A place where you need to follow for what happening in world cup

«Бүгін ұшпайсыздар, билет жоқ деп кейінге қалдыра берді»: Алматыда бір топ азамат қажылыққа барамыз деп алданып қалды

465

Алматыда үлкен қажылыққа барамыз деп ниеттеніп, туристік компанияға қыруар қаржы берген бір топ азамат алданып қалғандарын айтады. Сөздерінше, «Er-Ali-Co» компаниясының басшысы елден 60 миллион теңгеге жуық ақша алған. Сөйтіп, 30 маусым күні әуежайда жолығатын боп келісіпті. Ал уәделі күні межелі орынға келген жолаушылар тосынсыйға тап болған. Яғни, тура ұшаққа мінерде бірде-бірінің билеті жоқтығы анықталыпты. Содан бері олар қаржысын қайтара алмай, кәсіпкердің кеңсесін күзетіп жүр. Бұл туралы Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме беріп Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Биыл Дәулеткелді мұсылмандық парызын өтеуге ниеттеніп, үлкен қажылыққа бару үшін туристік компания іздей бастаған. Сөйтіп, ертеректе кіші қажылыққа бірге барған «Er-Ali-Co» серіктестігінің басшысын жолықтырыпты. Айтуынша, танысы кісі саны толығып, қажетті қаражат жиналғанда жолға шығамыз деп уәде еткен. Ол үшін барлық құжаты дұрыс компаниямен де келісіп қойған. Аз күнде ниет білдірген жиырмадан астам қажы 2 миллион 200 мыңнан шығарып, төлқұжаттарын өткізген. Ал 30 маусым күні ұшатын боп уағдаласыпты.

“Бірі күні айтады «бүгін рейс жоқ, екісі күні ұшамыз» дейді. Сосын екісі күні сағат онда жиналыңдар дейді. Екісі онда жиналамыз. Барлық қажылар ұшып жатыр, тек қана осы біз мұндағы 20 адам ұшпай қаламыз да, сол уақытта бізге келеді де айтады әуежайда міне, бүгін ұшпайсыздар билет жоқ”, – дейді Жетісу облысының тұрғыны Дәулеткелді Жеңісұлы.

Уәде беріп, ақша жинап, жеме-жемге келгенде билет жоқ деп жалтарған кісі Ерлан Әбдіқасымов дейді наразы топ. Ол «Er-Ali-Co» серіктестігінің басшысы екен. Көпшіліктің сөзінше, кәсіпкер шілденің бесі кеңседе күтемін деп сөз берген. Ал жиында әр қажыға тиісті қаржысы қайтарылатынын айтыпты. Тіпті он күннен соң кіші қажылыққа тегін апармақ болғанын айтады жиналғандар.

Бірақ сөз бен іс үйлеспеді дейді жиналған жұрт. Сөздерінше, сенгендері сандалтып, сары уайымға салған. Соңғы рет сөйлескендерінде 25 шілде жолығайық, ақша үлестіріледі деп құтылды дейді. Алайда уағдалы күні кеңседе жан баласы жоқ боп шыққанын айтады.

“Ол кісі жаңағы ақша іздеп жатырмын, ақша беремін, әне беремін, бүгін беремін, ертең беремін, күте тұрыңыздар деп сол ғана, жай сөз ғана, ешқандай әрекет жоқ. Ал бүгін елдің түкпір-түкпірінен жиналған жұрт кеңсеге келіп, тосынсыйға тап болып отыр. Өйткені мұнда бұрнағы күннің жұрнағы да жоқ. Кеңсе иесі түгілі, компания атауы жазылған маңдайша да алынған. Есік құлыпталған”, – дейді Жетісу облысының тұрғыны Марат Уалиев.

Десе де, серіктестік басшысы телефонын көтеріп, сол кеңседе қайта жолығуға шақырды.

“Екі мың доллардан қайтарған. Енді қазір қалған қаржылардың бәрін қайтарады. Бөліп-бөліп тастайды. Жиырмасына, одан кейін айдың аяғына дейін толық жабады бәрін. Толық қайтарылады”, – дейді «Er-Ali-Co» ЖШС басшысы Ерлан Әбдіқасымов.

Компания басшысы алданып қалдық деген елдің ақшасы айналасы он күнде өтеледі деді. Ал серіктестік өкілінің сөзіне нанбайтынын айтқан наразы топ жоспардың орындалмай қалғанын ашынады.

 

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.