанияның ресми сайтында жарияланған.